Редактор бағаны

Мәдени қорларда мән бар ма?

Асқар Егеубаевтың "Кісілік кітабынан" үзінді

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Мәдениет, рухани дүниедегі кедейшілік зардабы туралы әңгіме көп айтылады. Көбінесе, көлеңкелі тұстары сөз болатыны да шындық. Театр тозып барады, кітапханалар жабылып жатыр, мұралар мен мұражай... Тағысын тағылар... Құлаққа үйреншікті болып та кетті. Әрине, дүниенің бәрі де бір күнде құрып та кетпеген шығар. Бірақ бүкіл мемлекеттік жүйенің өзгерісіне, қоғамның мүлде жаңаруына қарай рухани саладағы аңтарылған таңданыс пен дағдарыс есті шығарып жібергені де шындық. Оның зардабы әлі де жүріп жатыр. Кейбір бұрынғы әкімшілік жүйенің айқайымен қамшылауымен жүріп жатқан процестердің ошарылып шоңқиып қалғаны да шындық.


"Ал енді қайтпек керек?" дегенге жауабымыздың түрі де "Анау жоқ, мынау жоқ!", "Ешкімге қажеті жоқ", "Құрыдық!" дегендердің төңірегінен аса алмай қалдық. Қазір де - сол.

Енді-енді ес жия бастағандай болған жұрт, жұрт болғанда зиялы қауымның ширақтаулары, осы заманға лайық амалдарын ойластыра бастағандай. Расында да, күні-түні баюдың амалымен басы қазандай болып жүргендерге мәдениеттің керегі жоқ екендігіне көз жетті. Қазақ мәдениетінің мүсәпірлігін айтып қанша ұялтқанмен жұмыртқадан жүн қырқып, тиынды тиынға соғып отырған ауқаттылардың жүрегі жіби қоятын көрінбейді. Ал олардың әбден байып барып, атақ-дәреже, сән-салтанат үшін өнер-мәдениет іздейтін кезін күту "коммунизм елесін" қуғаннан бір де кем түспейді.

Сөйтіп шеттегілер не істейді екен, ана елде қалай екен, мына елде қалай екен деген тірлік. Осының ептеген қайырымы бар да тәрізді. Соның бірі - мәдени қорлар. Мәдени-қайырымдылық қоғамдары, қорлары, серіктестіктері. Ендігі жерде солар күллі ел мәдениетін көктетуге тиіс. Бірақ соңғы 5-10 жылдың ішінде бұл орайда қаншама қор құрылды. Санына жету қиын. Әуелгіде аттары мен жарғылары бірінен-бірі өтетін ондай қорлар ашылған сайын желпініп, енді осы көктетер деп отырған жұрт енді мәдени, қайырымдылық қорлары туралы айта бастасаң, теріс айналып кететін болып алды. Көңілі әбден қалған.

Неге?

Өйткені ондай қорларды ашқандардың түпкі мақсаты пайда табу, баю, табысты көбейту секілді ниеттен басталған-ды. Ал Қазақстан секілді 90%-і кедейшілік кешкен халықтың қайсысы мәдениет, өнер туындысына ақша шығара алсын. Мәдени қайырымдылық қорлары шынында мәдени, шынында қайырымды болуы керек еді ғой! Бірақ соның көбі тек ашқан адамдарға ғана қайырымды болатынға ұқсайды! Немесе, ешкімге де қайырым жасай алмай жабылып жатады.

Мәдени қорларды неге әдейі атап қозғап отырмыз? Осы жуықта ғана менің қолыма "Сорос" қорының қазақ еліндегі 1995 жылдың соңынан бергі атқарған істерінің нәтижелері туралы ақпарат, бюллетень, жоба-жоспарлары түсті. Белгілі кезеңге жасалған қорытынды деуге сияды. Сол, "Сорос" бір жылдан астам уақыттың ішінде бүкіл Қазақстанның рухани саласында ұшан-теңіз іс атқарған. Жас талапкер режиссер, киноәуесқойлардың жаңа, талантты деректі киноларына демеушілік көрсеткен, толып жатқан мектептер мен балалар мекемелеріне жәрдем, нақты көмек жасаған, қаншама жас ғалымдар, ақын-жазушылар, өнер қайраткерлері ықылас тауып, ілтипат қолдау алған! "Соростың" аты "Сорос" қой! Біздің сорлы қорларымыздың соры қалың ғой дерсіз!

