Weekend

Баукеңнің «тәтті» шапалағы

Әбілфайыз Ыдырысовтың естелігінен

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Аты да аңыз, заты да аңыз Баукеңнің (Бауыржан Момышұлы) мінезі мен қасиеті қай қазаққа аян емес! Баукең десе қазағы, қазағы емес-ау, оны білетін қай жұрт та,тіпті, Әлем десек болар, алдымен, қатал, қайсар, қаһарлы, қаһарман, батыл, батыр, жаужүрек Момышұлы ретінде біледі. Оның өзінің туындыларында да, халық жазушысы Әзағаңның (Әзілхан Нұршайықов) әйгілі "Ақиқат пен аңызында" да Баукең - тайсалмас, табанды, бетті, берік, мызғымас, мығым, мықты, мұқалмас жан. Ол сом тұлғалы сом құрыштан соғылған. Сондықтан оны нәзік сезімге берілетін, жұмсақтыққа көнетін, сазды әуенге сарсыла тыңдап, кез келген әнге елти қалатын адам деп әсте ойламайсың!

Бірақ қаһарлы Баукеңде, құрыш Баукеңде, қара қылды қақ жаратын әділ де алмастай өткір Баукеңде, шынтуайтына келгенде ондай да қасиет мол екен! Ол нәзік те, сезімтал да, жұмсақ жүректі де екен! Хас батырдың, міне, осы мінезін, міне, осы қасиетін мен бір ретте өз көзіммен көрдім, өз жүрегіммен сезіп, өз қолыммен "ұстадым". Нақ со сәтте сол қаһарманнан жұдырық жеп,"тәтті" шапалақ татқаным да бар!

***

Жаңа ғана жанұя құрған, жар сүйген, жас сәби иіскеген, "Лениншіл жас" редакциясына енді ғана қызмет істеуге кіріскен, қылшылдаған жігіттік шағым. "Сырдың суы - сирақтан келетін" шақ. Кіммен болса да белдесіп күреске түсуге дайын тұрған шақ!

1956 жылдың сәуір айының аяқ кезі болатын. Көктем ерте шыққан. Алматы жәннатай құлпырып, жайнай бастаған. Осындай жаймашуақ күндердің бірінде редакцияда бірге қызмет істейтін, бұрын комсомол қызметінде болған, қазір хат бөлімін меңгеретін Мәнура дейтін пысық келіншек Май мерекесі қарсаңында үйіне қонаққа шақырды. Сонда ол бірден мынаны ескертті:

- Әбілфайыз, жаңадан пәтер алдым. Соның қоныстойына редакцияның қызметкерлерін жинағалы отырмын. Олармен бірге бір мықты адам болады. Ол кісі шәләй-бәләйді көтермейді. Тәртіпті жақсы көреді. Сондықтан, кешікпе! Сонсын жұбайыңды тастай көрме! Ол әнші деп естідік. Ұятты адам алдында ән салсын! Тағы ескертем: кешікпеңдер! Мүмкіндігінше ертерек келіңдер. Пәтерім: Ленин даңғылы мен Бас арықтың қиылысында. Тау-кен институты оқу корпусының қарсысындағы екі қабатты сары үй. Бесінші пәтер!

Мен онда қаланың Тастақ жақ шетіндегі Бауман деп аталатын көшеде бір ингуш шалдың есігі бөлек, шыны верандалы, екі бөлмелі үйін жалға жалдап тұратынмын. Ол кезде үкімет үйі түгел, қазақ жастарына жалдайтын пәтердің өзі қатыгез. Сондықтан менің күйім өзге жалаңтөстерге қарағанда жаман емес-ті. Үш-төрт айлық, емшектегі Құралай дейтін титтай тәтті қызым бар, үшеуміз! 

Мәнура келіншектің ескертпесін ескеріп, қонаққа баруға үйімізден ерте шықтық. Жеңілдеп, сәндеп орап алған қызымызды көтеріп, Бауманның бойымен арасы біраз жер трамвай аялдамасына келдік. Біз мінетін трамвай ол кезде Алматыны батыстан шығысқа қақ жарып өтетін ұзыннан-ұзақ Комсомол көшесі бойымен жүреді. Қаладағы ол жылдардағы негізгі қатынас көлігі трамвай ғана. Сондықтан оған отыру оңай шаруа емес. Ығы-жығы, халық көп. Ауызы-мұрыны лықа толы сол трамвайға қысылып-қымтырылып әзер отырып, Ленин даңғылына жеттік. 

