Weekend

Жәңгірден қалған жәдігер

Асқар Егеубаевтың "Кісілік кітабынан" үзінді

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Жиырма екі жыл хандық құрған Жәңгір 1845 жылы тамыздың 11 жұлдызында дүние салды. Ол тұста осы қайғылы оқиға Бөкей хандығының тағдырындағы шешуші сәт екендігін орда қазақтары сезген де жоқ еді. Жәңгірдің өсиеті бойынша хандықты он алты жасар ұлы Сақыпкерей қолға алуға тиіс-тін. Петербургтің императорлық кадет корпусында оқып жүрген Сақыпкерей әке аманатымен еліне қайтты. Оны ести салған Орыс өкіметі Орынбор губернаторы Обручевқа хан баласы оқуын аяқтауы тиіс деген пәрмен жөнелтті. Үсті-үстіне жаушы салды. Ақыры Бөкей ордасының болашақ ханы амалсыз Петербургқа оқуын тәмамдауға қайта оралады. Екі жылдан кейін Сақыпкерейге "князь" атағы да берілді. Бірақ Петербургтен қайтып келе жатқан жолда князь Сақыпкерей күтпеген жерден жұмбақ жағдайда қайтыс болды.

Тарихта осы оқиғамен Бөкей хандығының басқару құрылымы ыдырады. Біртіндеп билікке түбегейлі орыс басқару дәстүрі енгізілді. Жәңгірдің ұлдары Сақыпкерей мен Ибрагимнің сәтсіз талпынысын айтпасақ, Жәңгір тарихта Бөкей ордасының соңғы ханы ретінде қалды.

Бірақ тарихтан белгілі болса да, көпшілікке беймәлім қалып келе жатқан Жәңгір қолымен жасалған, Жәңгір тұсында өркениеттің жемісі болған, кейіннен қазақ халқының тарихи мұрасына, игілігіне айналуға тиісті жайттар баршылық. 

Жәңгір көзі ашық, мәдениетке, өркениетке саналы ұмтылған тұлға екендігі көрініп тұрады. Қазан университетінде болып, оның ғалымдарымен, ректорымен қатынас жасап, хат-хабар алысып отырғаны да көп жайды аңғартады. Жәңгірдің қазақ балаларын Ресейдің түрлі оқу орындарында оқытып алуға күш салғаны жайында деректер де жетерлік. Ол нәтижесіз де болмаған. 

Сол жылдарда Бөкей хандығында болған шетелдіктер Жәңгір ханның Қару-жарақ палатасы туралы жазбалар қалдырыпты. Неміс ғалымы Гебель Жәңгір ханның қару-жарақ бөлмесі туралы қызыға жазған. Академик Салық Зиманов ақсақал да өз еңбектерінде көптеген дәлелді мұрағат деректерін айғаққа тартады.

Жәңгірдің қару-жарақ қоймасы өзінше бір қару-жарақ мұрағаты дәрежесінде болып, алыс-жақыннан келген-кеткен жұртты тәнті еткен бір қазына десе де болғандай. Мүмкін мұндай мұражайлық заттар жинау ойы оған Ақ патшаның қару-жарақ палатасын көрген соң келуі де мүмкін. Экспонаттардың қатарында әкесі Бөкейханнан қалған қымбат қарулар, сый-сыяпатқа алған бағалы қару-жарақтар да болған. Бұл қару-жарақ мұражайы қазақ қолөнерінің, жалпы сол заманғы қару-жарақ жасаушылардың шеберлігі мен біліктілігін білдіретін орынға айналған. Саяхатшылар мен ғалымдардың естеліктерінде шығыс елдерінің мылтықтары мен нагандары, қылыш, алдаспан, сауыт-сайман, дулыға,қалқан, асыл тастармен безендіріліп, бағалы металдармен үптелген басқа да алуан түрлі қарулардың түрлері болғандығы суреттеледі. Тіпті кейбір зерттеушілер қай қару қай жерде ілулі тұрғанына дейін нақтылап жазып кеткен. Көптеген мылтық түрлері мен қылыш, қанжарлардың арнаулы беті шыныланған қорапшаларда, жәшіктерде сақталғандығы да айтылып қалады.

Үлкен бөлмеде есіктен төрге дейін бүкіл қабырғаны бойлай түрлі қару-жарақтар, әбзел-саймандар ілінгендігін,олардың бәрі де асқан шеберлердің қолынан шыққандығын, сондықтан құнды заттар екендігін көзімен көргендердің бәрі де атап жазған. Бәрі де бұл ретте Жәңгірдің білімді сарапшы, асыл мен жасықты айыра білетін биік талғам иесі екендігін ауызға алады. Әрі ондай бағалы заттарға дегенде мал, ақша аямаған. Асылды таныған, қадірін білген.

Мұрағатта Жәңгір дүние салғаннан кейін қалған мұраларының ішінде осы қару-жарақ коллекциясының құны да бағаланып жазылған. Сыйға, тартуға терілген заттарды қоспағанда, 8 мыңнан астам күміс теңгеге бағаланған. 

Бұл орайда, басқа да жәдігерлік мұраларды жинақтау, сақтау, зерттеу орындарына тапсыру саласындағы қызметі үшін Жәңгір хан Қазан университетінің ғылыми қоғамының Құрметті мүшесі де болған. 

