Weekend

Айға шағылған найза

Шерхан Мұртаза

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Айға шағылған найза

Келемін қайтып,

Өлеңімді айтып,

Қолымда найза,

Шағылып айға. (Қасым Аманжолов)

Осы буын ағалар маған өте-мөте аяулы. Он сегізге толар-толмас қаһарлы майданға аттанған бауырларды мен елден көп көрдім. Топ-топ болып аттанып, селдіреп, сиреп, некен-саяқ қана оралды.

Сол ерлік буын қатарында қазір аты әйгілі жазушы Тахауи Ахтанов та болып, сұрапыл соғыстың от-ажалына шарпылып, бақытқа орай аман-сау елге қайтты. Найзасы айға шағылып, көкірегі жырға толып қайтты. Сол жырды қалам арқылы сыртқа шығармасқа болмады. Найзасы қаламға айналды. Іште қайнап жатқан жыр, өмір мен өлім арасында буырқанып туған сөз сол найза-қалам арқылы кітап болып келді. Кейбіреулер күндіз-түні күшеніп тудыра алмайтын құдіретті сөз Тахауи Ахтановтың қаламынан емін-еркін тасқындады.

Әдебиет халықтың рухани байлығы болса, сол байлықты азаптанып дүниеге келтірер таланттар халықтың маңдайына біткен кенен ырыс, жарық жұлдыздары. Тахауи Ахтанов халқымыз бен әдебиетіміздің осындай ырысына айналған санаулы суреткерлеріміздің бірі және бірегейі. Халық пен әдебиет Тахауи Ахтановты әрі мақтаныш, әрі бедел тұтады. Мұндай зор құрметке бүгінде жасы алпысқа толып, халық тойлап отырған Тахаң дәуір шындығын тек өзіне тән қаламгерлік зергерлікпен кестелеген кесек туындылары арқылы заңды ие болды. Бұған оның қырық жылға жуықтаған шығармашылық жемісті жолы, зергер талант тұтастығы куә.

Найза-қаламның әуелі «Қаһарлы күндер», одан соң «Боран», «Шырағың сөнбесін» романдары, «Сәуле» мен «Ант» драмалары, «Үндістан хикаясы» мен «Махаббат мұңы» повестері, «Керуен» мен «Көкейкесті» сын мақалалар, эсселер жинақтары жазушы творчествосында ғана емес, бүкіл әдеби жанрлар тарихында да көрініп тұрған қадау – қадау бел-белестер.

Халқымыз суреткер Тахауи Ахтановты ерте таныған және өзінің ықылас-сүйіспеншілігіне ерте бөлеген. Тауфихты оқырмандар махаббатының бастауында «Қаһарлы күндер» романы тұрғаны рас. Бірақ, оның қаламынан туған әрбір жаңа шығарманы құныға да қызыға күтетін оқырмандардың іңкәр құштарлығының іргетасына Ахтановтың партиялық принциптілікпен мейлінше адал, шыншыл жазылған сын-мақалалары негіз болғандығын айта кету парыз. Бұған сыншы Ахтановтың Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясы туралы мақалалары мен ғабит Мүсіреповтің творчествосы жөніндегі монографиясы және басқа көптеген сыни еңбектер дәлел.

Тахауи Ахтановтың кәміл суреткерлігі кез-келген шығармасынан тайға таңба басқандай айқын көрінеді. Себебі оның шығармалары тек шындықты, өмір шындығын арқау етеді. Бұл орайда Ахтанов тақырып актуальдығын әсте малданып көрген емес, оңай олжаға барған емес. Ондай пендешіліктен бойын аулақ ұстап, соны өзгелерден де талап етеді. Өйткені ол әдебиетті Ардың, Азаматтың ғана ісі деп үлкен жауапкершілікті алдына шамшырақ, нысана етіп қоя біледі. Бас хас суреткердің кредосы.