Енді оның бойымен Мәнура айтқан адреске жетуіміз керек. Ол да оңай шаруа емес. Өйткені ол кезде Ленин даңғылының бойымен қазіргідей ағыл-тегіл автобус та, троллейбус та жүрмейді. Калинин көшесінен Лениннен оңға бұрылып кетеді. Ал Медеуге қатынайтын арнаулы маршрутты автобус анда-санда бір жүреді. Жүргенінің, келгеннің өзінде, оның іші Көк базар жақтан адамға лық толы сықасты болады. Оған мұрын сұға алмайсың. 

Сондықтан, трамвайдан түсісімен Закман екеуміз қызымызды көтеріп, Бас арық қайдасың деп Мәнураның үйіне жаяу тарттық. Жоғары қарай. Күн ыстық. Қаншама жер. Бала көтерген мен пысынап өліп келем. Бірақ, Заряма: "Құралайды сен көтерші!" деуге ұялам. Өстіп, терлеп-тепшіп есіл-дертім: "Қашан Мәнураның пәтеріне жетеміз!"- болып келе жатып, қонаққа шақырған келіншектің"мықты адам" жайындағы сөзін ұмытып та кеттім.

Қазақтың: "Осы жер дегені-көш жер". Мәнураның: "Тау-кен институты оқу корпусының қарсысында екі қабат сары үй" дегені сол институттың студенттеріне арналған нақ сондай екі кабат сары үйлердің арасында болып шықты. Тал түсте солардың арасында адаса жүріп, сұрай-сұрай таптық-ау, әйтеуір, іздеген пәтерімізді. Ол екінші қабатта екен. Есікті үй иесінің өзі ашып:

- Келіңдер,кіріңдер!-деп бәйек болып жатыр.-Ертерек келе ме десем?! Немістік дәлдікпен дәл уақытында келдіңдер.Бөпелеріңді залдың ар жағындағы менің жатын бөлмемдегі төсекке жатқызыңдар!.. Аты кім өзінің? Қырық жеті ме? Атұстар ма?

- Құралай!.. Байығымыз келеді.

Ас бөлменің ашық есігінен Жамал апай көзге шалынды. Ол кісі біздің "екінші" бастығымыз. Аға машинистка болғанымен, редактордың өзі алдында құрдай жорғалайтын "биіміз". Онда гәп бар. Ол атақты Момышұлының бәйбішесі. Өзі де бес биенің сабасындай, келбетті де келісті адам. Қырықтың қалың ішінде болғанымен, "сырлы аяқтың сыры кетсе де,сыны кетпейді" дегендей маңғаз,паң, көрікті кісі.

- Аман-саумысыңдар,шырақтарым? Келіннің аяғы құтты, бөпеңнің бауы берік болсын, Әбілфайыз!-деді,ол да бізді көріп.

Қарым талып, шаршап, әбден терлеген мен тезірек әрі өтіп кеттім де,залға еніп, Мәнураның нұсқаған төсегін іздестірдім көзіммен,онда кірісімен. Төрдегі үлкен диванда тікірейген қалың шашын шалқасынан қайырған, аяғына сол кездегі мода-ақ кенеп ботинка киген, шолақ жең ақ көйлекті бір егделеу кісі басын төмен салып газет қарап отыр. Оған онша көп назар аударған мен жоқ. Диванда отырған кісіге:

- Сәлеметсіз бе? - дедім де, залдың ас үй жақ бұрышында есігі ашық тұрған Мәнураның жатын бөлмесіне кіріп қызымды ораулы күйінде соның төсегіне жайғап: "Ух" деп, терімді желпіп тұрғанда, ауыз бөлмеден біздің редакцияның жігіттерінің дабырласқан дауыстары естілді. Кәкең(Кәкімжан), Сапекең(Сапар), Хайдолла, Әбсаттар, Сейдахметтер шамасы. Бәрі бірінен кейін бірі Жамал апаймен жапатармағай амандасып жатыр. Со сәтте Кәкеңнің:

- Жәке, Баукең келді ме? - деген қоңыр дауысы құлағыма шалынды. 

- Келді... Қоярда қоймай, зорлағандай ғып әкелдім. Залда газет оқып отыр. Неге кешіктіңдер? Ол кісіден сазайларыңды аласыңдар. "Жігіттерің қайда,неге кешігеді?" деп ашуланып отыр. Барыңдар! Амандасыңдар! Кешірім сұраңдар!

Жамал апайдың осы сөздерін естігенде, Мәнураның "мықты адам" дегені есіме түсіп кетті. "Қап!" дедім іштей. - Ол Бауыржан Момышұлының нақ өзі екен ғой! Оған қазақшалап дұрыс сәлем де бермедім, құритын болдым ғой енді?!"

Бұл кезде сырттан келген жігіттер залға еніп, жамырай:

- Ассалаумағалейкум, Бауыржан аға!

- Ассалаумағалейкум! Алматыға келуіңізбен!

- Ассалаумағалейкум! Бауке! Саулығыңыз жақсы ма? 

