Weekend
Толғау
Тілім сенсің - тірлігімнің қуаты,
Сен бар жерде бұл ғаламмен кеңестім.
Жырым сенсің жүрегімнен туатын,
Сен жоқ жерде мен ешкім де емеспін.
Талай халық болып кеткен шерменде,
Өз тілінің жоғалтып ап түр-өңін.
Сен - жүрексің соғып тұрған кеудемде,
Мен жүрексіз қалай өмір сүремін?!
Туған тілім қасиетіңнен айналам,
Тереңіне тылсым сырды жасырған.
Мына сенің бақытыңды жоймаған,
Асылдардың көзін жойған ғасырлар.
Тарихының төрінен жай бере алмай,
Қатал ғасыр қашырған сан құтыңды.
Қаншама тіл еркіндігін көре алмай,
Дәуірлердің дауылына жұтылды.
Қайда жүрсем сен тұрасың тек есте,
Сен арқылы тіршілікпен тілдесем.
Хайуан болып күн кешкенім емес пе?!
Ана тілім егер сені білмесем.
Дара тілім мызғымайтын тұғырың,
Ақсауытты арман болған бабама.
Төрт тармақты өзің жайлы бұл жырым,
Сол бабамның арманынан садаға.
Қақ жаратын қара тасты, еменді,
Қылдан нәзік, ал қылыштан өткір ең.
Өз тілімді шексіз сүю дегенді,
Өз анамды солай сүю деп білем.
Өзің барда құлатпаспын еңсемді,
Тек сен ғана тағдырымның бөлшегі.
Өмірімнен үзілгенше дем соңғы,
Жүрегіммен сүйіп өтем мен сені!