Weekend
Тілі мәңгі жасаған халық өзі де өлмейді
Қазіргі таңдағы тіліміздің деңгейі құрдымға кетіп бара жатқанын көріп жүрміз... Ұлтымыздың ұлылығын танытып, еліміздің мәңгілік болуы үшін ана тілімізді құлдыратпай, оны ұлықтау баршамызға міндет.
Әр қоғамның халық болып қалыптаспас бұрын шежіресі мен тарихы болатыны анық. Ал халық болып құрылғаннан кейін әр ұлт өз алдына мәдениетін қалыптастыратыны тағы бар. Мұнымен ғана шектеліп қалмайды, әрине, әр ұлттың өз құқықтары, заңдары, әдет-ғұрып, салт-санасы менен өзіндік наным-сенімдері болатыны анық. Ал осынау асқақ мұралардың нағыз жинақталған тұсы, яғни, баға жетпес ұлттық құндылықтарды біріктіруші күш - ана тілі десем қателеспеген болар едім. Иә, ана тілі - бұл әр адамның жарық дүниеге келгелі бар болмысты бойына сіңіріп, жақсы мен жаманды, жалпы қоғамды, мына өмірді тануға негіз болған бірден-бір құрал емес пе?! Олай болса, бұл ана тілі біздің баға жетпес, ең құнды байлықтарымыздың бірі.
Ал біздің байлығымыз, яғни, ұлтымыздың жүрегі - қазақ тілі. Қазақ тілі өзіндік көркемділігіменен өзге тілдерден айрықша. Иә... Әсіресе, тілдің құндылығын бар жан-дүниелерімен ұғынып, артынан ерушілерге жиі аманаттаған ұлы тұлғалардың, ұлт зиялыларының көркем шығармаларынан ана тіліміздің ерекшелігін анық байқауға болады.
...Біз ана тіліміз арқылы тарихымызды, дінімізді, мәдениетімізді оқып, біліп, ұлттық, рухани ой-санамызды кеңейтіп, жасампаз елдердің біріне айнала аламыз. Егер дамыған елдің қатарына кіруді қаласақ, шет тілін білдім деп мақтанбай, ана тілімізді ұлықтап, жүрегіміздегі патриоттық сезімді жібітуіміз керек. Әрине, өзге тілді білудің еш оғаштығы жоқ. "Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте" дейді ғой. Әлемнің тілін, өзге тілді білдім деп өз тілінен қорсыну шын мәнінде жиіркенішті дүние. Біз ана тіліміз арқылы асыл қасиеттерді бойымызға сіңіріп, өмірдің қыр-сырын танып білудеміз. Олай болса, біз неге өзіміздің құндылығымызды аяққа таптауымыз керек? Біз еліміздің дамып, ұлтымыздың құрдымға кетпеуі үшін ана тілімізді дамытып, оның жоғалмауына аса ұқыптылықпен қарауымыз керек. Қырғыз жазушысы Ш.Айтматов "Тілі мәңгі жасаған халық өзі де өлмейді" дейді. Егер Қазақстанның "Мәңгілік ел" болуын қаласақ, ана тіліміздің мәңгілік болуына бар үлесімізді қосуымыз керек.
Ж.Ғарифоллақызы