Экономика
Атын жасырған шенеуніктер
Қазақстан шенеуніктері мен мемлекеттік қызметкерлерінің, кәсіпкерлердің шетелге ақша жіберуі мен офшорға жасыруы – Қазақстанның шешілмей келе жатқан үлкен бір мәселесі. Офшорға ақша жасырумен қанша күрессе де, жеңе алар емес. Ұлттық банктің жыл сайынғы деректеріне қарап, шетелге, офшорға инвестиция түрінде аударылатын ақшаның еш азаймағанын, цифрлардың сол беті қалғанын аңғаруға болады.
Мәселен, Ұлттық банктің 2019 жылдың екінші кварталында жариялаған есебінде бір ғана Нидерланды (мұнда да офшорлы шоттар бар) мемлекетінің өзіне 1 млрд доллар аударылған. Айтпақшы, Алматы әуежайының қазіргі иесі Тимур Құлыбаевтың да компаниясы Нидерландыда тіркелген.
Офшор шот дегеніміз не?
Жалпы, офшорлы шоттың заңды және заңсыз да жағы бар. Әрине, шетелдік компаниялармен жұмыс жасап жатқан жергілікті компаниялардың салығы аз офшорлы елдерден еншілес компания ашқаны заңды. Өйткені еуропалық стандартпен жұмыс жасайтын мұндай ұйымдар ақшаның заңды сақталуына мүмкіндік береді. Әрі шетелде тіркелген компанияны автократты Қазақстандағы сияқты ешкім тартып алмайды. Ал заңсыз жағы – офшор шот көлеңкелі бизнес пен ақша ұрлаудың, жымқырудың амалына айналғаны.
«Офшор» сөзі ағылшынның «жағалаудан тыс», «жағадан аулақ» мағынасын беретін «off shore» тіркесінен шыққан. Офшорлы аймақ дегеніміз – шетелдік бизнестің жеңілдікпен тіркелуіне мүмкіндік беретін мемлекет немесе мемлекеттің бөлігі. Мәселен, офшорлы шотқа тіркелген Қазақстанның компаниясы біздің елге салық төлемейді, басқа да алымдардан құтылып кетеді. Әсіресе, қазақстандық мемлекеттік қызметкерлердің офшорлы шотқа тіркелуінің басты себебі – компанияның иесін жасыру мақсаты.
Жалпы, компанияны офшорлы шотқа тіркеудің негізгі себептері қандай?
- аз салық төлеу, қағазбастылықтан арылу (офшорлы аймақта салық аз, құжат рәсімдеу жеңіл);
- кәсіпорынды, бизнесті сақтау (офшорда тіркелген кәсіпорынды ешкім де тартып ала алмайды);
- кәсіпорынның, бизнестің иесін жасыру (заң бойынша, мемлекеттік қызметкерлердің басында кәсіп болмауы тиіс, ал кәсіпорны бар шенеуніктер декларациядан қашып, офшорға компаниясын тіркеп қояды).
2000-2010 жылдары офшор аймаққа бизнес тіркеу бүкіл әлемде қаптап кетті. Ал қазір әлем мемлекеттері офшормен күресіп, оны жабуға тырысып жатыр. Өйткені мемлекетке түсетін салықтың басқа елдерге сұраусыз кетіп жатқан жайы бар. Офшор мемлекеттердің өзі де ақша жымқырумен күресе бастады. Мәселен, кей мемлекеттер қаржылық қызмет жасауға тыйым салынған мемлекеттердің қара тізімін жариялауға көшті. Мәселен, Кипр елі ТМД мемлекетінен шыққан «қуыс-компаниялармен» жұмыс жасаудан бас тартып отыр.
Қазақстан да офшор мемлекеттермен жұмыс жасауды реттеуге тырысуда. ҚР қаржы министрлігі жұмыс жасауға болатын 62 офшор аймақты белгілеп, солармен заңды қатынас орнатуға тырысуда. Мұнда жеке кәсіпкерлермен бірге мемлекеттік компаниялар да тіркелген. Олардың көбісі – ЕуроОдақ мемлекеттерімен жақын қарым-қатынаста болуы үшін еншілес компаниясын ашқандар.
Сонымен, Қазақстаннан қанша ақша кетті?
ИАЦ МГУ-дің хабарлауынша, Қазақстаннан шетелге, офшор шоттарға шығарылған ақшаның сомасын білудің ең сенімді тәсілі – Ұлттық банктің есептерін қарау. Мәселен, Ұлттық банктің 2019 жылдың екінші ширегінде жариялаған «Қазақстаннан шығарылған инвестиция» статистикасында жарты жылдың өзінде Қазақстаннан 2,4 млрд доллар ақша шығарылғанын көруге болады. Ал келген инвестициясының сомасы – 1,2 млрд доллар. Яғни, Қазақстанға енген ақшадан гөрі елден шығарылған ақшаның көлемі екі есе көп болып отыр.