- Ассалаумағалейкум, аға! - десіп, диванда отырған аңыз адамның жігіттер қос қолдап, иіліп-бүгіліп қолын алып жатты. Осы сәтті пайдаланып қалайын деп, жігіттер дүрмегіне кіріп кетпек болып, келгендермен мен де араласып, оның қасына тақап, қос қолымды созып: "Ассалаумағалейкум" дей бергенімде, ол маған ежірейе қарады да, ұсынған қолымды алмады. Бетін амандасып тұрғандарға бұрып:

- Сендер нағып, шіреніп, кешігіп жүрсіңдер?! Мәнура сағат 1-ге шақырған емес пе?! - деді алдына әскерлерше қаздиып, қаз-қатар тұра қалған жігіттерге, маған жасағанындай емес, басқашарақ қарап.

Шамасы, Кәкеңнің батырмен бұрыннан таныстығы бар болар. Сапар, Әбсаттар, Хайдолла, Сейдахметтердей емес, ол оның алдында өзін батылдау ұстап:

- Бауке, біз қай бір көлікке жарыған адамбыз! Көлік түгіл, басымызда өзіміздік баспана да жоқ! Сондықтан қанша ерте шықсақ та, біріміз сонау Тастақтан, біріміз сонау Татаркадан, кейіміз бірінші Алматыдан жеткенше со болды! Трамвайы түскір де сирек жүреді. Және халық көп. Оған да әзер отырасың. Сонсон, ұбақ-шұбақ болмайық, бірге кірейік деп, бір-бірімізді тосып, дегендей! Кешірерсіз!.. -деді жайды түсіндіріп,сәл кешіккендеріне кешірім өтініп.

- Онда, понятно! - деп диванда отырған Баукең дүр етті. 

Кәкеңнің әлгі сөзінен кейін, оларға енді шүйілмейтін сыңай аңдатып, сабасына түскендей боп. 

-Жамал, қайдасың? Қане, дастархандарыңды ашыңдар! Отырайық! Уақыт болды!

Сөйтті де, ол үстіне бар тағам жасалып қойылған ұзын столдың басынан орын алды. Жігіттер жұбайларымен рет-ретіне қарай, оның жан-жағына қосақ-қосағымен отыра бастады. Кәкең Орыншасымен оның оң жағына, Сапекең Күләшімен мықтының сол жағына жайғасты. Кәкең - редакцияның жауапты хатшысы. Сапекең - редактордың орынбасары. Олай отырулары орынды.

Кірген бетте Момышұлына қазақшылап сәлем бермегендіктен, өзімді кінәлі санаған, сондықтан: "Бітті шаруа!" Тентек аға" үйден қуып шықпаса жарады!" - деп сасқан менде зәре жоқ. Ұсынған қолымды да, берген сәлемімді де алмаған соң, нақ осылай ойлап, не істерімді білмей, Баукеңнің көзіне енді түскім келмей, бүгежектеп шеттеп, ешқайда отырмай, оқшаулау, қайда отырардың ретін де таппай: "Басқалар отырып болған соң, ұзын столдың ас бөлме жақ шетіне тасалай отыруды"-көздеп тұрғанымда төрдегі мықты:

- Ана бөбекті жігіт не ғып тұр, сөлбірейіп отырмай?! Арнаулы өтінуді күтіп тұр ма? - дегені қатқыл дауыспен. Селк ете түстім. Байқаймын. Дауыс үні ашулы адамның үніне ұқсамайды. Аздаған кекесін болғанымен, кешірім бар сияқты, "неғып тұр" дегеніне қарағанда. Со сәтте ол және сөйледі:

- Жасықсың ба деймін өзің?! Әлде мыналардың ең кішісімісің? Отыр ана дәу қараны әрі ығыстырып. Ол сенен де жас сияқты ғой!

- Сөйт, сөйт, Әбілфайыз! Келін екеуің Сейдахметтен жоғары отырыңдар, - деп қоштап жатыр,отағасын, Жамал апай да, маған дем беріп. - Сейдахмет әрі мына Мәнураның інісі. Бұл оның өз үйі. Сендер қонақсыңдар!

- Жетті! - деді, осы кезде, Баукең тағы да қатуға мінгендей боп. - Айтылды ғой, отырады! Ал, Кәкімжан, мен Мәнураның мына пәтердегі дастарханын ашып, үлкен кісі ретінде оның бастауын жасап, батамды берейін. Содан әрі оны шешенсің ғой, сен басқар. Ұжым өзіңдікі. Бәрін білесің. Сондықтан,білгеніңше билеп-төстей бер!-деді де жіптіктей боп орнынан көтерілді.

