Weekend
"Алаштан асқан кемеңгер Әбіш" еңбегінен
Әбіш Кекілбайұлы: «Үлкеннің алдында балаң, кішінің алдында надан көрінбеудің жалғыз-ақ жолы – өзіңді-өзің үзбей шыңдап отыратын үздіксіз рухани ізденіс, тоқмейілсуді білмейтін табанды еңбек. Өз қадіріңді білуің үшін өзгенің қадірін, өзгенің қадірін білуің үшін өз қадіріңді түсініп қапысыз қастерлей білген лазым».
Адам баласы надан болмауы үшін әрдайым ізденісте болуы керек. Енді осы ойды әрі қарай жалғай түссек деген пайымға бекіндік.
Қазақ қоғамында бұрындары, яғни осыдан бір ғасыр әріде әліпбиді білмеген сауатсыздық жайлап тұрды. Содан да болар «Қазақ» газеті мен «Айқап» журналының сандарында сауаттылық пен мұғалім мәселесіне көптеп мән беріп отырды. Расында, қазақ қоғамындағы сауатты адамдардың санын көбейту өте өзекті іске айналды. «Алты алаштың баласы бас қосқанда төрде мұғалім отырады» деген мәндегі сөз сол заманнан қалған.
Бірақ, біз айтқан «сауатсыздық жайлап» тұрды деудің өзі қате, себебі отаршыл империя мамандары орыс тілін білмегеннің бәрін сауатсызға теңеген. Ал қазір арасында ауыл молдасында «әліпті таяқ» деп білгендер аз болмаған. Тіпті медреселер саны да аз болмаған деп айтып жүрген тарихшы қауым өкілдері кезігеді. Мүмкін бұл пайымдау да орынды шығар.
Заман өзгерді, түрлі төңкерістер XX ғасыр басында орын алып, билікке қызылдар келді. Олардың істеген істерінің көбін бүгінгі тарихнама терістеп жатыр. Бір заманда әлгі тарихнама жер-көкке оларды сыйғызбай мақтап жазды. Уақыт өтті, бірақ оларға шын бағасын үлкен тарих таразысына саларлық бізде әлеует бар ма әлде жоқ па, ол басқа сұрақ. Дегенмен сол қызыл кеңестердің тәуір ісінің бірі көпшілікті жаппай сауаттандыру деген істі қолға алды. Ересек кісілерге арнап кешкі мектептер ашты, не керек көпшілік әліпбиді өз еркімен оқи алатын сауатты адамдардың саны артты.
Сонымен, біздің қоғам сауатты адамдардың саны артқан елге айналып, надандыққа тұсау салғандай болып шықтық. 42 әріпті білетін, грамматиканы игерген кісінің сауатты, дипломы барды білімді деп айтып, олардың әлеуметтік статусын айқындайтын өлшемдерді белгілеп алдық. Әл-Фараби айтыпты дейді: «Білімді болу дегеніміз – жаңалық ашуға қабілетті болу». Айып етпеңіздер, осы ойды қайталап тұрмыз. Қайталау оқу анасы дейді ғой. Енді диплом алғанның барлығы ғылыми жаңалық пен қоғамға пайдасын тигізіп елеулі істер атқарып жатыр деуге келе бермес. Бірақ белгілі бір мекемеде қызметші ретінде жұмыс істейтіндерге, бір жағынан қарасақ, міндет те емес. Алдындағы қағазына ие болып, жұмысы тындырымды болса жетіп жатыр. Қойылар талап та солай. Дүниенің екінші ұстазы атанған ғалымның талғамы мен танымы биік қой, оның ойлау деңгейіне жету күнделікті күйбең тіршіліктің өлшемінде ойлайтын көптің өресі жете бермес. Демек, білімді деген сөзге әл-Фарабидің берген өлшемін бүгінгі біздің XXI ғасырдағы дамыған қоғамға алып келсек, дипломы бардың бәрі білімді емес екені айқындала түседі. Әр заманның өлшемі мен танымы басқа әлде кейде ғұламалар өзі өмір сүріп отырған қоғамнан әлдеқайда ішкі дүниесі мен ойлау жүйесі бірнеше жылдарға, тіпті бірнеше ғасырларға алға кетіп қалады дейді. Мүмкін, дүниенің екінші ұстазының өлшеміне сай келетін білімділер, ол айтқан қайырымды қала тұрғындары келер ғасырларда қалыптасып, әл-Фарабимен рухани тұрғыда тілдесе алатын болар. Қош, тақырыпқа оралсақ. Айтпағымыз надандық тақырыбы ғой.
