Саясат
Жаңа өзгерістің пайдасы мен зияны қандай?
Жазғы демалыс кезінде басталған құрлыс жұмыстарына алматы жұрты күле де жылай да қарады. «Не істеп жатыр?», «Аялдаманы ортаға қойып жатқандары несі?» деп шу ете түскен халықтың пайдасына берілген BRT желісі әлі де болсын көңіл көншітер емес.
Пайдалануға берілген Розыбақиев көшесінен бастап, соңы Байтұрсын көшесімен шектесетін Тимирязев бойындағы «қалталы аялдамаларды» көзіңіз шалады. Әкімшілік осыған дейін «А» белгісімен қоғамдық көліктерге арналған жолды сызып беріп, оған жеңіл көліктердің түсуіне рұқсат бермеп еді, жүргізуші біткен аяласын асырып ақыры жүрді. Айдауға көнбеген соң, BRT желісін салып, жүргізушілер мен жеңіл көлігі бар жеке тұлғалардың дыбысын шығармай тастады.
Бұл жолдың пайдасы қандай?
Таяқтың екі ұшы бар. Пайдасын көретіндер студенттер мен көлігі жоқ жаяу жүргіншілер. Олардың айтуынша, Тимирязев көшесімен қоғамдық көлік арқылы жүру өте тиімді. Аталған көше бойында елімізге белгілі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ оқу орны орналасқан. Одан бөлек кешкі салқынмен жастардың қыдыруына арналған Хамит Ерғали жағалауы, «Атакент» сауда орталығы (қасында тиін бар). Бір сөзбен айтқан кезде жастардың көшесіне айналып кетті. Ал 80 теңгелік «Оңай» картасымен жүретін жастар үшін бұл таптырмас мүмкіндік.
Bugin.kz сайты арнайы зерттеу жұмыстарын жасай отырып, Розыбақиев көшесінен Наурызбай көшесіне дейін таксимен кем дегенде 20 минут жүретінін, ал қоғамдық көлікпен 9-11 минутта жетуге болатынын есептеп көрді. Асығып тұрған адам үшін енді Тимирязев көшесімен такси ұстаудың өзі үлкен қателік болатыны анық.
Ортадағы қос жолақта көсіліп жүрген қоғамдық көлік қана. Ал екі жақ шеттегі бір-бір жолақта жеңіл көліктер жүреді. Сыртынан қарап тұрсаңыз бір қатарға тізілген көш секілді, біреуі де сапты бұзбай қатармен жүреді. Ал қатардан шыққаның артынан жол полициясы шыға келеді. Ешкімнің шығындалығысы келмейді. Ендеше жолдың айтқанына көнеді.
Зияны бар ма?
Тимирязев көшесі бойындағы BRT желісінің 2 зияны бар:
- Кептеліс мәселесі шешілген жоқ.
- Қауіпті жол апаты болуы мүмкін.
Аталған жолдардың бойындағы «қалталы» аялдамалардың қасында ары-бері өтетін жаяу жүргіншілер жолағы сызылған. Сізге автобусқа отыру үшін жаяу жүргіншілер жолымен кесіп өтуге тура келеді. Ең қауіпті аймақтардың бірі ҚазҰУ қалашығы жағы және Атакент бойындағы алдама.
Жаяу жүргінші жолағын көрген жасөспірім балалар жүгіріп шыға келуі мүмкін. Ал кептелістен әрең шығып келе жатқан жүргізуші үшін барынша тез жүріп, діттеген жеріне жету керек. Жылдамдық асырғаннан кейін тежегішті қанша басса да жүгіріп өтем деген жаяу жүргіншіге зиян келтіруі де ғажап емес.
Кептеліс мәселесі шешілген жоқ. Тимирязев көшесіне бір түсіп, мұрны тасқа тиген көліктер енді Жандосов, Сәтпаев және әл-Фараби көшелерін бетке алады. Аталған көшелер таңғы 7:00-10:00 арасында, кешкі 18:00-21:00 арасында кептеліп жататынын жақсы білеміз.
Такси жүргізушілерінің бас сақинасы ұстап, өкпелері қара қазандай болмаса, көңіліміз толды деген адам жоқ. Кептеліс тек көліктер де ғана емес. Ақыры көлікпен жүрудің пайдасы жоғын түсінген жандардың қатары көбейіп, қоғамдық көлікке отыратындардың саны артып келеді. Онсыз да «32», «79» номерлі автобустардың адамға лық толып жүретінін ескерсек, бұл саны тағы да артты деген сөз. Кептеліс көлікте де, адам арасында да болып жатыр.
Жолда жүргенде абай болыңыз!