Үстінде ондац киімі жоқтығы болмаса, қатып-піскен нағыз әскери адам екені, айтпай-ақ, көрініп тұр. Тіп-тік. Екі қолы жанында. Ешқайда мойын бұрмайды. Столдың қарама-қарсы басында отырған Мәнураға көзін қадай қарап, гүжілдеңкіреп шығатын қатқыл дауыспен нық-нық сөйлеп кетті. Мен оң жағымда отырған денесі ірі Хайдекеңді сәл тасалай, аңыз адамның өмірде қандай екенін аңдап қалуға тырысып бақтым.

Бойы ортадан жоғары. Сұңғақ. Жауырынды. Денесінде еш артық ет жоқ, сыптығырдай. Қою қайратты қара шашын қасқасынан қайырған. Жырта қарыс, тік кең маңдайлы. Ұшы жалпақ, етті мұрынды. Атжақтылау. Құлағы үлкен. Қасы жіңішке. Қарасұр кісі екен.Қалың қара мұрт қойған.Оның қылдары жатпай, тал-тал болып, тікірейіп тұр.Иесінің қатал мінезі, қайсар адам екені оның осы мұртынан-ақ танылғандай! Әсіресе, көзінен, көзінің қарасынан. Аңыз адамның көзі айтарлықтай ашық, кең, дөңгелек те емес, ұзынша! Сәл қысық. Сәл сығырлау. Бірақ, қарашығы сонша үлкен. Алара қарайды."От шашады!" Тура қарағанда өңменіңнен өтеді. Тесіп жібере жаздайды. Сондықтан ол көз салғанда,оған ұзақ қарап, қадалып тұра алмайды екенсің! Еріксіз жалт етесің,тайқып кетесің!

Баукең орнынан ширақ тұрып, бәрімізді солай тесіле қарап,күйімізді шолып, "тінтіп" өткенде еріксіз момақан боп төмен қарастық.Әсіресе, кінәм үшін:"Шықпа,жаным,шықпа! Баукеңнің қаһарына іліктіре көрме!"-деп қыпылдап отырған мен.Редакцияда пысықсып,кімге де батыл сөйлейтін Мәнура келіншек те Баукеңнің көзі басқаларды "жағалап" кеп,өзіне түскенде мүләйім бола қалды,төмен қарап.

Сосын мысын көтергісі келді білем,Баукең сөзін:

- Пысық қыз,бері қара!-деп бастады сөзін,әдейі соған арнап.-Сені мен мына бәйбішем Жамал арқылы білем! Бұл өзіңді ылғи аузынан тастамайды,мадақтап.Пысық,өткір дейді.Мен сондай қасиеттіні жақсы көретін адаммын! Бұл да қоймады, қолқалап:"Жүр-жүрдің" астына алып! Бірақ,мұнда өзім ырқыммен келдім:"Осы Жамалдың мақтай беретін қызын көрейінші деп! Шын пысық екенсің! Мына Кәкімжан сияқты қолақпандай жігіттер қол жеткізе алмай, пәтер жалдап, қаңғырып жүргенде,мынадай сайлы пәтерге сенің ие болып жатқаның,салт басты, сабау қамшылы күйіңмен,соның куәсі.Алдымен айтарым:осы пысықтығыңнан айрылмағын! Қазаққа пысық қыздар да қажет.Қонысыңа бата дегенде не айтады саған Бауыржан ағаң?!

Осылай деп:"Бұлар қалай тыңдап отыр екен?" дегендей ол, от шашқан жанарының жарық ұшқынын бізге төгіп, бәрімізді тағы бір тұтас шолып өтті, сәл кідірістеп. Сөз де, ой да онда ағылып-төгіліп келіп-ақ тұрғандай. Бірақ соларды еріксіз тежеп, жібермей тұрғаны танылады. Десе де сөзін сызаттап әрі жалғады:

-Жанұя - титтей Отан! Пәтер - сол Отанның тұрақты Ордасы! Отан да, Орда да берік, бекем болмақ керек! Пысық қыз, сенің сол Отаның берік, бекем, аман болсын! Сол Ордаң ыстық ұяң, жылы,шырайлы, көрікті шаңырақ болсын! Оның іші құт-берекеге, бақ-ырысқа толсын! Қасың аз, досың көп болсын! Дастарханың үнемі қуаныш, тойға жайылсын! Өзің жігіттің түр-түсіне, көркіне қарамағын! Қадір қасиеті, басы, жүрегі мықты жарға кезіккін! Аллаһу ақбар! Ал дастархан ашық! Кәкімжан, қалғанын өзің жалғастыра бер! Рұқсат!