Абай айтқандай, «артық білім кітапта». Рас, кітап адамның ұстазы, ұстазы болып қала да береді. Кітапты көп оқумен түрлі деңгейдегі интеллектуалдар қалыптасты. Қалыптаса да береді.
Қазір, байқайсыздар ма, көшірме адамдар көбейіп кетті. Мүмкін ертең де солай шығар. Пәлен жерде оқып келген, отандық және шетелдік дипломы дейміз. Оның сауаттылығы мен білімпаздылығын бағалаймыз, бағамдаймыз. Енді неге көшірме деген ойды бір парықтап өтсек. Әсіресе, қызыл тез өшеді дегендей, неге екенін білмеймін осындай адамдар арасынан көшірмелерді көп көріп жүрміз. «Пәлен де пәлен екен, түгенде түгендей екен. Біз де солай бола қояйық. Солардың осы реформасын енгізе салайық, біз де керемек болып шығамыз. Ескінің бәрі қате» деген пайымдаушылар көбеймесе, азаймай бара жатыр. Біздің елдің сауаттылық деңгейі шамамен 95 пайыз көлемінде. Осы жағынан алғанда әлем бойынша бірінші орында тұрмыз. Бұл көрсеткішке жеткен де бар, жетпеген де бар. Мүмкін осының мәнін түсіну үшін алдымен бұл жетістігімізді зерделеп бағалай білу керек те шығар. Өзгеден орынды-орынсыз көшіре беріп, тұтас қоғам тәжірибе алаңына айналғалы ет те үйреніп кетті. Салыстырып, талдап, біздің қоғам мен ол қоғамның артықшылықтары мен кемшіліктерін таразыға тартпай жасау. Демек көргені мен оқығанын еш сүзгісіз жасауда, ойлап қарасақ, жетілмеген зерделік, жойылмаған надандық сияқты. Қалай жазылды солай түсіну. Кітапты оқу онда қалай жазылды солай түсіну емес, бәлки ой жүгіртуді негіз еткенде қоғам жаңа бір сатыға көтерілер.
Бірде мынадай сөзді интернет бетінен оқып қалдым. «Бізге көшіріп басатын ұрпақ емес, қиялдап бір жаңалық ашатын ұрпақ қажет» депті. Ойлап қоясың, қоғамның өзі үлкен жақтан алғанда көп нәрсенің көшірме екеніне көзі жетіп, жеке-дара жолдарды салатын ұрпақтың келуін қалайды-ау. Бұған сәл кейін тоқталсақ.
Негізі, орынды көшіре білу де жақсы нәрсе, оны жоққа шығаруға болмайды. Мәселен, аударма деген нәрсе бар. Басқа тілдердегі кітаптарды екінші бір тілге аударады. Тіпті бірқатар аударманың айналасында жүрген жігіттермен аталған тақырыпта сөйлескенде олардың пайымдауы бойынша, бірі өркениеттер мен империялардың өзі аударма ісін алға қою арқылы әлгі өркениет пен империялардың тілін бәсекеге қабілетті қыла түскен екен. Аударма арқылы аударылған еңбектерді оқып, ондағы идеялар сол қоғамның қайнауына түсе отырып, жергілікті халықтың ішкі талғамы мен танымына жаңаша әсер ету арқылы тың дүниелер мен идеялардың шығуына ықпалы жоғары болған дейді. Мәселен, ислам өркениеті құран мен сүннеттен бөлек, сол замандарда грек философиясын көптеп аудару арқылы әл-Фараби сияқты ғалымдардың қалыптасуына өз әсері тисе, көрші Ресейде Қытай мен Еуропа елдерінің еңбектерін орыс тіліне аудару арқылы аталған тілде бір тұлғаның толыққанды қалыптасуына мүмкіндік беретін ақпараттық қорын жасақтай білді дейді.
