Bugin
«Ой, бұл пәленшенің кіндік баласы ғой, мінезі содан аумай қалған» деген сөзді естуші едік
Келіннің бойына бала бітіп, «ақ алғысты» болған кезден бастап, ене болашақ немересіне лайықты кіндік шешені саралай бастайды. Ол аралықта: «Мен болам», деп өз тарапынан қолқа салушылар мен таласушылар да көбейеді. Соларды арасынан пейілі түскен адамды ене өзі таңдайды. «Пәленшенің мінезі биязы, үнемі жайдары жүреді», «түгеншенің жүріс-тұрысы салмақты, істеген ісі берекелі» деген секілді кісінің жақсы қасиеттерін жинақтай келе кіндік шешені алдын ала белгілейді. «Екеуміз де ниетімізге жетейік, келініме бас-көз бол», деп келін енесі көңілі қалаған әйелге ризашылығын білдіреді. Бұл – үлкен сенім әрі мәртебе.
Қазақ халқы: «Бала кіндік шешеге тартады», - деп тегін айтпаған. Мұны қазір ғылым да қостайды. Өйткені жарық дүниеге шыр етіп түскен сәбидің пәк тәнін ұстап, кіндігін кесу арқылы әрбір адамның бойында әртүрлі деңгейде болатын биоөріс, жаратылысындағы тектік қасиеттер белгілі бір мөлшерде балаға беріледі. Сондықтан баланың өз жақындарына ұқсамайтын кейбір мінездерінің кіндік шешеге тартатыны анық. «Ой, бұл пәленшенің кіндік баласы ғой, мінезі содан аумай қалған» деген сөзді бұрындары жиі естуші едік.
Осы жерде сәл ойланып, зерделеп көрейікші, жетпіс жыл бойы бұл қазақтың кіндігін кім кеспеді дейсіз?! Ұлттық қадір-қасиет, ұлттық болмысымыздың жұтаң тартып, басқа бағытқа қарай ауыңқырап кеткенінің бір түйіні осында жатқан жоқ па? Қалай десеңіз де, бұл ой негізсіз емес.
Кеңес өкіметі дәуірлеп тұрған кезде «кіндік шеше» деген ұғымның қазақ ғұрпындағы негізгі мән-мағынасы көмескіленіп, өзінің бастапқы ерекше де қадірлі орнынан айырылып еді. Рас, сол заманда да «кіндік шеше» атауын иеленгендер болды. Алайда олар кіндік кеспей-ақ сырттай сайланғандар, яғни сәби өмірге келген соң жаялық-жөргегін алып, гүлі мен тәттісін көтеріп барып перзентханадан ана мен баланы үйге шығарып әкелушілер. Бұлар шілдехана, қырқынан шығаруда құрметті қонақ болып, бала қаратабан болмай жатып «кіндіккесер» сыйын алып дегендей, екі жағы да міндеттерін өтегендей мәз-мейрам болып жататын. Әйтеуір қалай болғанда да, ниеттері жақсы. Ал нағыз кесушілер – басқа, көпшілігіміз оларды түстеп танымаймыз. Өйткені ананың босану сәті қай дәрігердің кезекшілік уақытына сай келсе, кіндікті сол кеседі. Қалай ма, қаламай ма, жалақы алып отырған қызметі болғандықтан өзінің тікелей кәсіби міндетін атқарады. Бұл олардың жаттыққан дағдылы жұмыстары...
Зейнеп Ахметованың «Күретамыр» кітабынан