Баукең бастау-бата сөзін бітісімен жігіттер орындарынан атып-атып тұрып, рюмкелерін қолдарына ұстап, батырмен қағыстырып, қағып салу үшін соған ұмтылды. Мен не істерімді білмедім. Басқалармен қатар орнымнан тұрғаныммен: "Әлгінде қолымды, сөзімді алмағандай, тағы да рюмкесін соғыстырмай, масқара болармын!" - деген ой келіп, Хайдекеңнің артынан ере беріп, тайсалып, қобалжып, кідірістей беріп ем, со сәт Баукеңнің тура маған арнаған сөзін естідім:

- Бөпелі жігіт! Соның дұрыс! Келмей-ақ қой! Сенімен рюмке қағыспаймын қазір. Орындалуын сенен талап ететін ерекше тапсырмам бар. Соны дұрыс орындай аласың ба, жоқ па?! Сонсон көремін!

Баукеңнің мына сөзін естігесін, менің мүлде мазам қашты. "Қап, мына қонақтыққа бекер келген екенмін!" - деп ойладым әуелі.

"Өзімде де бар! Неге ғана: "Ассалаумағалейкум!" деген бір сөз аузыма түспеді?! Сонда бітіп жатыр еді. "Құда да тыныш, құдағи да тыйыш!". "Қой да өлмейтін, қасқыр да тоқ" еді?! Әй, қазақтықты ұмыта бастаған, сорлы басым-ай! Кім көрінген ауыл қазағына беретін "ассалаумағалейкүмді" Момышұлына айтуға аяп!? Құдай ұрайын десе осылай ұрады ғой?!" - деп ойладым сонсон.

Одан әрі ойыма мықтының жаңағы: "Орындалуын сенен талап ететін ерекше тапсырмам бар" - деген сөзі түсті. "Ол нендей тапсырма боулы мүмкін,біреудің той дастарханы үстінде?! Бір жаққа шұғыл жұмсамақ па? Қайда? Не үшін? Не әкел, не жаса, не орында деп?! Әлде: "Осыны осылай бір қинап көрейін" деп, стакандап арақ ішкізбек пе?! Онда жаман болмас еді! Соған қызып алып, арыстанмен ойнаған тышқандай қысылмастан ойнап көретін өзімен" - деп те бір ойлап қойдым, оның "берем" деген тапсырмасына қатысты.

"Ау, ол, мүмкін, өзі жайлы жазғандардан, өзінің жазып жүргендерінен бірдеңе сұрайтын шығар, не білетінімді тексерейін деп? Ол да ықтимал. Ол жайлы Александр Бек жазды ғой: "Волоколом тас жолында". Өзінің: "Біздің семья","Офицер күнделігі", "Жонарқасы" бар. "Офицер күнделігі" өзіміздің газетте нөмірден нөмірге басылды. Ана екі туындысын оқығаныммен,соңғысын әлі оқығам жоқ. Алғы шығармаларынан бірдеңе сұрай қалса, кез-келгеніне жауап бере аламын. Соңғысынан ештеңе айта алмаймын. Оған мен кінәлі емеспін. Әлі жарық көрген жоқ!" 

"Осы кісінің мінезі қандай өзі, айтқандай?! Айталық, әлгі шығармаларда? Қатал! Қаһарлы! Тура! Бірбеткей! Талапшыл! Айтқанын: орындайды, орындатады. Екі сөйлемейді! Батыл! Өткір! Қорқақты, сылбырды, иісмалмасты, ынжықты, жасықты жек көреді!.. Тоқта! Жаңа маған: "Жасыңсың ба дейім өзің?" - деді ғой, қай жерге отырарымды білмей тұрғанда. Сондықтан шығар, маған оның осынша шүйлігіп отырғаны. Иә, иә, нақ осында болуы ықтимал. Мен неге қазақшылап сәлем бере алмауымның себебін айтып, оның алдында өзімді ақтай алмадым ғой! Кәкеңдерге адырайып еді, ол неге кешіккендерінің себебін айтып еді, Баукең екі сөзге келген жоқ, сынды. Демек, мықты менің жасықтық жасағаныма, тапқырлық жасамағаныма қырыстанып отыр, өзінің ежелгі мінезіне басып. Қой, бұға бермейін! Аздап қағып ап, батылданайын!"

Мен осындай не бір ойлар шырмауында отырғанда, өзімді-өзім ұмытып, дастархан басында не боп жатқанын аңдамаған екенмін. Баукең соғыс кезінде бастан өткерген бір оқиғаны әңгімелеп кеткен екен. Қыршын кеткен "Жас қазақ" әнінің авторы Рамазан Елебаев жайында. Ол әңгіме неден басталды? Қалай басталды? Оны естігем жоқ. Әңгіме сол сазгер жайында болғанын мықтының өзі тағайындаған тойтақсыр (тамада) Кәкеңнің:

- Иә, Бауке, Рамазан ғажап сазгер болатын еді ғой! Әттең, не керек, оның қыршынынан қиылғанын айтсаңызшы! Сіз жаңа айтқан әңгімеден "Жас қазақтың" әнінің сөзін жазған Ғабиден Мұстафин екенін, әннің қандай жағдайда жазылғанын, Сіздің полкқа бір күн ішінде оны қалай жаттатып, тұтас полкқа Елебаевты жерлерінде, сол әнді табыты басында қалай орындатқаныңызды, мына біздер, бірінші рет естіп отырмыз! - деген сөзінен білдім.

