Экономика
Банктер ел экономикасын тұншықтырып жатыр
Қазақстан билігінің банкротқа ұшыраудың аз-ақ алдында қалған банктерді талай құтқарып қалғаны есімізде. Алайда Ұлттық сенім кеңесінің экономикалық топ модераторы Рақым Ошақбаев «соңғы 10 жылдың ішінде мемлекет банктерді қолдау мен құтқаруға 20 млрд доллар жұмсаған екен» дегенде, біраз экономисттер жағасын ұстады. Өйткені жұмсалған соманың өте көп екені айтпаса да түсінікті.
Экономист Петр Своиктің айтуынша, қазір Қазақстандағы банктердің көбі үкіметке қол жаюшы, «арамтамақ», масыл секторға айналып барады. Содан болса керек, сервисі мен қызметін жақсартуға ұмтылмайды да.
- Ұлттық банктен қолдау бар болғандықтан, банктер, былайша айтқанда, ауадан ақша тауып отыр. Оны 2018 жылы алған сыйақыларын-ақ білеуге болады, - дейді экономист.
2018 жыл қазақстандық банкттер үшін ауыр болды. Бір жылдың ішінде 5 бірдей (Эксимбанк, Астана банкі, Qazaq Banki, Казинвестбанк, Delta Bank) банк жабылып тынса, тағы екі банк (Халық банк пен Казкоммерцбанк) қосылып барып аман қалды. Ал «әлеуметтік маңызы бар» деген желеумен «Еуразия банкі», «АТФ Банкі», «Цеснабанк», «Банк Центркредит», «Bank RBK» сынды банктерге сауықтыру шарасы ұйымдастырылды.
Ал үкімет не үшін банктері аман алып қалу үшін ақша жұмсап отыр? Негізгі мақсаты – бұл, жоғарыдай айтылғандай, банктерді халықтың әлеуметтік жағдайын арттыруға пайдалану. Ал банктердің халықтың жағдайын арттыруға көмектесетін басты екі бағыты бар: бірі – кәсіп ашуға көмектесу болса, екіншісі – баспаналы болуына қол ұшын беру.
Қарапайым тілмен айтсақ, үкімет банкттерге азаматтардың кәсіп ашуына, баспана алуына жеңілдік жасағаны үшін ақы береді. Ал үкіметтен алған ақшаны банк жеңілдік жасаған кезде кеткен шығындарын жабуы тиіс. Алайда қазақстандық банкттер үкіметтен қолдау алғанымен, халыққа ешқандай қолдау жасап отырған жоқ. Олардың кәсіп ашуына, баспана алуына жеңілдік беріп отыр деп айта алмаймыз. Керісінше, қарапайым кредиттер (тұтынушылық) беру арқылы халықты қанап отыр.
- Осы жылдың қараша айына дейін банктер 13,4 трлн теңге несие берген болса, оның жартысын тұтынушылық мақсатта берген. Ал тұтынушылық несиенің экономикаға түк те пайдасы жоқ. Ал пайдасы бар өндіріс саласына небары 1,9 трлн теңге (14 пайызы) ғана несие берілген. Ауылшаруашылығына берілген несие – 250 млрд теңге (1,9 пайызы), құрылысқа – 680 трлн теңге (5,1 пайызы). Бұл өте аз. Яғни, банкттер ел экономикасын дамытуға септігі тигізетін салаға мүлдем ақша құйып отырған жоқ. Құдды ел экономикасына араласқысы келмейтіндей сыңай танытатын сияқты, - дейді Ошақбаев.
Былайша айтқанда, банк саласы – ең көп субсидия бөлінетін экономика саласы бола тұра, ел экономикасын дамытуға мүлдем көмегі тиіп отырған жоқ. Ал үкіметтің банк саласына бөлген ақшасы айдалаға шашылып жатыр. Егер Қазақстан әлемнің дамыған 30 елінің қатарына кіруі үшін банк қаржыландырып (несие беріп) отырған экономика саласы ЖІӨ-нің 100 пайызына дейін жетуі тиіс. Ал қазақстан банктері болса, небары ЖІӨ-нің тек 22 пайызын ғана қаржыландыруға қауқары жетіп отыр. Оның өзіне ол жыл сайын азайып келеді. 2017 жылы 28 пайыз болса, 2018 жылы 24 пайыз, ал биыл 22 пайызға бір-ақ түсті.
Банктер неге кәсіпкерлерге несие беруді жолға қоймай отыр деген сауалға келетін болсақ, банкирлер кәсіп ашқысы келетін азаматтар аз деген уәжбен шектеліп отыр.
- «Банкирлер неге бизнеске қаржы бермейді?» деген заңды сұрақ, әрине. Банкирлерде қаржы жеткілікті. Банк басшысы ретінде кәсіпкерлік саласының байсалды түрде өзгеруін көргім келеді, яғни белгілі бизнесмендермен бірге жаңаларының да пайда болғанын көргім келеді. Өкінішке орай, банкирлерге, соның ішінде маған да, баяғы бізде соңғы 20 жыл бойы кредит алып келе жатқан сол бір заим алушылармен жұмыс жасауға тура келеді, ал жаңалары өте аз, - дейді «Халық банкінің» АҚ басқарма төрағасы Үміт Шаяхметова.
Ал кәсіпкерлер болса, банктің қоятын талаптары өте жоғары, кепілзат сұрайтын, баспақы жарна сұрайтын кедері көп. Банктердің көбі бизнеске алғалы отырған қаржының жартысына кепілзат сұрайды. Ал ондай кепілзаттың кез келген азаматтың қолында бола бермейтіні белгілі. Бұл жағынан, банктер азаматтарға ешқандай жеңілдік ұсынып отырған жоқ. Тіпті, «Атамекен» мен «Даму» қоры сынды азаматтардың кәсіп ашуына көмектесетін мемлекеттік мекемелердің өзі банк алдында қауқарсыз. Түптеп келгенде, банктің талабын (кепілзатын табу керек, одан басқа жол жоқ) орындауға тура келеді.
- Шынымен де, қиын жағдай. Тұтынушылық мақсатта берілген несиенің барлық сомасы – несие алған клиенттердің жылдық табысынан 2,2 есе көп, - дейді Рақым Ошақбаев.
Бұл дегеніміз – онсыз да халі мүшкіл халықты «қораға тығып», ұзақ жылдар бойы берешекке батырудың соры ғана. Банктердің қандай толағай процент пен кепілзат талап ететіні бәрімізге белгілі. Ал қымбат коммерциялық пайыз бен кепілзатты өтеу үшін халық қалтасынан кеткен қаржыдан ел экономикасы мен әлеуметтік саласында қаржы қалмай барады. Бәрі банк қалтасына кетіп жатыр.
- Банк саласында үлкен дағдарыс пайда болғанын көзбен көріп отырмыз. Яғни, банктер арзанқол несиемен халықты тақырға отырғызу арқылы ел экономикасын ұзақ жылдарға буындырып тастады. Бірақ Ұлттық банкт де, басқа банкирлер де ләм-мим деп отырған жоқ. Өйткені мұндай қарызды қалай қайтарарын банкирлердің өздері де білмей отыр, - дейді экономист Петр Своик.