Экономика

Досаев Ұлттық Банкті астанаға көшіру жайлы түсініктеме берді

Алматы - қаржы орталығы

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Ерболат Досаев Ұлттық банктің астанаға көшуіне қатысты пікір білдірді.

- Біздің стратегиялық мақсатымыз – бәсекеге қабілетті және күшті қаржылық сектор құру, қаржылық ұйымдардың жұмысының тиімділігін арттыру. Осы мақсаттарды жүзеге асыру мақсатында 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап ҚР Ұлттық банкі қаржылық нарықты реттеу бойынша мандатын тәуелсіз орган – Қаржылық нарықты дамыту және реттеу агенттігіне береді. Бұл агенттікті құру бойынша Мемлекет басшысының екі Жарлығы жарияланып, қол қойылды. Жақында тіркеу аяқталып, жарияланатын болады. Бұл агенттік Мемлекет басшысына есеп беруге міндетті болады. Агенттік, Үкімет, Ұлттық банк қаржылық тұрақтылық кеңесі арқылы байланыста болады, - деді Ұлттық банктің төрағасы Ерболат Досаев.

Оның айтуынша, аталған Агенттік Алматыда қалады. Сәйкесінше бұл Алматының қаржылық орталық ретіндегі мәртебесін нығайтуға септеспек.

- Алматыда банкаралық шоттар орталығы, депозиттерді кепілдендіру қоры, Қазақстан қор биржасы, Құнды қағаздардың орталық депозитарийі, мемлекеттік несие бюросы, барлық қаржылық ұйымдардың бас офисі орналасатын болады. Халықаралық валюта қоры да жақында Алматыда Орталық Азияның 9 мемлекеті мен Кавказ, Моңғолия елдері үшін техникалық орталық құру туралы шешім қабылдаған болатын. Бұл орталық 2020 жылы ашылады. Жақында Минск қаласында болдым. Онда 2025 жылы Евразия экономикалық қауымдастығы елдерінің қаржылық нарықтарын реттеу бойынша ұлттық құрылым үсті орган Алматыда ашылатынына тағы көз жеткізіп қайттық. Одан бөлек Ұлттық банк Нұр-Сұлтан қаласына көшкен күннің өзінде Алматыда өкілдігі қалады. Әлбетте бұл өзгерістің барлығы Алматының қаржылық орталық ретіндегі мәртебесінің беки түсетінін білдіреді, - деді бас банкир.

ҚазАқпарат