Weekend

Шымкенттік оқушы «Kazakhland» ойын-сауық орталығын ашуды ұсынды

Жеткіншектің есімі – Сұңғат Әбдіразақ

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Шымкент қаласы химия – биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектептебінде ашық есік күні өтті. Аталмыш шараға жалпы білім беретін мектептердің ұстаздары мен оқушылары келді.

Қонақтар назарына мектеп оқушылары мен мұғалімдері бірігіп дайындаған жобалар ұсынылды.  Ғылыми – шығармашылық идеялар жәрмеңкесіне Bio worlds, Рухани жаңғыру, Robotics, ғылыми зертхана, Intellectum zone, STEAM және лайфхак, шексіз шығармашылық бағыттары бойынша 140-тан астам жұмыс қойылды.

Шымкент қаласында «Kazakhland» ойын-сауық орталығын ашуды қалайтын жеткіншектің бірі – Сұңғат Әбдіразақ.

- Қазіргі таңда «Funky Town», «Disneyland»сынды орталықтар өте көп. Барлығымыз соны көруді армандаймыз. Бірақ, неге өз замандастарымның бойына ұлттық құндылықтарды сіңірмеске деген ой   келді. Содан осы жоба пайда болды. Бұл жобаны жасағандағы мақсатым – балалардың бойына ұлттық құндылықтарды ақпараттандырып қана қоймай, практикалық түрде ойын-сауық арқылы жеткізу болып табылады. Жобаны Елбасының «Ұлы даланың 7 қыры» мақаласына сүйене отырып дайындадым. Сондықтан, ойын-сауық орталығы 7 секциядан тұрады. Олар: «Ертегілер» елі, «Археология» елі, «Қазақ ән - жыры» елі, «Жылқылар» әлемі, «Қолөнер» елі, «Ұлттық ойындар» елі, «Жыл он екі ай» елі. Орталыққа келген бала түрлі ұлттық ойындарға қатысып, квесттерді іздеп, ақыл ойын жетілдіретін болады. Менің осы жобам шын мәнінде қолдау тауып, қаламызда бой көтеретін болса, онда туристер үшін таптырмас аймаққа айналар еді, сондай-ақ экономикамыздың дамуына үлес қосар едік, - дейді жоба авторы.

Мәселен, «Қазақ ән - жыры» еліне кірген балалар едендегі түрлі ноталарды басу арқылы түрлі күй мен әуендерді еститін болады. Домбыра, қобыз, саз сырнай сынды музыкалық аспаптардың бейнесін LED экраннан тамашалап қана қоймай, одан қандай үн шығатынына да қанық болады.

Бұдан бөлек, көрмеде үй жағдайында ерін далабын және тіс пастасын дайындаудың әдістері көрсетілді. Күнделікті өмірде тұтынатын заттардың жарамдылығын түрлі химиялық қоспалардың көмегімен анықтаудың жолдары айтылды. «3D Puzzle Baiterek», «ECO-bin», «Робот Сапер», «Green House Project» жобалары да көпшіліктің қызығушылығын тудырды.