Спорт
Қазақ футболы
Футбол – қазір спорт қана емес, бизнес.
Әлдебір комментатордың «алаңда 22 миллионер жүр» деп әзілдейтіні де бекер болмаса керек. Ол рас. Футболшылар жалақыны көп алады. Бұл тұрғыдан олармен тіпті ұлттық компания басшылары мен жоғары лауазымды шенеуніктер де шендесе алмайды. Осыдан-ақ аяқдопшылардың материалдық мүмкіндіктерін бағамдай беріңіз. Әрине, біз ешкімнің қалтасына түскіміз-ақ келмейді. Алайда доп қуалаған жігіттердің жалақысы сіз бен біздің салығымыз бен басқа да әлеуметтік төлемдер есебінен бөлінетіні – аз да болса мәселе қозғауға себеп сықылды. Қазіргі таңда елімізде жүйелі түрде қаржыландырылатын екі клуб бар.
«Астананы» әйгілі «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры қаржыландырса, алматылық «Қайраттың» қаржылық мәселесін шешуді белгілі бизнесмен Қайрат Боранбаев өз қолына алған. Сондықтан да екі клубтың нәтижелері жоғары. Әсіресе, «Астана». Өзіне бөлінген қаржыны ақтап, жыл сайын еурокубоктық додаларда оза шауып жүр. Ал «Қайраттың» инфрақұрылымы, балалар мен жасөспірімдер академиясы, сапалы жасыл алаңы, бапкерлер штабы кез-келген еуропалық клубтың мүмкіндігінен кем түспейді. Соған қарамастан «Қайраттың» ойыны көңіл көншіткен емес. Жә, бұл басқа тақырып. Ал өзге клубтар толық дерлік облыстық бюджет есебінен күн көреді. Шыққан тегі қазақстандық футболшылар кемі 4-5 мың доллар айлық жалақы алса, шетелден шақырылатын легионерлердің құны одан қымбат. Сол үшін облыстық әкімдік оларға бума-бума ақша ұсынып ғана қызықтыра алады. Соның өзінде нәтиже тым төмен. Қыруар қаржыны игеріп жатқанына қарамастан жасыл алаңда ұрыс салып, өткір шабуыл ұйымдастырып, қарсыластарын жапыра жеңген команданы таппайсыз. Екі мықты клубтан кейінгі тәуірлеу саналатын «Ордабасы», «Ақтөбе», «Ертіс», «Тобыл» командалары еурокубоктық сайыстарға шықса болды топырлатып гол жіберіп, алғашқы кезеңнен аса алмай қала береді. Осыдан-ақ қаншама қаражаттың желге ұшып жатқанын байқайтын секілдіміз. Global Sports Salaries компаниясы жақында зерттеу жүргізіп, әлем елдеріндегі футболшылардың қанша көлемде жалақы алатынын анықтап көрген. Соның ішінде Қазақстан премьер-лигасы ойыншыларына жоғары жалақы төлеу тұрғысынан үздік 25 чемпионатқа еркін кіреді екен.
Отандық клубта ойнайтын ойыншының орташа жылдық жалақысы 148 513 доллар көлемінде. Сонда айына шамамен 12 376 доллар алады деген сөз. Футболшылары ең көп жалақы алатын чемпионат – АПЛ. Англия чемпионатында доп тебетін ойыншының жылдық орташа жалақысы – 3 миллион 935 197 доллар. Одан кейін – Испания: 2 896 151 доллар. Үздік үштікті Италия түйіндейді: 1 999 865 доллар. Қазақстаннан кейін Оңтүстік Корея, Австралия, Польша, Хорватия чемпионаттары орналасқан. Осы орайда сарапшыларға хабарласып, қазақстандық футболшылардың жалақысына қатысты пікір сұраған едік. Қызықты мәліметтер: Бір жыл бұрын Jeune Afrique журналы алматылық «Қайрат» сапында ойнаған ивуарлық ойыншы Жерар Гоудың жалақысын жариялады. Футболшы жылына 2 миллион еуро алған. Бұған бонустар кірмейді.
2016 жылы «Ақтөбе» өз ойыншыларының жалақысын жариялады. Ол бойынша ең жоғары жалақы алатын футболшы – Алексей Щеткин болған. Ол ай сайын 9 миллион теңге алады. Бұған дейін «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының басшылығында болған Дархан Қалетаев «Астана» клубының ойыншыларының біріне 1,1 млн доллар жылдық жалақы төлегенін жария еткен болатын.
2015 жылы Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев «Ақтөбеде» ойнаған бразилиялық легионер Данилоның айына 57 мың, ал Андерсон Сантананың айына 61 мың , армениялық ойыншы Маркос Пиззелидің айына 85 мың еуро алып отырғанын жариялады
Дереккөз: Qazaqtimes.com