Экономика
200 адам жұмыссыз қалмақ
Қазақстанда былғары өңдеумен айналысатын Семейдегі зауыт банкрот болды, деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Енді 130 жылдың тарихы бар зауыттың 200 қызметкері жұмыссыз қалып, бар мүлкі тәркіленеді. Ал зауыт басшылығы болса, кәсіпорынның жабылуына шенеуніктер кінәлі деп отыр.
Нақтырақ айтсақ, зауыттың ғимараты мен мүлкіне, жабдықтарына көз қыры түскен жекелеген шенеуніктер оны сот арқылы тартып алмақ болған.
Зауыт әкімшілігінің айтуынша, мұндай кәсіпорындарға мемлекет қашанда көмектесуге әзір. Комбинаттың өзі де мемқолдаумен 2008 жылдан бастап жөндеу, қайта жарақтану жұмыстарын бастаған. Алайда жекелеген шенеуніктердің кесірінен қаржыландыру тоқтап қалған.
Ең сұмдығы сот банкрот деп жариялаған кәсіпорынның жабдықтары мен жатақханасы ғана емес, Ертіс өзені бойындағы қалдық суды тазалайтын кешен де тәркіленіп кетпек. Оның үстіне, кәсіпорындағы қымбат жабдықтар бірнеше күн тоқтап қалса, істен шықпақ. Соның кесірінен бүкіл аудандағы қалдық су Ертіске кетпек.
- Сотта Қаржы инспекциясы қарыздарды қайтарып алатынын айтты. Бірақ сот бұған қарамастан бізді банкрот деп таныды. Қазір біздің қарамағымызда Семейдің оң жағалауын тазартатын құрылғы бар. Ол бір күн тоқтап қалса табиғи апат болады, - деді комбинат директоры Жұмағазы Рахымғалиев.
Комбинат директорының айтуынша, инвесторлар бар, қарызды жабуға кәсіпорынның қауқары жетеді. Сондықтан Жоғары сотқа арыздануды жөн көріп отыр.