Саясат
Лагердегі тұтқындарға арнайы балл беріліп отырады
Қытайдың ішкі құжаттарын қолына түсірген халықаралық ұйым «Қытай қулығын» әшкереледі.
Шу Ле лагеріндегі жатақхана кереуеттері. Фото: Peter Martin/Bloomberg
Қытай билігі Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық аймағындағы түрме-лагерлерде отырған жүздеген мың мұсылманға жүйелі насихат (пропаганда) жасауын жалғастырып келеді. ВВС таратқан мәліметке қарағанда, Халықаралық зерттеуші журналистер консорциумының (ICIJ) қолына түскен құжаттарда «идеологиялық коррекция» күштік амалдармен іске асатыны айқындалған.
Бейжің лагерлерде еріктілер оқытылатынын алға тартып әлек. Ал құжаттарда қатал тәртіп, мәжбүрлеп ұстау және тұтқындарды үнемі бейнебақылау туралы айтылған.
ICIJ ұйымының қолына қытайлық партияның лауазымды тұлғасы мақұлдаған лагер басшыларына арналған нұсқаулық, тұтқындарға таратылған бюллетеньдер мен діни мәлімдемесі үшін істі болған ұйғыр азаматына он жыл жаза тағайындалғаны туралы сот үкімі файлдары түскен.
Халықаралық ұйым «құпия құжаттарды» 17 медиа серіктестерімен, соның ішінде BBC Panorama бағдарламасы мен Guardian газетімен бірлесе отырып зерттеген көрінеді. Әзірге Бейжің бұл жайында ресми түсінік берген жоқ. Тек Ұлыбританиядағы Қытай елшісі құжаттарды жалған деп атады.
Компартияның өкілі Чжу Хайлунның 9 беттік «қатал нұсқаулығы»
Зерттеуші сарапшылар құжаттарды терең талдаудың нәтижесінде Бейжіңнің лагерлерде «болашақ» экстремистерді қайта даярлау арқылы тәрбиелеу, қауіптің алдын алу» туралы ресми нұсқасының жалған екендігіне қуатты айғақтар тапқанын хабарлады.
Журналистер лагерлерде сотсыз қамалған миллионға жуық тұтқын, негізінен ұйғырлардың өкілдері бар деген қорытындыға келген.
Құжаттар арасында Шыңжаң-Ұйғыр ауданында Қауіпсіздік мәселелерін басқарған партия хатшысының бұрынғы орынбасары Чжу Хайлунның тоғыз беттен тұратын арнайы нұсқаулығы ерекше нараз аудартады.
Құжатты сараптаған мамандардың дерегінше, шенді Чжу өз қарамағындағы лагер бастықтарына қатаң тәртіпті, тұтқындарды жазалауды және қашып кетуге жол бермеу шараларын тапсырған.
Оның бұйрықтары:
· «Ешкімнің қашуына жол бермеу»
· «Тәртіпті жетілдіру керек, оны бұзғандар қатаң түрде жазалансын»
· «Айыбын мойындап, онысына өкінетіндей болуы керек»
· «Қытайлық түзету курстарына басымдық беріңіз»
· «Студенттердің толық өзгеруіне қол жеткізу»
· «Жатақханалар мен сыныптардағы бейнебақылау жүйесінің тиімділігін тексеріп, ешбір жердің назардан тыс қалмауын қамтамасыз ету»
Құжаттарда көрсетілген мәлімттерге сүйенсек, қамаудағы азаматтардың өмірі толық бақылауға алынған, тәулік бойы қадағалауда болады. Онда «әр студенттің жеке төсегі, орны, кезегі мен сабақ бөлмесі және жұмыс істейтін өз машинасы болуы керек. Орнынан ауысуға қатаң түрде тыйым салынады», – делінген.
Чжу Хайлун лагер жетекшілеріне «оянудан бастап жуыну, қолжуғышты қолдану, үй шаруасы, тамақтану, оқу процесі, тынығу, есікті ашып-жабу... тағысын тағы әрекеттер бойынша тәртіптік нормалар енгізуді» тапсырған.
Human Rights Watch: Лагердегі тұтқындар психологиялық азаптау құрбандары
Басқа құжаттардан тұтқындаудың бұрын-соңды болмаған ауқымын көруге болады. Бір ғана мысал, 2017 жылы бір апта ішінде аймақтың оңтүстігінде тұратын 15 мың адам лагерлерге жіберілген.
Бұған қатысты Human Rights Watch ұйымының Қытайдағы директоры Софи Ричардсонның пікірінше, «құжаттарды прокуратура тексеруі керек». Ол мұны «адам құқықтарын өрескел бұзу туралы іс қозғауға болатын қуатты дәлел» дейді.