Жауапты хатшымызды бұл айтқанынан әнге де бей-жай қарамайтыны, нәзік сезімі бары да белгілі болды.

Кәкең орнынан тұрды:

- Ал, Бауке, жігіттер, қонақтар, мен енді тойтақсырлық қызметіне кірісем, - деді ол, әдеттегідей дауысын кенеп, байсалды пішінде, әдемі майда қоңыр даусымен: -Рюмкелерге толтырып құйылсын! Бұл Баукеңнің әлгі ақ батасынан кейінгі бірінші және құрметті тост! Оны Бауыржан ағамыз үшін аламыз! Баукең мадақтан, құрметтен кенде адам емес. Оның есімін қазақ қана емес, Одақ, қалды, күллі Әлем біледі. Баукеңе құрмет-қошеметті, мадақты жасап та, айтып та тауыса алмаймыз! Солай ғой, Бауке?

- Солай,так точно! Мақтап, мадақтамай-ақ, жай сыйлаңдар! Адамды-адамша!

- Ендеше осы кісінің есімі үшін! Осы кісінің біздің халықтан - қазақтан туғаны үшін! Біздің осы кісімен бірге отыру, дастархандас болу бақытына ие болғанымыз үшін. Кәне, сыпыра кеттік!

Жігіттер рюмкелерін Баукеңнен жапырласып және соғыстырды. Мен бұл жолы орнымнан мүлде қозғалғам жоқ. Рюмкемді ешкімге соғыстырмастан қағып салдым, өзіммен-өзім болып. Келіншегім мұны ерсісініп: "Неге ана кісімен соғыстырмадың?!"- дегендей бүйірімнен түртіп аяғымды басты. Осы сәтте:

- Молодец! - деп Баукең гүр етті. 

Мен дауыс шыққан жаққа қарадым. Батыр бос рюмкесін көтеріп маған қарап тұр екен. 

- Сендер де енді әр тост сайын маған жүгіре беруді қойыңдар! Жетті!

Дастархан басындағылардың күллісі жапырыла маған қарады. Рас па, өтірік пе? Әйтеуір, батырдың әлгі сөзімен-ақ, менің мерейімді әбден көтеріп тастағанын сездім. Шамасы, "Жаңағы жасықтыққа қатысты ойым дұрыс болып шықты! Енді оның алдында батылырақ болайын!" - деп ойладым бұ жолы. Содан жадырадыс. Тынысым кеңіді.

Думан қыза түсті. Бірінен-бірі шебер тостар айтылып жатты. Біраздасын Баукең:

- Сен, Кәкімжан, Има Сумакты аудармай салатын едің ғой! Соны орында! -деп, Кәкеңе өзінің"ежелгі" репертуарын орындатты.

Ешкімнің сұрауынсыз-ақ, жиында делебесі қозып отыра алмайтын Сапекең Есбаев пен Жамақаевтың жаңа әндерін орындады. Әл гулей бастады.Міне,осыдан менің де делебем қозып: "Мына Кәкең бізді неге еске алмайды? Оны ешкім есіне алып, неге елемейді?!"-деп, іштей шиыршық атып отыр едім.Осы сәтте:"қоянның қашуына-мылтықтың басуы" дегендей, ойда жоқта,оқыстан Баукеңнің:

- Басқаң қоя тұрыңдар! Ана, Әбілфайыз деген жігіттеріңе тапсырмам бар деп едім ғой? Оған сол тапсырмамды орындатайын! Сен, қане, Мұсаның "Ақ сисасын" сал!" - деген маған.

- Үш түрінің қай түрін айтайын,Бауыржан аға?-дедім, мен де өзімше қоқиланып.

- Бірінші не екінші түрін айт!

Осыны естіп: "Бар болғаны осы ма, тәйірі тапсырмасы?! Уһ!" - дедім іштей. "Тапсырма" дегені не десем, осы екен ғой! Мұның жарасы жеңіл маған!" 

Осылай ойлап желпіндім де, орнымнан дереу тұра сап, "Ақ сисаны" желдірте жөнелдім. Өзімше кереметтеп: "Ақ сиса, қызыл сиса, сиса-сиса, қалмайды кімдер жаяу зорлық қылса" дей бергенім сол еді:

- Тоқтат!-деп Баукең столды сарт ұрды. Сөйтті де, өзі орнынан ұшып тұрып, мені қасына шақырды.