Ұлы Отан соғысы туралы туындылар аз жазылған жоқ, әлі де жазыла береді. Олардың ішінде өмірі ұзақ, халықпен қатар жасай білетіндері де бар, мұндайлар әрине, өте сирек, аз күндік «тыз етпелері» де, сөлсіз, нәрсіз «сөнік көз» шала-жансарлары да бар. Мұның бәрін уақыт өзі екшеп алады. Ал «Қаһарлы күндер» сол қатал екшеуден жасқанбайтын жасампаз роман. Романның басты ерекшелігі, принципті табысы – жазушының мұнда көркем психологизмге айрықша мән беріп, ден қойғандығында. Соғыс тақырыбына жазылған көптеген туындылар осы жағынан ақсады. Схематизмге ұрынды, жалаң пафос, «урашылдық» дертіне ұшырады. Осындай кітаптар қазақ әдебиетінде, басқа да әдебиетте қаулап тұрған кезде, «Қаһарлы күндер» «көп арпаның» ішіндегі «бір бидайдай» көрінді. Өйткені мұнда Тахауи Ахтанов: жоқ, жолдастар, соғыс тек «ура» емес, оның қасіреті, қайғысы да көп болды, жеңіс алақанға өзінен-өзі қона салған жоқ. Соғыс бар жерде адам бар, ал адам сезімсіз болмайды, - деді де, сол сезімнің психологияның қандай болатынын көрсетті. Сөйтті де Ержан,Мұрат,Раушан, Уәли, Қартпай, Добрушкин, Бондаренко, Зеленин,Кәкібай, Коростылев, Бөрібайлар арқылы соғыс шындығын, соғыстың түр-тұрпатын, «ураның» ар жағындағы қатпар-қатпар қалтарыстарын танытты. Соғыстың «сықпытын» мың-мыңдаған адам өз көзімен көрді. Бірақ, оның барлық бояуын мыңнан біреу ғана байқай алады, ол болашақ жазушы Тахауи Ахтанов еді.

Осы бір сыршыл да қатал реализм Тахауи Ахтановтың «Дала сыры» (кейіннен «Боран» романы) повесінде де өркештене түсті және жазушының қолтаңбасын даралайтын жетекші сипатқа айналды. Бұл шығармада да қаламгер әлеуметтік талдау мен адамгершілік проблемаларын нәзік те шебер қабыстыра білді. «Боран» романы Одаққа, шет елдерге қазақ әдебиетінің жетістігі мен мүмкіндіктерін танытқан сүбелі туынды. Бізде одан бұрын ауыл шаруашылығы, оның ішінде қой шаруашылығы адамдары туралы туындылар аз жазылмаған. «Боран» болса олардың бәрінен де гөрі басқа қырынан көрінді. Бұл шығарма тек шындыққа табан тіреді. Қасболат сияқты өресіз «төрелерді» әшкерелеп, Қоспан сынды қоғам ерлерінің мәртебесін биіктетті. «Боран» - Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығына ие болған алғашқы туындылардың бірі.

Тахауи Ахтанов проза жанрында жарқырата көрсеткен өмір шындығы орын драмасынан да биік оырн тапты. Суреткерлік болмысы адал Ахтановтың «Сәулесі» осындай туынды. Жетім қыз тағдыры, соғыс жылдарының ауыртпалығы, шындығы, Сәуленің мінез-құлқы, іс-әрекеті арқылы көрініп, советтік заман тәрбиелеген жаңа сипаттағы әйелдің шын тұлғасы қазақ әдебиетінде тұңғыш рет толық бейнеледі. «Борандағы» Қоспан, «Сәуледегі» - Сәуле ұнамды қаһармандар ретінде біздің әдебиетімізде үлкен орын алған тұлғалар. Қазір біздің сыншыларымыз Одақ көлемінде де, республика аумағында да осы бір ұнамды герой төңірегінде оқтын-оқтын айтысып қалып. Сол ұнамды герой осы күнгі әдебиетте ұсақтап бара ма, жоқ па деген күдікке күпті болып жүрген кезде, Тахауи Ахтановтың қаламынан туған әлгі бейнелер көңілге көп медеу. Сәуле мен Қоспандар өмірде көбеймесе азайған жоқ, көркем әдебиетке келтіру көп күшке түсіп жүргені де рас. Қоғам мүддесін көздегенсіп, көбінесе өзінің жеке басының, қу құлқынның, жұмсақ креслосының, аз күндік лауазымының қамын көбірек ойлайтын келте өрелілер арамызда әлі де бар. Ал олардың бейнесін осы күні көптеп шығып жатқан роман, повест, пьесалардан ішінара кездестірсек те көкейге қонбайды, көңілде қалмайды. Ал, Тахауи Ахтановтың Қасболаты мен Сырдағы ұмытылған жоқ. Жазушының пәрменді құдіреті деегн сиқыр дүние, міне, осындайдан танылады.