Қару-жарақ бөлмесі хан ордасына келген лауазымды адамдарды қабылдап, пікірлесу орны қызметін қоса атқарған секілді. Сол жерде алыстан келген қонақтарды, көбінесе Ресей төрелерін қабылдаған. Ресей патшасының қару-жарақ палатасының үлгісіндегі жүйелілік пен үйлесімділік, Ақ патша әулетінің әр кезеңдегі берген сыйлықтары келушілерге әжептәуір әсер ететін болса керек. Мұрағат тізбегіндегі сараптаулар бойынша, коллекция тек орыс патшаларының сый-тартуларынан ғана жинақталмаған. Ол сыйлықтар тізбеде көрсетілген сегіз мың күміс теңгенің есебіне қосылмаған. 

1845 жылы хан қайтқаннан кейін де қару-жарақ мұрасы бірнеше жыл бүтін сақталып келген. Оған ханша Фатима қадағалап қараса керек. Сөзіміздің басында хан қайтыс болған кездегі мұрагері Сақыпкерейдің, одан кейінгі кіші ұлы Ибрагимнің тағдырларын, ақыры хан билігінің басқару кеңесімен ауыстырылғандығын ауызға алуымыз, сол аласапыран, алмағайып кездің осындай халықтық мәні бар жәдігерлеріне де салқыны тигендігін аңғарту еді. Ханның ел билеуге ұмтылған ағайындарының ішінде Қару-жарақ қазынасына көз тіккендер де көп болған секілді. Олардың ішінде, өз мұрагерлері, ағайын-туғандары да, ресми комиссия қызметкерлері де жүргені күмәнсіз.

Қазір сол қару-жарақтардан белгі жоқ. Тек әртүрлі аңыз секілді, болжам секілді деректер, әңгімелер ғана қалған. Зерттеушілер мен жәдігерлік жанашырлары ғана тамсанып айтып, түйсініп жазады. Оның да жөні бар.

Бұл қалай десек те, Қазақ халқының өзіндік бітімі бар алғашқы Қару-жарақ мұражайы десе де сияды. Осындай асыл қазыналардың дерексіз кетіп жатқанын еске алғанда, қанша сыр бермегенмен, қазақ мемлекеттілігінің шашыраңды бітімін, етек-жеңін бір қымтап жинай алмай-ақ қойған дәрменсіз кезеңдерінің көп болғандығын, оған тағы да өзінің кінәлі екендігін еріксіз мойындағандай боласың. Мойындағандай боласың да өкінесің. Байлық, дүние еді деп өкінбейсің, ұлттың қасиетін білдіретін белгі еді деп өкінесің! Алыстағыны былай қойғанда, елдің өзінің аузындағысынан айырылып қалған сәттерінің қисынсыз көптігіне өкінесің!

Өкінгенмен не пайда?!

Білетіндер, зерттеушілер ол экспонаттарды Орынбор губернаторлығы мен түрлі жат жұрттық қаратаяқталап әкетер деп қорқып туған-туыс, ағайын- жекжаттары кезінде таратып бөліп алыпты-мыс деседі. Бірқатар заттар мен бұйымдар орталық мұражайға тапсырылған екен деген де болжам айтылады. Орталық мұражай, әрине, Мәскеу ғой. Орынборда Тевкелевке тұрмысқа шыққан үлкен қызы Зылиқаның қолында кетіпті дегенді де әңгімелейді. Бірақ мұның бәрі де болжам. 

Ұлттық дәстүр жөнімен келсек, ханша қайтыс боларының алдында туған-туыстарына өсиет тапсырыпты деген болжамның да жаны бар секілді сезіледі.

Қазір қазақ елінің қолында сондай-сондай болған екен деген дерек қана бар. Және сол деректі растайтын мемлекеттік мұрағатта сақталған құжаттар мен хаттамалар ғана бар. Жат жұрттық саяхатшылардың жазбалары бар.

Жұмыр басты пенде ретінде ойлайсың: Қазіргі зәулім ғимараттардағы мемлекеттік ұлттық мұражайлардың бірінде атақты Жәңгір ханның қару-жарақ коллекцияларының жұрнағы ретінде бір түйірі, бір бөлшегі тұрса нетті. Соның өзі-ақ қазақта кезінде сондайлық, қару-жарақ палатасына баларлық мұраның болғандығын, сондай зиялы ұлағатты істің атқарылғандығын айғақтамас па еді.

Бірақ жоққа жүйрік жете бермейді.

Кейін, Жәңгірдің ұлы Ғұбайдолла Бөкеев әкесінен қалған сол мұраларды іздестіріп, жинастыруға ниет еткен де секілді. Қазіргі жоғалып кеткен ізге қарағанда, ол да сәтсіз аяқталды ма дейміз. 

Заманында ақпатшаның алқымының астында құрылған Бөкей хандығының мемлекеттік құрылымы да өзгеше, тыныс-тіршілігі де өзінше бір тарихи құбылыс. Оны танып зерделеуде біресе хан еді, хандық еді деп біресе орыс патшасының ықпалында жүрген еді деген орағытпалар болып келгені де мәлім.Бірақ,бұл ұланғайыр қазақ тарихының бір құнарлы топырағы екендігінде күмән күдік жоқ. 

Ал Жәңгір хан жәдігерлері жадымызда жүруге тиісті қазына. 

                                                         1995 жыл