Спорт
Жазғы Олимпиада ойындарына ұлттық құрамадан қанша спортшы қатысатыны белгілі болуда
«Ұлттық құраманы 2020 жылы Токиода өтетін Олимпиада ойындарына дайындау бойынша кешенді жоспар жасалды. Басты мақсат – төртжылдықтың басты додасы үшін Олимпиада жолдамаларына қол жеткізу», - деді ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасы Серік Сәпиев.
Оның айтуынша, осы жылдың соңына дейін ұлттық құрама 28 лицензиялық Әлем чемпионаты, 19 Азия біріншілігі мен 12 әлемдік іріктеу турниріне қатысады. 2020 жылы 3 Әлем чемпионаты, 19 Азия және 18 Әлемдік турнирлерінде өнер көрсетеді. Жоспарланған жарыстардың қорытындысы бойынша, 2016 жылғы Олимпиада ойындарынан кем болмайтын лицензия алу жоспарланып (32 спорт түрінен 105 лицензия) отыр.
«Бүгін де Ұлттық құрама еншісінде 14 спорт түрінен 25 лицензия бар», - деді Серік Сәпиев.
Еске сала кетсек, бұған дейін Токиода өтетін Жазғы Олимпиада ойындарына қатысатын ұлттық құрама спортшыларының киім үлгісіне ашық конкурс жарияланған болатын.