Тахауи Ахтанов тарих қойнауларына да саяхат шегіп дүниеге «Ант» атты драмалық туынды әкелді. Бұл бір философиялық иірімдерге, шамырқанған шарпысуларға, ірі-ірі тартыстарға толы дүние болғандықтан, ұлттық санамыздың бетке ұстар сирек спектакльдерінің біріне айналып отыр. Қазақстанның Россияға өз еркімен қосылуының екі жүз елу жылдығы қарсаңында дәл осы тақырыпқа арналған шығармалар аз болмады. Ал, ақ өлеңмен, ұдайы бір философиялық афоризмдер тіркесінен тұратын шумақтармен, он сегізінші ғасыр тынысын танытатын тұнық, таза тілмен жазылған «Ант» мекені өзгеше. Кейде біз қолда бар алтынның қадірін дер кезінде біле алмайтын керенау мінездің торына түсе береміз. «Ант» сияқты дара туындылары мейлінше қолдап, өзіне лайықты сый-сыяпат көрсеткеннен біз әсте ұтылмас едік...

Мен өз басым Тахауи Ахтановты жазушылық даралық, талант, білім, парасат, адамгершілік тұрғысынан алғанда Одақ көлеміндегі жәдігерлеріміз, Тахауидің тұстас-замандастары, тағдырластары Мұстай Кәрім, Давид Кугультинов, Расул Ғамзатов, Василь Быков т.б. қатарында тұрған үлкен суреткер деп танимын. Бұл менің жеке пікірім десем де, көпшілік солай ойлайтынына күмән жоқ. Ал кейбір жолдастар кіржіңдесе – амал не, бізді көбінесе көгертпейтін сол кіржің екені әмбеге аян. Абырой-атақты ауыл маңайының шеңберімен шектеп қоймай, жаманымызды жасқап, асылымызды асырар болсақ,- ол ел ырысы, халық мерейі. Қай халық мерейім үстем болмасын дейді. Қазақ әдебиетінің мерейі мен мәртебесі жолында халықтың өзіндей, пейіліндей, даласындай, табиғатындай кеңдік, биіктік, тереңдік таныта бергеніміз абзал. Қатаң талап, биік талғам деген ұғымдар әсте қысталаңды қырсық маңдай қызғанышпен, «пәленшенің түгеншеден несі кем?» деген сызданыспен, «ауылбайшыл» өресіз өлшеммен қатар жүрмеуі керек.

Сырын білмеген адамға Тахауи тым тәкаппар, тым тік көрінер. Сырын білмеген адамға... Ал, шындығында осы үлкен жазушы аса ақкөңіл, аңқылдап қалған, аңқаулау да мінезі бар. Егер рухани туыстық танытса, онымен баласындай жас ақын-жазушылар да, өзінен әлдеқайда жасы үлкендер де құрбы-құрдас сияқты болып кете береді. Мен көзі тірісінде Бауыржан Момышұлымен белгілі бір әдепте сырлас болдым. Ол туған халық, оның әдебиеті, өнері, әдебиет пен өнердің өрелі қайраткерлері туралы оңашада өз пікірлерін айтып отыратын. Солардың ішінде өзіне ерекше жақын тұтары, мінез байлығымен де, талант байлығымен де оны тәнті етері осы Тахауи Ахтанов еді. Әскери адамдардың, соғыс сұрапылына суырылғандардың ауызбен айтып болмас, тек іштей ғана толық ұғынысар рухани туыстығы шығар, кезінде бұл екеуі ұдайы қатар жүріп, ұдайы әмпай-жампай болмаса да, араларындағы қимастық сезім, шын ерлерге тән асыл сезім мол еді. Мұны Бауыржан Момышұлы қабірінің басында Тахауи Ахтанов керемет жеткізді де. «Ноқталы бас пенделер дүниесінде ноқтаға басы сыймай кеткен» майданас, найза-қаламдас ағасы туралы тебірене сөйлеген сөзі баршаның есінде.

Тахауи Ахтанов «Шырағың сөнбесін» романын ұзақ жазды. Бірінші кітабы 1973 жылы шықса, екіншісі 1981 жылы жарық көрді. Бұл да аса бір жауапкершілік нышаны. Сабырлы еңбектің құны салмақты болды. «Шырағың көнбесін» - «Қаһарлы күндерден» кейін соғыс тақырыбына қайта оралу. Өзін-өзі қайталамай, тыңнан, тіпті басқа қырынан келді. Романда боздаған бомбалармен, зіркілдеген зеңбіректердің жексұрын арсыл-гүрсіл дауыстарының арасынан ұдайы бір үзіліссіз, иә скрипка, иә қыл-қобыз ғажайып бір нәзік үнмен сыңсиды да тұрады. Бұл – лирика, арманшыл Тахауи жанының лирикасы.

Енді ертең ғана туған күнін тойламақ болып қамданған офицер, әні-міне ай күніне жетіп, тұңғыш рет нәрестелі болайын деп отырған Нәзира келіншек; аулада әскер болып ойнап жүрген балалар; сандуғашы сайрап, бейбітшілік бейнесіндей болып балбырап тұрған орман – қанша адам, соның бәрі көкірек толы үміт пен арман – бір сәттің ішінде алай-дүлей, астаң-кестеңі шыққанда қандай сурет болуы мүмкін? Адамдар әрқайсысы бір-бір дүние. Кенеттен зілзаладай ойран ойнақтағанда сол адамдар басында қандай құйындар ұйытқиды? Осының бәрінің жауабы, жалаң сөзбен емес, кестемен, суретпен салған жауабы «Шырағың сөнбесінде». Тахиуи талантының құдіреті де осында.

Заманымыздың заңғар суреткері Мұхтар Әуезов дүниеден қайтар кезден сәл бұрын Москвада жатып аса бір көрегендікпен елдегі бір топ талантты інілеріне арман-тілекке, өсиетке, менің жолымды ары қарай ұзартар деген үмітке толы бақылхат жазғаны көпге аян. Сол хат жолдаған інілерінің бірі - Тахауи Ахтанов. «Бұл жолда, алда көп-көп ыстық тартымды, аса қызу-қызғылықты, шын шабытты құштарлықт туғызатын болмыстар, сәттер, шындықтар бар. Осы адамдар жақсы, ойлы, саналы, арлы болса – халқыңның, қауымыңның да болашағы ғой, - деп жазған еді замандас образын сомдаған Ахтанов кейіпкері туралы Мұқаң. – Оларды көрсетумен бірге, сынаумен бірге баулу, бастау, қалыптау да керек. Сен шынайы қызығарлық соныға түскенсің. Соған мейлінше құдіретің де жетеді. Ілгері, тереңдеп, ірілеп тарта түс, тарта бер. Бұл тақырыпта сен ұдайы әділ-адал шындықтың өзінде боласың ғой. Қоспа, бояма, фальш мұнда керек емес. Бәрі өзің жақсы білетін өз ортаң, өзің жүзіп жүрген мекен-көңіл». Иә, ол кезде Тахауи отыз сегізде еді. Енді міне, алпысқа келіпті. Ұлы Мұхтар сенімі ақталған.

Шырағың сөнбесін, Таха! Қолыңдағы қалам-найза айға шағылып, туған елдің төсінде, халқыңды тың туындыларыңмен сүйсіндіріп, тарлан шағыңда да алға аялдамай тарта бер!