Саясат
Астар бар
Қазақстанның экс-президенті «Астана клубы» отырысында Украина президенті Владимир Зеленский мен РФ президенті Владимир Путинді татуластыру үшін Қазақстан астанасында кездесу ұйымдастыруға дайын екендігін жеткізген еді.
Аталмыш ұсынысқа пікір білдірген Владимир Путин экс-әріптесі Нұрсұлтан Назарбаевтың көзқарасын қолдайтынын жеткізді. Яғни, Назарбаевтың ұсынысының астарында «Украина елі оңтүстік-шығысындағы дағдарысты мұхиттың арғы жағымен емес, көрші елдермен келісу арқылы реттеуі жөн» деген ишара жатыр дегенді айтады. Мұны ТАСС хабарлады.
- Ол [Назарбаев] Украина бақытын алыстан емес, жақыннан іздесін дегенді негізге алып отыр. Алыстан арбалағанша, жақыннан дорбала. Көршіңмен келісу – ең дұрыс жол, - деп пікір білдірді Путин.
Одан әрі Путин бұған дейін баспасөз хатшысы Дмитрий Песков мәлімдеген пікірін таратып айтып, Киевтің неліктен Минск келісімін орындаудан бас тартып отырғанына таңданыс білдірді.
- Петров пен Золотое аудандарындағы украин әскерінің кері шегінуі - құптарлық іс. Бұл біз үшін де, мойындалмаған қос республика (Донбасс пен Луганск – ред.) үшін де жақсы қадам. Алайда Украина сыртқы істер министрінің Минск келісімшартынан бас тартуы мүмкін деген екіұдайлы пікірін біз еш түсіне алмай отырмыз, - деп мәлімдеді Путин.
Айта кеткеніміз жөн, бұған дейін Украина сыртқы істер министрі Вадим Пристайко Назарбаевтың ұсынысына тікелей жауап бермесе де, Зеленскийдің жақын арада Путинмен кездесуі жоспарлап отырмағанын мәлім еткен еді.
Негізінде, Украинаның Минск келісімін орындап бітуге сәл-ақ қалды. Яғни, 29 қазан күні Луганск облысындағы әскерін алып кеткен еді. Енді Донецк облысындағы әскері қалған. Алайда Луганск облысындағы украин әскері кері шегінген кезде, елде наразылық басталып, Донецктегі әскерін әлі шегіндірмей отыр. Ал Украина сыртқы істер министрі Вадим Пристайконың айтуынша, Украина Штайнмайер формуласына сәйкес, Донбаспен шекаралас жатқан аудандардың барлығынан әскерін әкетіп, Украина шартты толық орындады. Сондықтан Ресеймен кездесу өткізуге дайын.
- Егер норман форматындағы саммит нәтиже бермейтін болса, Украина Минск келісімінен бас тартады, - деп мәлімдеген еді Пристайко BBC-ге берген сұхбатында.