Қазақстаннан кеткен ақшалар:
- Нидерланды – 1,06 млрд доллар
- Кипр – 425,5 млн доллар
- Кайман аралдары – 70,5 млн доллар
- Біріккен Араб әмірлігі – 41,3 млн доллар
- Маврикий – 15,9 млн доллар
- Маршалл аралдары (АҚШ) – 1,5 млн доллар
- Панама – 0,6 млн доллар
- Виргин аралдары (Ұлыбритания) – 0,5 млн доллар
- Гонконг – 0,2 млн доллар
- Мэн аралдары – 02, млн доллар
Алдыңғы жылғы статистика да осыған жақын. 2017 жылы Қазақстаннан шетелге 1,4 млрд доллар кетсе, оның 900 млн доллары офшорға кеткен.
Офшормен ұсталған шенеуніктер
Офшорлы шоттардың көбі құпия, жасырын болғандықтан, онда тіркелген компанияның иесі кім екенін анықтау мүмкін емес. Алайда кейбір журналисттік зерттеуге барған мамандар офшорлы шоттың құпиясына шырақ алып түсіп, тексеріс жасап анықтайтын кездері болады. Мәселен, сондай оқиғалардың бірі 2017 жылы болды. Немістің Süddeutsche Zeitung газеті офшорлы шоттардың барлығы ақтарып, әлемнің офшорда жатқан 785 мың компаниясын анықтап, үлкен шу шығарған еді. «Paradise Papers» («Жәннат құжаттары») атышулы атауымен тарихта қалған бұл құжаттардың арасында қазақстандық шенеуніктер де бар-тұғын.
Қазір «Қазақстан темір жолы» компаниясының басшысы болып отырған Сауат Мыңбаевтың, Индустрия және инфрақұрылымдарды дамыту министрі Бейбіт Атамқұловтың, кәсіпкер Нұрәлі Алиев (Назарбаевтың үлкен немересі) пен Мұхтар Әбілязовтың есімдері «жарқ ете» қалған болатын.
Аталмыш зерттеудің деректеріне көз жүгіртсек, бұған дейін Қазақстанның энергетика министрі болған, мұнай мен газ саласында қызмет еткен, ол кезде (2017 жылы) ҚазМұнайГаздың басқарма төрағасы болып отырған Сауат Мыңбаевтың офшор шоттар жарияланып кеткен кезде Бермуд аралдарында тіркелген Meridian Capital Ltd компаниясының акционері екендігі белгілі болды. Ал компанияның бір бөлігі қазақстандық магнат Асқар Алшынбаевтың иелігінде болып шықты. Компанияның 2006 жылғы есебіне қарағанда, 3 млрд доллар байлығы болған. Ал 2012 жылы Meridian компаниясы 1,1 млдр долларға Санкт-Петербург қаласындағы ірі сауда орталығын сатқан. Forbes журналының хабарлауынша, бұл – ресей нарығында сатылған ең қымбат сауда үйі екен.
Құпия құжаттар жарияланып кеткен кезде, ҚазМұнайГаз Мыңбаев офшордағы компанияның иесі емес, жай ғана акционері екенін айтып ақталса, Сауат Мыңбаевтың өзі офшорда тіркелген компанияның қазір қолында акциясы жоқ екенін айтып, сатып жібергендей сыңай танытып ақталған-тұғын.
Ал Бейбіт Атамқұлов болса, офшорда шоты бар екенін БАҚ-тан біліп таңқалғанын-ды. Ал БАҚ-тың деректеріне сүйенсек, Бейбіт Атамқұловтың інісі Ерлан Атамқұловпен бірге 1998 жылы Centraz Finance Ltd атты компания ашып, оны Мальтада тіркеген. Ал компанияның өзі, баяндамаға қарағанда, жүзім өңдеп, шарап сатумен айналысады.
Офшор дауына қалған тағы бір тұлға – Нұрәлі Алиев. Құжаттарда Алиевтің 2015 жылы ашылған Alba International Holdings Ltd атты компанияның иесі екендігі жазылған. Компания Виргин аралдарында тіркелген. Ал 2008 жылы яхта сатумен айналысатын Виргин аралдарына тіркелген, Baltimore Alliance Inc компаниясының акциясына ие болғаны айтылады. Бірақ 2014 жылы акциясы жойылған. Журналисттердің жазуынша, Алиев бұл компанияны Кипрдегі банк есепшотын ашу үшін пайдаланған.
Назарбаев әулетінен офшорда аты аталғандардың бірі – Дариға Назарбаева. Оның компаниясы Панама тіркелген боп шықты. Панамалық заң компаниясы құжаттарында «Dariga N. Nazarbayeva» есімі британдық Виргин аралдарындағы оффшор компанияның тең қожайыны ретінде аталған.
Осы орайда айта кеткен жөн, Paradise Papers құжаттарында АҚШ мемлекеттік хатшысы Рекс Тиллерсонның да аты шыққан болатын. Алайда мемлекет басшысы Дональд Трамп офшорда аты шыққаны үшін оны мемлекеттік қызметтен қуған еді.