Bugin

«Срогы өткен» басшының сүйкімі болмайды

Қабдеш Жұмаділовтің Қазақстан жазушыларының құрылтайында сөйлеген сөзі

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Жазушыларда проблема көп. Оны біз көптен бері айтып келе жатырмыз. Айта-айта жағымыз талған, жаза-жаза қолымыз жауыр болған. Ол – қаламақы мәселесі, ол – кітап тарату мәселесі. Толып жатыр... Бүгін құрылтайда оны қайтадан айтып, бір-біріміздің басымызды ауыртпай-ақ қояйық.

Есеп тыңдалды. Енді сайлау қалды. Сондықтан ішкі ұйымдастыру мәселесін анықтап алайық. Бұрынғы құрам қала бере ме, жоқ жаңа құрам керек пе? Бұл – бүгінгі ең маңызды мәселенің бірі!

Мен мынадан бастайын: өткенде Нұрлан Оразалин президенттің қабылдауында болып қайтты. Ол келген соң, жазушылардың арасында мынадай әңгіме тарады: «Президент сенен басқа төрағаның керегі жоқ, сен дауысқа түс, орныңда қалатындай бол», - деп тапсырыпты-мыс. Осыны айтып маған екі-үш жазушы телефон соқты: «Президент осылай депті, осылай деуі мүмкін бе? Сіз осыған нанасыз ба?» - деді маған. Мен: «Жоқ, президент дәл бұлай айтпаса керек, себебі Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің министрлерін екі-үш жылдан асырмай жаңалап отырады. Енді осындай адам Нұрлан Оразалинге: «16 жыл отырған екенсің, енді тағы 5-6 жыл отыр», - деп айтпайды. Ондай сөзді әдебиетке немқұрайлы қарайтын, жазушыларға жаны ашымайтын адам ғана айтуы мүмкін. Бәлкім «Жазушылар өздері шешсін. Дауысқа түсіп, бағыңды сынап көр, егер дауыс жинасаң, қызметіңді жалғастырарсың» деген шығар... Ал Нұрлан Оразалин президенттен келе салып, ел арасына жаңағыдай сөз тарады. Оны негізінен Нұрланның айналасындағы жақтастары таратты. Көрдіңіз бе? Осыдан кейін жұрттың пікірі өзгере бастады: «Президентке қарсы келген болып қалмаймыз ба?» деп.

Мен қашан да жаңару, жаңғыру жағындамын. Жалпы, «срогы» өтіп кеткен бастықтың елге де сүйкімі болмайды. Біздің жас кезімізде жазушылар басқа еді. Мансаптан түсіп, тезірек өзінің жазу үстеліне жеткенше асығатын! «Шіркін, қаламымды қолыма алып, емін-еркін жазуымды жазып отыратын күнге жетсем екен!» деуші еді. Мансаптан, қызметтен кеткісі келмейтін жазушыны мен бірінші рет көріп отырмын.

Нұрлан егер менің тілімді алатын болса, сайлауға түспеуі керек. Осы жақсылығымен орнынан қозғалғаны жөн. Егер сайлауға түсемін десе, баламалы жолмен сайлануы керек. Ол осыған дейін жалғыз шауып, бәйге алып келді. Бірнеше кандидатура ұсынуымыз керек. Жас жігіттер бар өсіп келе жатқан. Ойламаңдар, Жұмаділов өзі сайлағалы тұр деп...

Жаңа идея дегеніңіз арада бес жыл өткенде сарқылып болады. Одан әрі ол басшы қайтсем орнымды сақтап қаламын дегенге көшеді. Сондықтан жастарға орын беруіміз керек. Мәселен, бүгін осында отырған Әлібек Асқаров. Ол өзі билік мектебінен, президент аппаратынан өткен, жақсы прозаик. «Жұлдыздың» соңғы нөмірлерінде романы басылып жүр. Жақсы шығарма. Бұл – бір.

Екінші – жаңа құрам сайланатын болса, біз қатыспаған жиында жарғыға қосқан бір «жамаулар» бар, «құрметті төраға» деген... Не туралы, кім туралы екенін өздеріңіз де түсініп отырсыздар. Осы «құрметті төраға» дегенді жарғыдан алып тастау керек. Себебі аруақтан ұят! Кешегі Ғабит Мүсірепов, Мұстафин, Мұқанов, жазушыларға Шығармашылық үйін салып берген Әнуар Әлімжанов мұндайдан дәметпеген!.. Жалпы, «құрметті төраға» дегеннің керегі жоқ. Оның орнына Одақ төрағасына бір адам бес-ақ жылға сайлансын деген толықтырулар енгізген жөн.

Әнуар Әлімжанов салдырған Шығармашылық үйі – қазір қытайлардың қонақ үйі. Ол үйде бір кезде ұлы Ғабит Мүсірепов жатып, «Оянған өлкенің», «Жат қолынданың» бөлімдерін жазып еді. Бәріміз де біраз шығарманы сол ғимаратта жазғанбыз. Ал қазір сол үйге жазушылар бара алмайды. Біз оны қытайлар қонақүй етсін деп салған жоқпыз ғой, ол жазушылардың ақшасына салынған! Қордың ақшасына! Қайткенде де сол Шығармашылық үйін қайтарып алуымыз керек! Малтапқыштық деген жақсы. Бірақ әдебиет деген қасиетті нәрсе. Ол пысықтықпен, малтапқыыштықпен сыйыса бермейді. Әдебиеттің қасиетті тұмарларын аяққа баспайық. Бұл – үш.

Төртінші – мен мұны айтпас та едім, егер осы кезге дейін айтылған сындар, өткен жолы пленумда айтылған пікірлер ескерілсе. Айтарым мынау: «Алаш» сыйлығының қадірін кетірмейік! Егер біздің жазушылардың 42-сі бір жылдың ішінде халықаралық «Алаш» сыйлығына ие болатын болса, онда біздің әдебиетіміз аяғы жерге тимей, көкте самғап жүрген болар еді. Сол 42-нің кейбірінің кітабын оқиын десеңіз, қолға алуға тұрмайды. Кейбірі тіпті кітап та шығармаған. Сондықтан менің ұсынысым – «Алаш» сыйлығы әрі кеткенде бес адамға берілуі керек. Құрылтай бұл ұсынысты қабылдауы керек. Өйткені көркемдік деңгейі жоғары, бұрынғы Алаш идеяларын негіз еткен, Алаш азаматтарының жолын қуған жазушылар ғана осы сыйлыққа лайық. Бұлай етпесек кешегі аруақтарды сыйламағандық болады.

Ойланыңдар, жігіттер!                                    

                           24 қыркүйек 2012 жыл

                                                    Қабдеш Жұмаділов