Саясат
Ердоғанның режімі
«Түркиядағы босқындарды Сирияның солтүстік-шығысына әкеп қоныстандыру этникалық қақтығысқа алып келуі мүмкін» деп мәлімдеді Сирия президенті Башар Асад. Мұны РИА Новости хабарлады.
Дамаск билігі түрік әскерлері бақылауға алған Сирияның аймағына Түркияға босып кеткен сириялық босқындарды әкеп қоныстандыруға қарсы. Өйткені Түркияға кеткен босқындардың өзі – лаңкестер мен олардың жанұясы.
- Түркия бұл аймаққа 3 млн сириялық босқынды көшіріп әкеп қоныстандырғысы келеді. Бұған ешкім де сенбейді. Бұл – гуманитарлық көмек көрсету арқылы иллюзия жасаудың амалы ғана. Оларды қоныстандырды дегеннің өзі ақылға қонбайды. Өйткені ол аймақта тұрып жатқан, бұрыннан қоныстанған жергілікті халық пен көшіп келгендердің арасында жанжал пайда болары анық. Жердің иелері ол жерді бергісі келмейтіні белгілі. Жердің иелері мен жерді алғысы келгендердің арасы дауға айналады. Бұл дегеніміз – даудың соңы этникалық қақтығысқа алып келеді деген сөз, - дейді Асад.
Президенттің айтуынша, түріктердің басты мақсаты – Сирия жеріндегі лаңкестерді жойып, оның орнына «түрік режимінің (президент Ердоғанның) ұстанымына сәйкес жаңа радикалданған қоғам құру». Сириядағы қалған лаңкестер мен түріктер әкеп қоныстандырған лаңкестер – екеуі бірдей.
- Әрі екеуінің да қаупі зор. Бұл Сирияны тұрақсыздандыруға бағытталған, сондықтан біз мұны үзілді-кесілді қабылдамаймыз, - деді ол.
Айта кеткен жөн, 9 қазан күні түрік әскері Сирияның оңтүстік-шығысына басып кіріп, әскери операцияға кіріскен еді. Ердоған мәлімдегендей, түрік әскерлерінің мақсаты - Сирияның Түркиямен шекараласып жатқан өңіріндегі лаңкестердің көзін жойып, бұл маңда қауіпсіздік аймағын құру.