Елдік

Патриоттық жыр

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Қылышынан қан тамған замандардан,

Кемелденіп тарихта тарамдалған.

Жәнібек пен Керейдің баспалдағы,

Қайсар ұлтқа оймақтай қадам болған.

Қатпар-қатпар қойнына жасырған мән,

Жүзін әжім жаулаған ғасырлардан.

Аман алып, аманат ету үшін,

Замананың жолында басым қалған.

Қаһарлы шақ азуын сан батырған,

Сәттерімде сескенбей таңды атырған.

Ырысымның уыста кетпеуі үшін,

Қылышымның ұшына қан қатырған.

Жалын кешіп, от жұтқан арлан бабам,

Еңселі елдің елдігін армандаған.

Құлагердің тас езген дүбірінің

Куәгері меңіреу марғау далам.

Қарашасын жауына қорлатпаған,

Қарт тарихтан мызғымас төрді ап қалған.

Ғасырлардың айрандай тыныштығын,

Асылдардың қанымен қорғап қалған.

Тозбасын деп тоз-тоз боп атырабым,

Тағдырдың тартқан зар мен запыранын.

Қаратаудың басынан көшті ұзатып,

Қыршынынан қиылған жапырағы.

"Елім-айлап" егіліп, азып кеткен,

Өр қайратын намысқа қазықта еткен.

Қасиетті даламның әр тасына,

Қасіретін бабамның жазып кеткен.