Саясат
Мәселе ушықты
ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Ресей президенті Владимир Путин мен Украина президенті Владимир Зеленскийді Қазақстанда кездестіру бастамасына қатысты пікір білдірді.
- Кездесудің ұйымдастырылатыны туралы нақты перспективалар туралы айтуға әлі ерте. Бұл жерде мәселе күрделі дипломатиялық қарым-қатынасқа байланысты. Бізге бауырлас екі елдің, мемлекеттің қақтығысының кейінгі жылдары агрессивті риторикамен ушыққаны соншалық – бір сәтте оны шеше салу мүмкін емес. Алайда бәрі де жағдайды өзгерту керектігін ұғынып отыр. Келіссөз жүргізудің Нормандтық немесе өзге де форматтарын кемшін демеймін. Біздің Елбасы жағдайдың бейбіт шешілуіне қатысты өз көзқарасын білдірді, - деді Дәурен Абаев «Ашық диалог» бағдарламасында.
Министр өз сөзінде қазақта «елдестірмек елшіден, жауластырмақ жаушыдан» деген сөзін еске салды.
- Бұл сөздің мәнін көпшілік түсінер деген ойдамын. Күні кеше халықаралық деңгейдегі абыройлы басылымдардың бірқатары Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзін белсенді түрде жариялады. Путин мен Зеленскийді келіссөздер үстелінде кездестіру бастамасы кеше ғана ешкімнің ойына келмегенімен, бүгінгі күні сарапшылар мұндай қадамның оң және теріс жақтарын таразылай бастады. Ал мұның өзі өте жақсы белгі, - деді ол.
Еске сала кетсек, 12 қарашада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ресей мен Украина арасындағы қақтығысқа қатысты пікір білдірген болатын.