Weekend
"Біздің идеямыз – қазақ балаларын, сонымен қатар қазақстандық жасөспірімдерді жан-жақты дамыту әрі жетілдіру..."
Жалпы жоба туралы айтып кетсеңіз. Қашан, қалай басталды?
Компанияның аты – «Edutain». Біз білім беру саласында жаңа технологияларды енгізу, жаңа технологиялар мен методологияларды ойластыру, жалпы зерттеу жұмыстарымен айналысамыз. Қазіргі кезде айналысып жатқан бірнеше жобамыз бар. Біреуі – «Интеллектум» балаларды дамыту жүйесі. Бұл мектепке дейінгі, жалпы мектеп жасындағы балалардың дамуына арналған құралдар мен методика. Қазіргі таңда «Skriware» деген продукт енгізіп жатырмыз. Білім беру саласы бойынша дүние жүзінде кең тараған «Steam» деген түсінік бар. Бұл - балаларды ғылымға, одан кейін технологияға, инженеринг пен математикалық ғылымдарға баулу. Былайша айтқанда жасөспірімдерді жаратылыстану ғылымдарына қызықтыру шараларын жүргізу. Әртүрлі құралдар мен лабораториялар және қазіргі айти технологиялар арқылы балаларды дамыту деген мағынаға келеді. Осы екі жобаны жасап жатырмыз. Одан басқа да білім беру саласында зерттеулеріміз бар.
«Интеллектум» жобасының негізі не? Жобада ұсынылған ойындардың қандай пайдасы бар?
«Интеллектум» жобасы біздің жеке төл өніміміз емес. Біз оны дистибутірлік түрінде «Интеллектум» қосымша білім беру орталығынан алғанбыз. Бұл жердегі негізгі құралдар – ойындар. Балаларға да, ересектерге де қызықты әрі ыңғайлы ойындар. Бізде әр ойынның баланы дамытатын дағдылары болады. Мысалы логикалық ойлау, критикалық ойлау, абстрактті ойлану, шешім қабылдау, проблемаларды шешу, команда құру, командамен жұмыс. Қоржында сол дағдыларға бағытталған 30 шақты ойын бар. Бұл былайша айтқанда үстел ойындары. Екі адамнан төрт адамға дейін ойнай береді. Бұл ойындарды ата-аналар да қолдана алады. Бірақ бұл баланың көңілін аудару үшін ғана жарты сағат ойналатын, дүкеннен сатып ала салатын ойын емес. Бұл психологиялық, педагогикалық, методологиялық маңызға ие. Ойынды ойнағанда баланың қасында педагог маман отырып, сол баланы жетілдіру керек.
Бұл отандық өнім бе? Әлде... Сіздер ұсынып отырған методология нені көздейді?
Ойындардың көбісі бізге шетелден келеді. Бірақ компания 11 ойынды отандық өнім ретінде шығарды. Бұлар тек құрал. Негізі – методология. 2018 жылы Н.Назарбаев жолдауында мектепке дейінгі білім беру мекемелеріне 4К методологиясын енгізу туралы бұйрық шығарды. Сол жердегі 4К-ға толық тоқталып өтсек. Батыс мемлекеттерінде 20 жылдан бері зерттеліп келе жатқан ХХІ ғасырдың білім беру жүйесіне арналған зерттеулердің нәтижесі былай... 1К – баланың креативті ойлауы, 2К – критикалық ойлауы, 3К – коммуникативтілік, 4К – командада жұмыс жасай білуі.
Жобаға деген сұраныс қаншалықты жоғары? Интеллектуалдық ойындарды ұсынудағы негізгі мақсаттарыңыз қандай?
Бұл жобамызды бүгінгі күнде бірнеше мектеп пен балабақшаларға енгіздік. Кері байланыс та жаман емес. Бұрын орталықта балалардың өздері келіп оқитын курстар болған. Біздің түсінгеніміз, жекеменшік курсқа көп бала келе алмайды, бұл шектеулі. Көп ата-ана біз көтеріп жатқан мәселелерді түсіне бермейді, оған мән бермейді де. Біздің идеямыз – қазақ балаларын, сонымен қатар қазақстандық жасөспірімдерді жан-жақты дамыту әрі жетілдіру. Бала бәрібір мектепке барады. Сол үшін мектеп бағдарламасы ретінде мектепке енгізуді жөн санадық. Біз мектеп пен балабақшаларға құрылғыларымызды ұсынамыз. Егер мектептің директоры немесе меңгерушісі бұны дұрыс деп санаса, біздің жобаны мектеп ретінде сатып ала алады. Біз оларды екі-үш күндік курс өткізіп мұғалімдерге түсіндіріп, үйретеміз. Қазіргі таңда жекеменшік «Тamos education»-нің екі мектебіне, «Galaxy International» мектебіне бұл жүйені енгіздік.
