Weekend
Софы Сматаевтың ойларынан үзінді
"Мен кіммін?" деген сұрақты өзіңізге қойып көрдіңіз бе?
Ойланта ма бұл сұрақ? Әрине, ойлантады. Әке-шешеңіз бірімен-бірі кездеспесе, үйленбесе, сіздің бұл дүниеге келуіңіз мүлде мүмкін емес. Ал сіздің жарық жалғанға шыр етіп енуіңізге, ғалымдардың пікіріне сүйенсек, 300 мың миллиард мүмкіншіліктен бір ғана мүмкіншілігіңіз болады екен. Әйтпесе, сіздің орныңызға әлгі 300 мың миллиард адамның бірі жалп етіп қонжия салуы ғажап болмаса керек. Оның үстіне әлем тарихында дәл сіздің жан иесі ешуақытта өмір сүрген емес. Әрі дәл сіздей болып ешқашанда енді тумайды да. Менікі емес, ғалымдардың тұжырымы осындай.
Ал сонымен "Мен кіммін?" деген сұрақты өз кеудеңізге қададыңыз делік. Жауабын қалай берер едіңіз? Өзгелердің сіз туралы айтқан пікірлеріне сүйенесіз бе? Әлде өзіңіздің ішкі түйсігіңізге жүгінесіз бе?
Ойланта ма? Әрине, ойлантады.
Ал енді көптеген тұжырымды таратып көрейін.
Сіз туралы айтатын әр адамның пікірі әртүрлі болмақ. Дұрыс мақтауы да,бұрыс даттауы да кездеспек. Артық кетулері де, кем түсулері де ықтимал. Солардың пікір-суретіне қарап, өзіңізді өзіңіз танымай қалуыңыз әбден мүмкін. Себебі әркімнің әрқилы суреттеуі-қисық айнаның бет-бейнені бұзып көрсететін алдамшы әрекетіндей қылық.
Ойланта ма? Әрине ойлантады.
Ал енді өзгелердің осындай пікір-мінездемесін өз бойыңызға қабылдап алдыңыз дейік. Сонда не болмақ? Дұрысыңыз бұрысқа ауысып, әсерліңіз кесірлікке жол беріп, мүлде адастырып, өзіңіздегі "өзіңді" аулақтатып жіберуі ғажап емес. Күн сайын ақылды адамның құлағына "ақымақсың!" дегенді, ақымаққа "данышпансың!" дегенді құя берсе, түптің түбінде әлгі ақылдың өзінің ақымақ екеніне, ақымағың данышпан екеніне "көздері жетуі" мүмкін.
Ендеше қисық айнаның қыңыр кеңесіне сенуден тыйылыңыз.
Адамды адам жасайтын-сол адамның өзі ғана! Әркім өзін кім болам деп таныса, соған өзін сүйреп жеткізеді. Тек сеніміңнен айнымай ұмтыла, ынтыға білу керек.
Ойланта ма? Әрине ойлантады!..