Шамасы сырттан келген ақпаратты қорытуымызға да әлі талай уақытты талап етер. Әлі де болса көргенін көшіру үрдісі артпаса кемімеген сияқты. Мүмкін алдағы он-он бес жылдан кейін айтып отырған көшірме ауруымыз бір қалыпқа түсіп, өзінің өзектілігін жоятын да шығар. Оның бәрі уақыт еншісінде.
Қазақта «үйрен де, жирен» деген сөз бар. Бұл сөздің мағынасын бала күнімде түсінбеуші едім. Оны үйренесің, одан соң артынан жиренгенің қалай? Уақыт өте түсінгендей болдым. Айтып отырған мәселемізге тікелей байланысты нәрсе екен. Адам үйренген дүниесімен, сол жолмен бірқалыпта қалып қоймай, тіпті ізденген, үйренген, алған біліміне шәкірттік талғамнан бөлек сыншылдық талғаммен қарағаны дұрыс деген пайымды білдіреді. Сонда ғана адам жаңа бір идеяны өмірге алып келуіне әлдеқайда мүмкіндігі артады.
Әлемдік кеңістікке шыққанымыз, шындап қарасақ, тәуелсіздік алғалы бері ғана. Соның әсері болар, жетпіс жыл бойы, оның алдындағы отарлық дәуірді қосқанда ұзақ уақыт бойы қапаста келген қоғам сырттың жылтырағының бәрін алтынға балап, өзіндегіні бағаламауының бір себебі осында шығар.
Сырттай білетін бір кісі өткенмен өте қатты қаруланып алған. Сөздің берісі XX ғасыр басынан басталып, әрісі XVIII ғасырдың ақпаратын барынша бойға сіңірген ізденімпаз жан. Бір оқиғада жоғарыдағы ғасырларда өмір сүрген кісілердің сөзінен мысалдата отырып, «өз сөзім емес, құдай сөзі» дегендей мәнде айта бір болған оқиғаны талдап, түсіндіріп шықты. Әлгі жерде әлгі ғасырлардағы ойшылдарымыз тіріліп келсе, әлгі кісінің әлгі оқиғаға қатысты пікірін қолдайтындай ой байқатты. Арада уақыт өте әлгі оқиға мүлдем басқа арнасына, яғни, керісінше сценарийде жүрді. Сол тұста жоғарыдағы ғасырлардағы қазақ ойшылдарының сөздерін мысалдата отырып, тағы да оқиғаға баға берді. Арасы бір-ақ аптада қазақтың арғы ғасырда өмір сүрген тұлғалары екі түрлі пайым жасап жатты. Содан ойланасың, бұл қалай, адам деген өткенді бүгініңе қалағанша бұрып кітаби тұрғыда пайдалана береді екен ғой. Бірде бір оқытушы айтып еді: «Совет заманында Абайда айтылатын байдың қыстауға кеш көшетінін байдың сараңдығы деп оқып едік, тәуелсіздік алғалы басқа қырынан айтып байдың қыстауға кеш көшуі оның даналығы, себебі ерте көшсе, қыстау маңындағы шөпті жеп қояды. Ал қыстау маңындағы шөптер байдың төрт түлігінің қыс бойғы азығы». Бұл жерде ізденімпаз жандарды сынауды мақсат етіп отырғанымыз жоқ. Өткенді оқы, бүгінді оқы, келешекті оқы дәл үстінен түсетін дәлдік пен көкірек көздің ашықтығы керек сияқты. Себебі кітапты тіпті жаттап оқығаннан да адам кемеңгер болып кетуі екіталай. Көрегендік қажет секілді.
Алайда кітап оқығанның барлығына көреген болсын деп шарт қоя алмаймыз. Ондай болу мүмкін де емес. Францияның танымал оқу ордасы Сорбон деген университеттің қабырғасында: «Құдайдың бермегенін Сорбон да бере алмайды», - деп жазылғанды естуім бар. Шамасы көкірек көзі ояу немесе түбінде негізі барлар ғана кітаби деңгейден әрі асып, қоғамға қайсысы дұрыс, қайсысы бұрысын саралайтын сияқты көрінеді. Бірақ айтып отырған ойымыз жалпы адам құқы мен либерализм құндылықтарына қарсы келеді. Онда адамның бәрі тең, онда тіпті әлеуеті де бірдей дейді. Бұған қарсы емеспіз, тек сондай ойлар келеді.