- Меніңше, тұтқындағыларды кем дегенде психологиялық азаптау құрбандары деп атаған жөн. Өйткені олар өздерінің лагерде әлі қанша болатынын білмейді, – дейді адам құқықтары жөніндегі халықаралық ұйым уәкілі Ричардсон.
Ұлтты сіңірудің ең қатыгез геноцидтік әдісі
Нұсқаулыққа сәйкес, ол жақтан құндылықтары, тілі мен сенімі өзгергеніне көзі жеткен тұтқындар ғана босатылады.
«Студенттердің өз қатесін мойындауы мен оған өкінуі, олардың бұрынғы әрекеттерінің қылмыстық және қауіпті сипатын терең түсінуі қажет», – делінген хабарламада. Сондай-ақ құжатта «Егер оқушының түсініктері бұлыңғыр тартса, теріс көзқараста болса, негативті қарым-қатынасы білінсе немесе қарсыласпақ ниеті байқалса [...] онда оған түзету оқуы нәтижеге жетуге көмектеседі» делінген.
Дүниежүзілік ұйғыр конгресінің кеңесшісі және адам құқығын қорғауға маманданған заңгер Бен Эммерсонның айтуынша, «қытайлық қайта түзеу жүйесінің мақсаты – адамның тұлғалық бірегейлігін өзгерту».
- Бұл мұқым ұлт-ұлысқа бағытталған жаппай сана шаюдан да қиын мәселе. Мұны Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының мұсылман этностарын жеке мәдени бірлестік ретінде жоюға бағытталған толық трансформациялық өзгеріс деп атаған дұрыс, – дейді ол.
Шу Ле округінің білім беру орталығының қабырғасындағы апта сайынғы тамақтану жоспары және бақылау камерасы. Фото: Peter Martin/Bloomberg
Тұтқындарға арнайы балл беріліп отырады
Құжаттағы деректерге иек артар болсақ, лагердегі тұтқындарға арнайы балл беріліп отырады. Өз айыбын түсіну, бойсыну, тәртіпке бағыну, оқу процесі мен жұмыстағы жетістіктеріне, ең бастысы идеологиялық тұрғыда өзгергені үшін балл есептеледі.
Жалпы жиынтық балл тұтқындардың отбасымен байланысуына және қашан босайтынына тікелей әсер ететін басты параметр. Ереже бойынша партияның төрт комитеті «тұтқынынның іс жүзінде өзгергеніне көздері жетіп, келіскеннен кейін» ғана босатылады.
Потенциалды тұтқындарды анықтау үшін жаппай бақылау жүйесі қолданылады деседі. Бұл жеке деректер негізінде құқық бұзушылық ықтималдылығын болжайтын бағдарламаның көмегін іске асады.
Құжаттардың бірінде 1,8 миллион ұйғыр жай ғана Zapya қосымшасын қолданғаны үшін жүйе назарына іліккені айтылған. Болжағыш бағдарлама аталған қосымшаны жүктеген әрі пайдаланған 40 577 адамды жіті тексеріп, лагерге жөнелтуді ұсынған.
Құжаттарда басқа елдердегі ұйғырларды бақылауға алу және Қытайда жүрген азамаматтығы шетелдік ұйғырларды ұстау туралы нұсқаулар бар. Осыған байланысты ұйым сарапшылары Қытай елшіліктері бұл операцияларға қатысуы мүмкін деген тұжырымға келген.
Қытай қысымына ұшыраған этникалық қазақтардың ертеңі «бұлыңғыр»
Бұл нәубет қазақ диаспорасын айналып өткен жоқ. Этникалық қазақтардың бірталайы із-дерексіз қамауға алынған. Ішкі істер министрлігінің Азаттыққа жолдаған дерегі бойынша, биыл қаңтар мен қыркүйек аралығында 10790 этникалық қазақ Қазақстан азаматтығын қабылдаған, ал былтыр 18 мыңнан астам этникалық қазақ азаматтық алған. Қазан айының соңында 23 мемлекет (арасында АҚШ пен Еуропа елдері де бар) ортақ мәлімдеме жасап, Бейжіңді Шыңжаңдағы ұйғырлар мен өзге де мұсылман топтарды қудалауды доғаруды талап еткен.
Қайта тәрбиелеу орталықтары туралы мәселе БҰҰ мінберінде де, еуропарламентте де көтерілді. 2017 жылдың көктемінен бері Қытайда жақындарынан хабарсыз қалған қазақстандықтар нақты деректермен көптеген жиындар өткізіп келеді. Үш жылдан бері азаматтардың жиі сұрау салуына қарамастан, сыртқы істер министрлері Қайрат Әбдірахманов та, Мұхтар Тілеуберді де Қытайдағы қазақтардың мәселесіне нүкте қойып, ел пайдасына шеше алған жоқ.