Бізді ойландыратыны - "Соростың" жұмыс істеу тәсілі, тәжірибесі, ұйымдастыру ұшқырлығы. Заманға сай алғырлығы. Ол коммерциялық мақсатқа аттап баспайды! Басты принципі де сол. "Соростан" жәрдем алдыңыз екен, сол келіскен жобаға жұмсайсыз. Екіншіден, сол жұмсаған қаражатының өнімін тағы да сол "Сорос" Қазақстан мектептері мен кітапханаларына, мамандарына, қалың жұртшылыққа таратып береді. Және де өзіне қатысы жоқ, жарғысына үйлеспейтін нәрсеге аттап баспайды, алаңдамайды. Әлгі бір, "ақша жуу" мәселесін атамаңыз. Маңынан жүрмейді.

Ал,біздің қорларда Жарғыларына қарап көріңіз,сауда-саттық, коммерция жағына қандай да бір саңылау жасалып қояды. Кейде осы мәдени-рухани деген дағарадай бөріктері көз алдау үшін айтыла салған емес пе екен деп те күнәлі ойға кетесің. Өйтіп ойламайын десең не істеп, не бітіріп жүргендері белгісіз. Әу басында мәдениетті қарқ қыламын, "ұлтым", "елім", "өнерім" деп еңіреп-ақ бастайды. Содан кейін, ептеп әптігі бапсылып жоғалып кетеді. Немесе ойлағандай болмады ғой деп қойып тіршілігін кешіп жатқаны. Әрине, әрі-беріден соң ондай ондаған, жүздеген қорлардың не істеп, не қоятыны өзінің жұмысы, өзінің құқық-құзыреті. Бірақ "Сорос" тәжірибесіне қарасақ, коммерция мен мәдени, қайырымдылық қорлары бір тізгінде жүріп, бір қазанға симайтын секілді. Сауданың өз заңы бар, мәдениеттің өз жөн-жосығы бар.

Тағы да бір таң қалатын жәй - Қазақстан жағдайын мүлде білмейді деген "Соростың" аз-кем уақыттың ішінде республика мәдениетіне бойлап еніп, дұрыс бағыт таба алғаны. Сірә, ондай қорларды жүргізудің өзінде де бір кәсіби кілтипан, ыспорлық қажет пе дейміз. Ал осы негізінен европалық стильдегі "Соростың" игілігін кімдер көбірек көріп отыр? "Соросқа" Қазақстаннан қандай мәдениет тез жол тапты? Бұл да ойланатын нәрсе. Дәстүрлі ұлттық мәдениет, қолөнер, өнер, әдебиет "Сорос" тынысына аз араласатын секілді. Көптеген таза ұлттық мәдениет мамандары бұл қордың мүмкіндіктері мен талап,шарттарын біле де бермейтіндей. Оның үстіне тілді, ағылшын тілін білмеу, тағы басқа өмірлік, психологиялық шарттар да қиындық келтіретін секілді. Ал екінші жағынан, көзге айқын ұрынып тұрған қазіргі заман шартына сай түзілім, құрылымдары жоқ ұлттық мәдениет саласындағы ерекшеліктерге олардың да көз жеткізіп жақын баруы оңай шаруа бола қоймас. Бұл тарихи сана, қоғамдық даму үрдісінің еншісіндегі мүмкіндіктер. Бір күнде қол жеткізе қою да екіталай.

Нарық заманындағы мәдениет тынысынан түйген бір ой, ендігі кезеңде мәдениетті Мәдениет министрлігі емес, әлгіндей білікті қорлар, жекелеген мамандар ғана көктете алатыны аңғарылады.

Біз, бұл әңгімені қозғағанда, шама шарқынша аз ба, көп пе іс тындырып жүрген қорларды, баспаларды, шығармашылық топтарды мансұқ еткіміз келмейді. Мәселен, дабырасыз-ақ қазақ мәдениеті мен этнографиясының бірталай бағалы кітаптарын шығарып үлгерген "Арқас" секілді сериялық кітапханалардың,жекелеген киноларға демеушілік көрсеткен кәсіпкер азаматтардың қызметін ауызға алмауға болмас. Ондай сәтті қадамдар болмаса, дүниеден күдер үзе берер едік.

Бірақ, нарық пен мәдениет деген күрделі мәселеде, осы бір ұлттық мәні терең істердің өресін кеңейтетін жаңа жобалар, құрылымдар, тәсілдер ойлап таппайынша еңсеміз көтерілмейтіні де анық. Сол көп жаңа жолдардың бірі, жаңағы қорлардың мүмкіндігін ашып, абыройын көтеретіндей қадамдар жасау. Мәдени-қайырымдылық қорлардың өз артарына сай іс атқаруы. Ал, пайда мен табысты табыскерлер, кәсіпкерлер көздесін. Мәдениет мүддесін шынайы мамандар ойлауға тиіс. Сонда ғана, тәуелсіз, нарық жолындағы еліміздің бұл саладағы өзіндік өркениетті жолдары табылмақ.

1996 жыл