Мұны көргенде зәрем зәр түбіне кетті. Тек: "Тіпті, бүлдірдім-ау! Енді қайттім?! Енді не істейді?!"- деп қана ойлап үлгеріп, "жағымнан шапалақпен салып жіберетін шығар" деп күтіп, амалсыз қасына тақадым. Қаздиып тұрған, түтігіп кеткен ол:

- Стой! - деді тағы да ыза кернеген үнмен.

- Басың ана Жүніспек болып, ғажап әнді осылай бүлдіресіңдер, "фокстрот" етіп, секілдетіп! Бұл ән - фокстрот емес! Жаяу Мұсаның атын тартып алған ұлық Мұсаға ыза үні. Кегі! Атқан оғы! Ол былай айтылуға тиіс!

Осылай деді де Баукең "Ақ сисаның" бірінші түрін айта бастады.

- А-ақ сыйис-а-а,қыы-зыыл сыйи-с-а-а, сыйи-с-а-а!

Қаал-маай-дыы, кіім-деер жаауу, зоор-лық қыыл-с-а-а!

Нақ осылай тісін қарш-қарш шықырлатып, дауысты әріптерді буын-буын етіп сонша созып,өрекпіп, екіленіп, ызаланып, тістене айтып, жұдырықтарын тас түйін түйіп, поездың доңғалақтарының алға-артқа ырғаған рычагіндей, қос қолдың шынтағын бүккен күйі әрлі-берлі ырғап, созып,"поезд жүрісіне" сап,жанары от шашып, буырқанып-бұрсанып, бірінші шумақты зор қоңыр дауыспен гүрілдеп, кектеніп айтып шықты да:

- Екінші, үшінші шумақты әлгі нақ мен айтқандай етіп орында! - деп бұйырды.

Менің басқаша жасауға шарам қалмады. Енді мені де әлдеқандай ыза-кек қысты! Оған араласқан намыс та бар! Неге арландым?! Неге намыстандым?! Кімге ызалымын, кектімін? Өзіме ме?! Баукеңе ме?! Мұны білмеймін! Осы күймен өзімді, ән салатынымды ұмыттым! Көз алдыма ыза-кек көрнеген әлдеқандай қаһарлы адам келді. Соған ілестім. Соның кейпіне ендім. Сол адам болып үн шығарып, кекті, ызбарлы сөздер айттым. Ән салысым, буырқанысым, ызалануым, кеетенуім жаңағы Баукеңе ұқсас. Тек қос жұдырығымды түйіп ап, қолымды әрі-бері сермеймін! Осы күйде екі шумақтың аяғына қалай жеткенімді, менің айтуымды "бұйрықшымның" қалай тыңдап, қалай қабылдап тұрғанын сезгем де жоқ! Тек енді бірден Бекежан болғым келді.Содан болар "Ақ сисаны" орындап болдым да ештеңе айтпастан есікке беттедім. Кетіп бара жатып,Заряма "дайын отыр!" дегенді сездіріп, иығынан қағып өттім де,залдан шығып кеттім.Аң-таң боп жұрт қалды.

Жұбайым екеуміз,өз достарымыз арасында солай ететінбіз біраздан бері. Сондықтан үйреншікті сахна-көрініс! Өзім талай айтып жүрген Бекежанның ариясы! Бұл өнерімізді мына отырғандар әлі білмейтін.

"Қане, енді тыңда, Бауке, мені! Сонсон бағалап көр, Әбілфайыздың кім екенін?!"- осындай намыс та бойды кернеп, қыстап барады. Тысқа шыққасын әдеттегідей, өз күйіне, нәшіне келтіріп алдым да Жібекке ынтығып, емреніп, жан тербеп Бекежан кейпіне ене, бар дауысты ең биігіне келтіріп алдым. Сонсон, зор тыныстап ап: "Арқаның ару қызы арма Жібек!.." дегенді соза айтып, әуезді айғайға басып, алға аттадым. Есікті ашып,ішке еніп келгенімде жұрт ду қол соқты. Баукең де солай. Закманым сызылып орнынан тұрды. Маған бет бұрып еркелеп, Жібек кейпіне енді. Қандай әдемі еді ол! Жібек десе Жібек! "Өзіңе жаңа келдің, Алтайым!"- деп ынтызар боп тұрғандай, ол. Бұл мені, тіпті, қанаттандырды. Енді бұйрықшымның барын да ұмытып кеттім. Баукең мүлде естен шықты. Содан, біртүрлі еркіндікке ендім. Хал-күйін сынағанда Жібектің Бекежанға берер жауап ариясын Закманым тамылжыта орындағанда, екінші көріністе мүлде Бекежан болып алдым. Соның бейнесіне, болмысына толық ендім. Арындадым. Ойқастадым.Соңғы үшінші көріністегі арияны айтуым алдағы арияларды орындауымнан да сәтті шықты.Жібек алдында мақтандым! Батырсындым! Заря-Жібектің қоштасу ариясына көшті. Енді, мен Бекежан ретінде әбестік еткенімді мойындадым. Жібек-Зарям: "Өксумен өмір бойы өткенімше, қайғысыз бір жолата бітсін дедім!" - дейтін жеріне жеткенде,мен шыдай алмай, жарыма қосылып та кеттім. Әнді бітіріп, біз құшақтасып,сүйістік, кәдімгідей! 