Бірде бір танысым осынау тақырыпта сөз қозғай отырып, неге осылай деп сауал қойдым. Ол «Сол баяғы баяғының таяғы», «бұл да бір қоғам үшін рухани алданыш» сияқты тіркестермен жауап берді. Іштей риза болып қалдым. Расында айтылған дүниелер аз да болса қоғамның алға серпілуіне әсері тимесе, рухани алданыш ретінде қала беретін сияқты. Демек, қоғамның прагматикалық тұрғыдан серпілуіне әсері екіталай. Оның басты себептерінің біріне «жетілмеген зерделік немесе жойылмаған надандық» дейміз бе, бұлай айтсақ тым ауыр айыптаған болармыз. Әлде буквализм, көшірмелік індет деген дұрыстау шығар.
Әбіш Кекілбайұлы: «Шыбындағандардың шыжбың сөзіне мәз болып, батпан құйрығының салмағын көтере алмай бебеулеген асыл тақтың сықырын мықтылық алдыңа келгенде алая қарап, адырая сөйлегенді мығымдық, оның айтқан бір сөзіне түйсініп, бір сөзіне түсінбей отырып та қақ-сұқ деп қайырмалап, бірден «жәрекімалла» дей қоймай, сөз бұйдаға салып сілесіп қатырып баққанды тапқырлық, кемеңгерлік санайды. Астына мықты тақтайдан тақ бұйырса, қасына табанында бұдыр, көкірегінде пікір жоқ жылмағайлардан топ жиылса, керемет боп кеттім деп ойлайды. Солқылдақ мойындардағы қалтылдақ бастардың үсті-үстінде шұлғығанын бар тараптағы барлық шаруаның оңға басып жатырғаны деп ұғады. Дүниедегі барлық құбылысты жылтылдақ кез, жылтырақ сөз, қылпылдақ көкіректер арқылы танығысы келеді. Сөйтеді де мылжыңды – ғұлама, көлгірді – періште, жәреукені – іскер, дарақыны – батылды, даңғазаны – ақылды тұтып көкке көтеріп көкіл бағады.
Осының бәрін құдай маңдайымызға ештеңе бермей, аузымызды қу шөппен сүрткізіп қуратып қойған соң істесек, бір жөн ғой. Құдайдың маңдайымызға шынымен бергендерін көрмей, көрсек те көргіміз келмей істеп тұрмыз ғой».
Кемеңгердің көлгір, мылжың, даңғаза сөздері айтылған оймен мазмұндаса түседі.
Алайда біз айтып отырған мәселе мәңгі осылай жүре беретін дүние. Ол шешілмейді. Бірақ сондай бір құбылыстың бар екенін елеп-ескеріп шама келгенше бағамдау жасап кеткен дұрыс сияқты. Келер ұрпақ өз дәуіріндегі осыған ұқсас нәрселерге бағамдау жасар, бүгінгі дәуірмен өз замандарын салыстырып айтар.
Бірақ біздің қазіргі қоғамға кітапта оқығанын тіке түсінетін де адамдар қажет, себебі біздер бүгінгі таңда сауаттылық бойынша әлемде көш бастап тұрғанымен, кітап оқу, тұтас қоғам болып мәселені алдымен публицистика деңгейінде қарастырып, оны талдау мөлшеріне жеткен жоқпыз.
Біздікі пайым ғой. Қоғамда қазір плюрализм ұстанымы бар. Оған сәйкес өзгенің пікірі мен дүниетанымына, көзқарасына толеранттылық таныта білуіміз керек. Бұдан біз де аттап өте алмаймыз.
Бұрындары стандартты надандықпен күресу жеңіл еді. Қазір аталған стандартты надандық біздің елде келмеске кетті. Ел халқының 95 пайызы хат тани алады. Сәйкесінше сауатты. Надан емес. Тек қазір түр-түсін өзгерткен заманына сай «надандық» бар. Оынмен күресу ақыл иелеріне оңайға түспейді. Тіпті оны жеңуі де екіталай.
Абай:
Ғалымнан надан артпас ұққанменен,
Тағдыр көрмей қоймайды бұққанменен.
О дағы қалыбынан аса алмайды,
Жауқазын ерте көктеп шыққанменен,-
дейді. Хәкім де надандық табиғатына тән дүниені айтып тұрғандай.
Руслан Ахмаганбетов