Бұл проектті кімдер қолдап, тұтынып жатыр? Тұтынушыларыңыздың арасында жекеменшік мекемелер көп пе? Әлде мемлекеттік пе?
Қазіргі таңда мемлекеттік мекемелерге қарағанда жекеменшік мектептердің бұл жобаға деген сұраныстары жоғары. Жеке мектептерде ата-ана алдындағы жауапкершілік, сонымен қатар олардың талап етуі жоғары болғандықтан, ерекше форматты қолдайтындықтан, жобаға деген оң ұсыныстар солардан болып жатады. Ал мемлекеттік мекемелерде көбіне бюджет болмауы мүмкін.
Компания құрамына тоқтала кетсеңіз. Қанша адам жұмыс жасайсыздар?
Методологиямен айналысатын адам (дүние жүзіндегі білім беру саласындағы зерттеулерді саралап, анализ жасап, соны қазақ-орыс тілдеріне аударып зерттеулермен айналысады); тікелей жобалардың презентациясын жасайтын, түсіндіретін адам; оқыту жұмысымен айналысатын адам (екі-үш күндік семинар, тренингтерді жүргізеді).
Қазіргі таңда интеллектуалды ойындар көп. Сәйкесінше оны ұйымдастырушылар мен құрастырып жатқандар да жеткілікті. Сіздердің олардан, яғни басқалардан қандай ерекшеліктеріңіз бар? Бәсекеге қауқарларыңыз қаншалықты жетеді?
Біздің ұсынатын ойындарымыздың педагогикалық және психологиялық ауырлығы басым. Тек жасөспірімдерге, балаларға уақыт өткізуге ғана емес, олардың нақты дағдыларын дамытатын ойындар болады. Біздің ойындардың белгілі бір программасы бар. Сонымен қатар оның болу керек әрі күтілетін нәтижесі бар. Балабақшаға, мектептерге енгізгенде біз оларға план береміз. Аптасына бала мына ойынды мынаншы уақыт ойнауы керек, күтілетін нәтиже осындай деген секілді. Педагогтарға нұсқаулық кітабын береміз. Бұл кез келген жерде сатылатын жай ойындар емес. Бағасы жоғары болғандықтан, базарлар мен дүкендерде бұл ойындарды кездестіре бермейсіз. Ойын - баланың табиғи ортасы. Сол себепті ойын арқылы баланы тәрбиелеу ұтымды болмақ. Бұл арқылы олар демалады әрі дағдыланады.
Жас ерекшеліктеріне байланысты ойындарды қалай жіктедіңіздер? Сіздердің ойындарыңыз арқылы бала нені үйрене алады?
Мектепке дейінгі балаларға арналған 15 шақты ойын, мектеп жасындағыларға да 15 ойын бар. Мектепке дейінгі мекемелерде көбінесе 3-6 жас арасы, (түс пен форма ажырату, геометриялық фигураларды тану, көзбен көріп қабылдау реакциясын ажырату, қимыл-қозғалыс, ойлану реакциясы). Мектеп жасындағы балалар 7-14 жас арасы, (критикалық ойлау, проблемалырды шешу, стратегиялық ойлану, тактика құру). Сонымен қатар ересек адамдарға арналған 5-6 ойын түрі бар.
«Интеллектум» жобасының негізгі тұтынушылары кімдер? Қазақ аудиториясы ма?
Негізгі тұтынушы – қазақ аудиториясы. Соның ішінде мектепке дейінгі мемлекеттік балабақшаларда ұсыныс жоғары.
Бұл ойындарды қайдан алуға болады немесе тұтынушы сіздермен қалай байланыса алады?
Инстаграм парақшамыздан өздері ұнатқан ойын түрін таңдап, бізбен байланысса болады. Әрбір ойынның бағасы парақшада жазылған. Бізге тапсырыс берсе, өзіміз жеткізіп бере аламыз немесе өздері офистен келіп, алып кетсе де болады.