Дастархан басындағылар естерінен танғандай болды. Театрда отырғандай гу етіп, шулап кетті. 

- Жасаңдар!

- Өркенің өссін!

- Қосақтарыңмен қоса ағарыңдар! - десіп жатыр. Осы сәтте:

- Всем встать! - деген саңқ еткен дауыс естілді.Баукең екен! Өзі бізге ырза бола қарап қаздиып қол соғып түрегеп тұр. Жұрт орындарынан жамырай түрегелді. 

- Кәкімжан! Бәріне толтырып құйылсын! - Баукең енді осылай деп әмір етті. - Бірің тамшы қалдырмай ішетін боласың,мына Бекежан мен Жібектің құрмеріне! Әндеріне! 

Сөзге Жамал апай араласты: 

- Әбілфайыз мен Заря Бекежан мен Жібек қана емес!Бұлар:нақ Төлеген мен Жібек болды ғой,Бауыржан!

- Жарайды, ол да болсын! Төлеген- Қыз Жібек! Әй,Төлеген,бері кел! Төлегенге де, маған да ақаңды үлкен рюмкеге толтырып құйыңдар!

Толтырып құйылған ыдысымды ұстап Баукеңнің қасына келдім.Ол мені өзінің алдына тұрғызды.

- Тыңдағын! - деді, маған тағы да бұйырып. - Міне, көрдің бе? Қорқақты қуа берсе - батыр болады! Ынжықты қайрай берсе - батыл болады!" - деп қазақтың тегін айтпағанын?! Сәлеміңді алмай қатайып ем! Қолыңды алмай қасарып ем! Көрдің бе, оның саған қандай пайда келтіргенін?! Дұрыс айтпаған, мәнін түсінбей айтқан әніңді де түзеуім де саған сабақ болды! Енді ұқтың ба, неге олай еткенімді? Неге өйтіп, қайта-қайта шапалақтағанымды?!

- Ұқтым, Бауыржан аға! Олар тәтті шапалақ қой! Оған дене ауырмайды. Шынығады! Шыңдалады!

- Дұрыс! Ұғынғансың! Ұқсаң, соларды ғұмырлық есте тұтқын! Жасық болмағын! Не істесең де мәністі біліп істегін! Жаңағы Бекежан ариясын орындағаныңдай! Қане, бәрің Төлеген мен Қыз Жібек үшін көтеріңдер рюмкелеріңді! Тамшы қалдырмаңдар!

Баукең менімен рюмкесін бірінші соғыстырды да, ішімдікті өзі бірінші боп алып қойды, түгін қалдырмай.

- Әйда, бар орныңа отыр! Жасқақтама! Менен "жеген" шапалағыңды ұмытпағын! 

Сөйтті де, Баукең түк болмағандай,балаша кішірейіп, жастармен жас болды да кетті. Үзіліс кезінде өзінің әнді қалай сүйетіні, қалай қастерлейтіні жайлы әңгіме шертті. Ахметтің, Сегізсерінің, Ыбырайдың, Әсеттің біз білмейтін, біз естімеген әндерін өзі ыңылдап салды. "Қыз Жібек" операсын тыңдаған сайын, Жібектің қоштасу әнін естігенде, ол жүрегі елжіреп, ылғи көзіне жас алатынын мойындады.

- Сезімсіз жүректі батыр-батыр емес! - деп түйді әңгімесін.

Неткен сезімтал, неткен нәзік жүректі адам! - десеңші Баукеңді!?

***

Содан бері, міне табаны күректей қырық төрт жыл өтті! Баукеңнен жеген "тәтті" шапалағым да әр кез есімнен кетпейді. Баукеңнің батырлығымен қоса, жүрегінің сонша нәзіктігі де, сезімталдығы да ешқашан есімнен кетпейді. Оның "Ақ сисаны" қалай айтқаны,әлі күнге көз алдыма тұр. Оның сондағы айбынды үні құлағыма келеді,қазіргідей! Неткен құдірет!?