Weekend
Таңбатанушымен кездесу
Бүгінде «Құрық орта мектеп-гимназиясында» оқушылардың тыңнан сүрлеу салып, жақсы білім мен ғылыми жұмысқа ден қоюына барлық жағдай жасалуда. Оқу орны мүмкіндік болса, айына бір мәрте өлкемізге белгілі танымал тұлғаларды мектепте қонақ қылып, олардың ғибратты өмірін, мазмұнды еңбектерін оқушыларға үлгі ету жолында кездесу ұйымдастырып тұрады.
Сондай келелі кездесулердің бірі - Маңғыстау облысының құрметті азаматы, өлкетанушы, Серікболтанушы, көне араб тілінің аудармашысы, таңбатанушы Ақмырзаев Мұрат Мұрзағалиұлы мен республикалық, облыстық ғылыми жоба, олимпиадалардың жеңімпаз оқушыларының жетекшісі, биология пәнінің мұғалімі Ақмырзаева Мүгілсінмен кездесу өткен болатын. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы "Тарихқа тағзым бір мысқал кеміген жоқ. Бабаларымыз тәрізді тарихтан ұрпақ сабақтастығын көрудеміз, оны өркениеттік, ұлттық, рухани кемелдіктің кепілі ретінде құрметтейміз" деген болатын.
Жиынды, оқушыларға арналған тәлім сағатын мектеп директоры Гүлмира Сәбитқызы ашып, шәкірт тәрбиелеуде, өлке тарихын зерттеп, зерделеумен айналысып жүрген ұстаздар отбасына алғысын білдірді.
Өмірлерін білім-ғылыммен, жанұялық бақытпен өрнектеген Мұрат Мұрзағалиұлы мен Мүгілсін Нұрқасынқызы жиылған мұғалімдер мен оқушылар алдында ағынан жарылып, әсерлі әңгіме өрбітіп, оқушылардың ғылыми жобаға деген қызығушықтарын арттырды. Сондай-ақ, жиында тарих пәнінің мұғалімдері Ғалия Алиева мен Архарбай Көбегеновтер сөз сөйлеп, игі тілектерін білдірді. Аталған кеште мектебіміздің өнерлі оқушысы Қорабаева Ақнұр күмбір домбырамен ән шырқап, шара шырайын кіргізді.
Эльмира Рахметова
Құрық орта мектеп-гимназиясы
Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі