Weekend
Дж. М. Кутзее және оның қызметшісі
Даниэль Дефо.Робинзон Крузо
Линкольншир жағалуында орналасқан Бостон әдемі қала деп жазады оның қызметшісі. Онда кемелердің бағытын анықтауға арналған алып Англиялық қоңырауды көруге болады. Бостонның айналасын мибатпақ жайлаған. Бұл аймақты зарлы әрі мылтықтың дауысындай ащы үндері құлақты қарықтырар залым құстардың сан түрі мекен етеді.
Батпақты алқапта небір түрлі үйрек, барылдауық үйрек, шүрегей сынды құстар кездеседі. Осы жерден орын тепкен адамдар аталмыш құстарды аулау үшін, өздері алдамшы деп атайтын және үй үйректерін бағуды қолға алған.
Мибатпақтар батпақ атаулының кіндігі болып табылады. Бұндай кеңістіктер Еуропа тұрмақ, барлық ғаламға тән болғанымен, айта кетері, бұл жерлерге ағылшын тілінен тәржімалауға келмейтін «фен»-fenдеген атау беруді жөн көріпті-мыс.
Бұл линкольндық көз алдаушы үйректерді, дейді оның қызметшісі, арнайы фермаларда қолдан азықтандырып бағады. Кейін межелі уақыты келгенде оларды Голландия, Германия сынды шет елдерге жібереді екен. Голландия мен Германияда өздері тектес құстардардың бұларға өзендеріне мұз қатып, қар басқанына аяушылық танытуларына, өздеріне ғана ұғынықты тілмен, Англияда бәрі олар ойлағандай емес екенін, бәрі керісінше екенін: англиялық үйректерде жағалау барын, азық мол, өзендерге құятын ағыстардың барын айтып әлек болады; олардың өзен-көлдері бар, ашық алаңқайлы зауыттарда жем-шөп ағыл-тегіл; білінер-білінбес болымсыз аяз болмаса, қар деген атымен жоқ.
Осындай үйректер тіліндегі әңгімелерімен көз алдаушы үйректер жабайыларды алдап соғады деп жазылған екен. Олар Германия мен Голландиядан үйір-үйірімен теңіз асып, өздері ғана түсінетін барылдаулармен біз айтқан Жер Жәннаты осы деп сендіріп, Линкольн мибатпақтарында орналасқан жалған зауыттарға алып келеді. Өз істерін бұлжытпай орындап жүрген үйректердің иелері осы мезеттерде қамыс арасына жасырынып, суға жем шашумен айналысады; ал көз алдаушылар болса шетелдік қонақтарын соларға қарай бастайды. Біздің Англиядағы өміріміз міне деп барылдаудан танбай, екі-үш күнді артқа тастап, өзен арнасы әбден тарылып, қонақтары арнайы құрылған ауға түскенше тоқтамайды.
Сонан соң көз алдаушы адамдар құстардың соңынан шәуілдеп жүзуге үйретілген көз алдушы иттерді жібереді. Жүректері тас төбелеріне шыққан үйректер ауада доға секілді иілген аудың кесірінен суда ғана жүзуге қауқарлы күйге ұшырайды. Қақпан жиырыла беріп, тұтқындарды бірінен соң бірін суырып алып жатқан көз алдаушы адамдарың алдына алып келеді. Өз үйректерінің мақтауын асырып бастарынан сипаса, әлгі байғұстарды құлақ шекеден бір ұрып, мың болмаса, жүз шақтылап сатуға аттандырады.
Жоғарыдағы Линкольнширлық жаңалықтардың бәрін мұқият әрі тез әрбір жаңа бет сайын қауырсынын пышақпен ұштап отыратын қызметші жазатынға ұқсайды.
Бірінші Яков билегенге дейін Галифаксте жазалау машиналары болған деп жазады қызметші. Арнайы орнатылған ағаш арқалыққа немесе бағанаға қойған жазаланушының басын, баскесер доға тілін ағытқан сәтте ауыр алмаз жүздері тіліп түсіреді. Шіркеу есіктері сынды алып рамалардың бойымен төмен құлдилаған алмаз адамның басын қағып кетті-қасапшы пышағының нақ өзі.
Голифакста мынадай дәстүр орнығыпты, егерде доға тілінің ағытылып алмаз жүзі нысанасына жеткенге дейін жазаланушы орнынан тұрып, ,әлбетте, жан ұшыра жүгіріп, өзенге сүңгіп үлгерген болса, оған қоса баскесер қолына түспесе, бостандық беріледі екен. Өкінішке орай бұндай жағдайға кез болу мүмкін болмапты.
Ол (қызметшісі емес, өзі) Бристолда жағалаудағы өз бөлмесінде осының бәрін оқып отыр. Жасы егде тартқан, қартайды десе де болады. Өзіне пальма жапырақтарынан көлеңке болар қолшатыр жасап болғанша қарайып үлгерген бет терісі бозаңданайын дегенімен, сол құп-құрғақ қалпы; мұрнының үстінде жазылмай-ақ қойған күннен шыққан ойық жара.
Аралдық өскінге бөлменің бұрышынан орын табылғанымен, өзімен ала келген тотықұс өліп қалғалы қашан. «Байғұс Робин!Байғұс Робинзон Крузоны кім құтқарады?»-деп, иығына қонақтап алып айғайға басушы еді. Оның күн сайынғы толассыз «Байғұс Робин» деп қылқылдауына әйелі теріс қабақ танытып жүретін. «Мен оның мойынын бұрап жұлып аламын»-деп қаһарға мінгенімен батылы жетпеген болуы керек.
Англияға өзінің аралынан алғаш тотықұсымен, өскін және де сандық толы қазынамен оралып, бастан кешкені туралы кітаптың сатылымынан түскен мол ақшаға Хантингдоннан алған үйінде жұбайымен тату-тәтті тұрып жатқан. Алайда, аралдағы жылдары мен итаршы Жұмамен өткізген уақыттары оны бір сәтке үй күшік джентельмен өмірінен жеріндіріп жібергендей. Шынын айту керек, отбасылық өмірінің қызығатын жері болмаған. Біз сені танимыз дегендей иелері кіріп келгенде кісінегендері болмаса, ауыздарына құм құйып тұратын жылқыларының арасынан жиі-жиі табылатын болып жүр.
Жұманы жолықтарғанға дейін аузынан сөз шыға қоймайтын меңіреу күй кешкен аралдан оралған соң, оған мына әлемде әңгіме тым көп секілді көрінді. Әйелімен бір төсекте жатып, басына сатыр-сұтыр етіп шегелердің жауыны төгіп тұрғандай сезінетін. Сезінетін де, тезірек жанды балбыратар ұйқы құшағына кетуді аңсайтын.
Сондықтан әйелін ақтық сапарға шығарып сап тұрып жасын сыққанымен аса қайғыра қоймады. Жаназадан кейін, араға біраз уақыт салып, хантингдондық үйін ұлына тастап, өзі аралдық өскін мен тотықұстың ұясын алып, «Көңілді матрос» трактирындегі осы бөлмеге орналасқан. Күндіз кемелер жөндейтін жерлер мен айлақты аралап, батыста буырқанып жатқан теңізге көз тастап қойып, темекіні бірінен соң бірін будақтататын. Аралдағы жалғыздық сезімінен арыла қоймаған ол өзін адамдар ортасында жайсыз сезінетіндіктен, асты бөлмесіне әкелетін.
Оқуға деген ынтасы ортая түскенімен, өзінің бастан кешкендерін жазу оның жазушылыққа деген құрметін сақтап қалғандай. Кешкілік шам жағып, парақты сурып алады да, қылқаламын ұштап, Линкольнширлық көз бояушылар мен Галифакстағы үлгерсең жалтарып, сонсоң жүгіріп әлдеқандай әрекеттер жасауға болатын алып жазалушы машиналар туралы ақпарларды толассыз жіберіп отыратын қызметшісінен келген өзге парақты көшіре бастайды. Қай жерге табан тіремесін оның алғашқы міндеті-сол жер туралы деректер жіберу.
Су алабының маңында Галифакстық машинаны ойлап тұрған Робин, тотықұсы байғұс Робин деп атап үйренген, ол суға тас лақтырып, шөлп еткенін тың тыңдайды. Бір секунд , тіпті одан аз уақыттан соң малта тас суға гүмп береді. О,Тоба не деген шапшаңдық, бірақ неге салмағы зіл батпан оның үстіне құйрық майға шыланған алмаздың шаң қапқаны қалайша? Одан қалайша жалтара алу мүмкін? Бір төнген ажалдан екіншісіне жортқан ( жуан таяқ шүйдесіне үңіліп, жұмыр басын жоқ қылған) бұл неғылған адам болуы мүмкін? Өз ісін білетінге ұқсайды. Жарайды солай-ақ бола қойсын-дән немесе тері сататын шығар әлде кірпіш жасап я саз өндіретін жерлерден, мысалы Уоппингтен дейікші, әкеліп, шаруасының ыңғайына қарай талай табанын тоздыратын шығар. Өссін, өркендесін, құр лепірмейтін ошақ қасын қорғап, бала сүйетін, әсіресе қыз бала сыйлайтын әйелі бола қойсын; маңдайына жазылған өтеуі бар бақыты бір-ақ күнде жоқ болса ше? Бір күні буырқанған Темза оның дән жиятын, тері илейтін болмаса саз кірпішті күйдіретін ошағын шайып кетсе ше; жұпыны тірлік кенезесін кептірген күні-ақ құж-құж қайнауға әзір шыбын-шіркейдей қарыз берушілер-тіпті мына қызметшісі-есігінен телмірген де, әйел бала-шағасын тастап, Нищийдың Құдай атқан көшелерінің бірінен үй жалдап, түрі мен тегін өзгертіп күнелтуге мәжбүр болар еді-ау. Және осы аталғанның бәрі де-су тасқыны, күйреу, қашқындық, мүсәпірлік, езілу, жалғыздық,-бәрі-бәрі оның, байғұс Робинның, тіршілік тамырының солқылы сезілмес,есінен адасуға аз қалған (белгілі деңгейде болмаса, алжаспады дегенге кім кепіл) аралда өткізген жиырма алты жылына балама.
Былай болса ше: мәселен ол әбзелші делік-Уайтчпелде үйі, дүңгіршегі, қоймасы және иегінде сүйел, бос оттамайтын сәби құштырып, қыз бала тауып, бақыт сыйлайтын әйелі бар. Тосыннан, 1665 жылдағындай, қаланы оба жайласа, Лондонға ол кезде әлі өрт қойылған жоқ. Бай-кедей деп бөліп-жарып жатпайтын обаның Лондонға жасаған тұтқиыл шабуылы талайлардың өмірін жалмап жатқанда оған адал еңбегі де араша түсе алмас еді. Ол әйелін қыздарымен ауылға аттандырып, өзі де қашып құтылуды ойлағанымен, кейін ойланып қалады. «Түнгі қорқыныш бойыңды билемесе,-деп асығыс Библияны ақтара бастайды-күндіз жауған оқтар, зұлматтық кеселдер, кешқұрым төнген залалдар. Айналаңа қарша борағанымен, саған тимейді».
Бұл қауіпсіздік нышаны деп ұққан ол, Лондонда обаның ортасында қалып, есеп беруін жаза береді. Көшеден қарақұрым адамның ортасында тұрған бір әйел былай деді. «Әне қарасаңдаршы,-деп айғай салды-аппақ періште бізге жалын шарпыған семсерін сілтеді». Барлығы келіскендей бастарын изеді. «Расыменде,-дейді адамдар-міне, міне, семсерлі періште!». Алайда, әбзелші періштені де, семсерді де көрсем көзім шықсын деп ойлады. Ол тек бір жағын күнның алтын арайы жарқыратқан әлдебір бұлтты ғана байқады.
«Бұл ишара!»-деп, айғайлады. Ол, бірақ, дәл қазір өлтірем десе де еш ишараны байқай алмады. Оның жазбаларының бірінде осылай делінген.
Келесі күні Уоппингте өзен жағасында жүрген бұрын әбзелші болған қызметшісі бейтаныс әйелдің үйінің есік алдынан күйеуіне: «Робин! Робин!» деп айқайлағанын, күйеуі болса жалпақ табан қайығынан әлдебір қапты жағадағы тастардың біріне тастап кері суға тартқаннан кейін, әлгі жүзін мұң торлаған әйел қапты алып үйіне қайтқанын көреді. Ол ер адамның атын атап, назарын аудартады да, сөйлесе бастайды. Роберт-әйел жұбайы екенін, қапта бір апталық, ет, май, ұнның ірі түрі сынды азық-түлік барын айтады; тек оның көкірегін шерге толтыратыны, меңдеген обаның салдарына отбасынан, әйелінен бойын алшақ ұстауға тура келетіні екен. Роберт есімді ер адам да, жағалаудан оны шақырған қосағы да, жағаға қалдырып кететін қап та-бір сәтке, тағы да, Робинзонның аралда соқа басы сопайып қалуын, Англиядағы сүйікітісіне жан ұшыра көмек сұраған қараңғылық құшағын, өзге уақыттың бәрінде кеме қалдығына қайта-қайта келіп іске тартылығын жинаған сәттерін еске салады.
Сол қайғылы мезеттер жайлы сыр шертер тағы бір әңгіме. Обаның белгілері болып табылатын, шабы мен қолтығы тырсиып ісуінен бойкүйездікке ұшыраған жан соңынан ала жүгірген үй ішінің тырмысуын елместен анадан жаңа туғандай күйде Уайтчпелдегі Харроу-аллей көшесімен жүгіріп бара жатырғанын әбзелші көріп тұр. Осы оғаш секіріс пен шапқылау оған әлдеқалай жолдастарын іздеп аласұрғанымен, екі сыңары екі түрлы аяқ киімнен басқа ештеңе таппағандағы алдағы күннен үзілген үмітінің елесі сынды көрінді.
(Оба сорлатқан бұл бейшара оңашада жалғыздықтан өзге не туралы ойлаушы еді деп топшылайды өзінше).
Өткен жылы ол, яғни Робинзон, өзінің көкейіндегіндей болмса да, жасыл-қызыл құбылған қауырсыны көз тартар, матростың айтуынша Бразилиядан әкелінген, барынша сөзуар тотықұсты екі гинеиге сатып алған болатын. Басын томаға жапқанға дейін, ұшып кетпесін деп аяғынан шынжырланған күйі трактирде: «сОрлы Попка!Сорлы Попка!» деп қайталайтын; алайда: «Сорлы Робин» деп үйренуге ол кәрі сынды.
Араққа сылқия тойған әлдекім (қызметшінің тағы бір әңгімесінен) Крипплгейттың қақпасының алдында ұйықтап қалады. Өлекселер тиеген (біз әлі оба меңдеген жылдардамыз) арба оны өлексеге санап салып алып кетеді. Арба өлекселер жиятын орынға жете бетін тұмшалаған біреу мас адамды ұстай беріп еді, әлгі адам көзі шарасынан шыға жаздап: «Мен қайдамын?» деп сұрайды. «Сені өлекселермен бірге жерлеуге әкелдік» дейді. «Мен сонда өліп қалғаным ба?»-деп сұрайды мас адам. Бұл да оның аралдағы өмірінің аллегориялық бейнесі болып табылады.
Лондон тұрғындарының бірі өзін сырқат деуге қимай, барлығы оңаларына сеніп жүре береді. Алайда, қызметкердің айтуынша, олар қандарындағы сезілмейтін оба кесірінен бір-ақ сәтте жай түскендей қапияда жаһаннамға аттанып кетеді екен. Бұл дегеніміз жалпы өмірге балама бола алады. Ажалдың түптің түбінде төнетінін ұмытпау керек екенін. Бір бақытты сәтте аралдан адам ізін көргеніне де осыған ұқсайды. Құдды сол адам іздері : «Жеті қат жердің астында да, бәрібір біреу кез болады» деп тұрғандай еді.
Қызметкердің жазуына қарағанда, адамдар қорқыныштан қаланы, жанұясын, әйел, бала-шағасын тастап қашқанға ұқсайды. Оба төніп келгендегі тұра жүгірген адамдар қылығын қоян жүректілікке балады. Бұл дертке қасқайып қарсы тұру үшін қандай қайсарлық жүрекке қонақтауы керек екенін ұмытып кетеміз дейді қызметкер. Суық қаруланған әскердің жүректілігі ажалмен бетпе-бет келудің қасында түк емес еді.
Тіпті, тотықұстар да ең елеулі сәттердің өзінде иесі үйреткенен әрі асып ештеңе айтпайтын. Олай болса мына қызметкердің егесінен артық болмаса кем жазбайтынын немен түсіндіруге болады? «Суық қаруланған әскердің жүректілігі ажалмен бетпе-бет келудің қасында түк емес». Бұндай тіркестер оның өңі түгел түсіне кірмейтін шығар.
Әлгі көз алдаушы үйректер: олар жайлы бұл, яғни Робинзон не біледі екен? Ештеңе, қызметшісі айтқанға дейін қаперіне де кіріп шықпаған болатын.
Линкольнширлық үйректер, Галифакстағы алып жазалау машиансы: британ аралдары жөніндегі ақпарларды алдыртуының сыры оның аралда қайықпен жүріп көзі жеткен өзге жақпар тасты қолайсыз жерде жасаған зерттеуіне ұқсағандығынан шығар.
Алғаш рет оның аралына шығарма ұрлығы мен еліктеуден әрі аспайтын топтардың аяғы тие бастағанда, олар айтқан жалған қираған кемелер туралы әңгімелер есіне еріксіз айтуға ұмыт қалдырған адам етін жегіштерді түсірді. «Менің күл паршамды шығарып тірідей отқа қақтаудан тайынбайтын адам жегіштермен алысып жатқанда осыған ұқсас тіршіліке иесімен күрескендей күй кештім. Ол сәтте байқамағаным, - деп жазады ол ,- адам жегіш дегеніміз шындықтың шымбайына бойлауға деген ұмтылыстың аллегориясы екені».
Осы күні оның бойын еліктеушілерге деген аяушылық сезім жанап өткендей. Санасын бұл ғаламда шынайы сюжеттер саусақпен санарлық екенін, егрде жас ұрпақ дана қариялардың ақылымен сусындамаса, өрлеу түсінігі жас ұрпақ бойынан жалтарарын ойлайды.
Бастан кешкендері жөніндегі бір әңгімесінде оның жанына түнде иттің кейпіне енген сайтан келгендей болғанын айтады. Орнынан ұшып түрегеліп, қолындағы балтаның сабымен, жанында жатқан тотықұс шошып оянып, шаңқылдап қоя бергенге дейін, ерсілі-қарсылы ербеңдете берді. Тек арада біраз уақыт өткен соң, өзі ұйқы құшағында аяғын сермеп қалғандықтан үстіне біреу отырып алғандай болғанын түсінді. Осы оқиғадан сабақ ретінде ұққаны кез-келген жайсыздықты әкелетін жын-шайтан; жайсыздық жын-шайтанның аллегориясы болады дегенге саяды; әбзелшінің әңгімесіндегі оба жайлы; оба не жын-шайтан туралы әңгіме өрбітетіндерден бірден ат-тоныңызды ала қашпау керек екен ғой.
Осыдан көп жыл бұрын өзінің аралдағы оқиғаларын тізбекке қолына қалам алғанда ойының сан-саққа кетіп, екі сөздің басын құрай алмағанын есіне түсірді. Бірақ, әңгіме Жұма екеуіне жеткенге дейін тама-тама теңіз болуға айналды-әрмен қарай әңгіменің өзі-ақ инедей сумаң қағып сусып түсіп жатқанын көрді.
Бұл жеңіл жазушылық көрген түстей өте шықты. Бристальдық бұғаздарға қарап тұрған жазу үстеліне отырып жазуға тырысқан сәттен қылқаламының бұрынғыша жат болып кеткенін ғана ұғады.
Оның қызметшісіне жазу оңайға соға ма екен? Оның үйректер жайлы, өлім машинасы, Лондондағы оба жайлы жазғандары өте әсерлі. Бәлкім, оның иегінде сүйелі бар кішкентай бипазға деген көзқарасы қате шығар? Мүмкін ол алып корольдіктің бір жерінен жалдаған бөлмесінде ұзақ ойланып-толғанатын шығар.
Оларды, оны және қызметшісін, қалай сипаттаса болады? Бауырлар, егіз бауырлар деп пе? Майдандас жолдастар деп пе? Әлде қас жаулар деп шығар? Ол жағалауда жаңа келушілерді тамашалап, қызметшісі корольдікте жаңа ақпарат жинаумен айналысатын күндізге уақыттан басқа, кешке, тіпті түнде де бірге жүретін адамдарға не атау берсе болады?
Әлдеқалай Бристольға ат басын бұра қалса егесіне соғар ма екен? Ол оны көріп, қолын қысып, аралдың адам аяғы баспайтын тұстары туралы әңгімесін тыңдағысы келеді. Тек қорқатыны олар көздері тірісінде кездеспейді-ау. Егер ол екеуін сипаттап беруге ұмтылса, олар бір бағытқа-бірі батыс, бірі шығысқа- ұмтылған кеме деп жазар еді. Анығында сол кемелердің такелажбен алысқан матростары дер еді. Олар бір-біріне қол бұлғауға келеді. Бірақ, теңіз қаһарына мініп, дүлей жел соғып, көздері алқынған асау толқынның көбігінен алдын бажайлаудан қалады, оларға құрығанда қол бұлғасуға ерік бермейді.
Аударған: Айгерім Серікбай
Runa academy