Саясат

«Аз и Я» - ның азабы

Бұл кітап не көрмеді?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Ирландық классик Бернард Шоудан: «Сіз неге өз тіліңізде емес, ағылшын тілінде жазасыз?» - деп сұрағанда, ол: «Менің елімді жаулаған ағылшындарды өз тілінде жаулағым келді», - деген екен.  Дәл осы мысалды естісем, ойыма бірден шығармашылығы орыс тілінде болса да, әрбір сөзінен, әрбір әріпінен қазақы иіс аңқып тұратын Олжас ағамыздың қаламынан туындаған алтын жауһарлы шығармалары еске түседі. Соның бірі мен айтқалы отырған «Аз и Я» кітабы…


Кітап қалай шықты? 


Кітап 1975 жылы «Жазушы» баспасында жарық көрді. Қазіргі нарық кітаптарының өңі тұрсын, түсіне кірмейтін 100 мың данамен жарияланады. Күтпеген жерден, елге тез тарап өз оқырманын табады. Сол уақыттарда кітап сататын «қара базар» болады. Онда кітап сүйер қауым айырбас түрде кітап алатын болыпты. Тіпті, құнды кітаптарды 100 есе қымбат бағамен алатындарда болған. 

Тіпті, сол кезде 75 тиын тұратын «Аз и Я» кітабын біреулер қой беріп айырбастап сатып алған көрінеді. Ал ол уақытта ең арзан деген қойдың бағасы - 200 сом екен. Сол сияқты «Аз и Я» кітабының құны қаншалықты қымбат екенін сөзбен жеткізу мүмкін емес.

«Олжас Сүлейменовтің бұл кітапты жазуына не түрткі болды екен?» деген сұрақ бәріміздің көкейімізде сайрап тұр. Мен ол сұрақтың жауабын «Аңыз адам» журналында (2014 ж. №97, 20 беті) жарияланған Олжас ағамыздың сұхбатынан таптым. Олжас ағамыз «Мен «Аз и Я» кітабын жазуға Дала мен Русьтің тарихы ежелден қойындасып кеткенін, екі елдің тарихтың ұзына бойында, негізінен жақындасумен, бауырласумен өткенін, халықтардың, тіпті тілдері араласуға дейін жеткенін дәлелдеу үшін кірістім» дейді. Сондағы автордың басты мақсаты - бірлік пен тұтастық, бауырмалдық пен сыйластық болғандығын көруге болады. Және Олжас Сүлейменов «Игорь жасағы туралы» жырдың ең алғашқы қос тілді оқырманы саналады.


Күнә тағылған күн

Баспа адамдары «Аз и Я»  кітабының екінші шығарылымын бастаймыз деп жатқанда, кенеттен бомба жарылғандай кітапқа айып тағылады. Бұл туралы«Жас Алаш» газетінің (2005 ж. 22 қыркүйек. №113)  Ш.Елеукеновтың «Аз и Я» -ның азабы» атты көлемді мақаласында айтылады. Автор былай дейді: «Мәскеу жақтан адам шошырлық айқай-шу көтерілді. Ел шетіне жау тигендей «Аттанға» басты. КПСС Орталық Комитетінің Михаил Суслов бастаған идеологиялық аппараты «ұлтшылсыңдар» деген ызғары бет қаратпайтын айып тақты». Осы сөздерден соң, енді ғана оқырманын таба бастаған жас кітаптың тамырына балта шабылғанын көруге болады. Тіпті, ресей тарапыны автор мен баспагерлерді жерден алып, жерге салып «фашитсіңдер» деп айып таққан. Бұл ызғарлы күндер мен түндер Олжас ағамызға ауыр тиеді.


Азапты күндердің куәсі болғанШ. Елеукенов: «Мәскеудің «Аз и Я»-ны тіксіне қарсы алуының, күні бүгінге дейін «Литературная газетада» «книжонка» деп кемсітуінің бір себебін өз басым ақиқаттан басқаға иілмейтін авторлық образда - көктен түскендей характерде деп білемін» дейді. Бұл автордың ойынан ресейліктерге шындық ащы, ауыр тиген. Сондықтан олар осылай әрекет етіп жатыр деген ашулы ойы байқалады. Сол секілді «Жас Қазақ үні» газетіне (2003 ж, 7 ақпанда) жариялаған Е.Сабырғалидің «Аз и Я» қалай қыспаққа түскен еді?» мақаласында біраз дүниелер айтылады. 


Белгілі журналист Сейдахмет Құттықадам «Казахстанская правда» газетінде жарық көрген Олжас ағамыз туралы мақаласында мынандай қызық мәліметтерді келтіреді. Белгілі ақын Темірхан Медетбек "70-жылдардың ортасында Маңғыстауда жұмыс істеп жүргенде, тілші ретінде сонда түрмеге кіреді. Түрме ішіндегі кітапханада бір бұрышта үюлі жатқан Олжастың «Аз и Я» кітабын көреді. 300-ден астам кітап. Кітапты жыртқанды, өртегенді көріп едік, кітапты түрмеге жапқанды бірінші рет көрдік" деп жазады. 


Мақтауда болған екен


«Аз и Я» кітабы қысымға көп ұшыраса да, кітап жайлыжақсы көзқарастар мен пікірлерде болған екен. Оны мына деректермен дәлелдегім келеді. «Правда» газетінің (1989 ж, 12 октябрь) тілшісі Г.Дильдяевтің «Аз и Я» деп аталатын Олжас ағамызбен сұхбатында айтылады. Сонда тілші бір сұрағында кітаптың көп сынға ұшырағанын айтып қалады. Сонда Олжас ағамыз «Аз и Я» жөніндегі пікірлер шетінен сыни болды демеймін. Мысалыға, 1975 жылы сентябрьде маған К.Симонов мынандай хат жазды» дейді. Ол хатта К.Симонов былай деген екен «Мен үшін кітабыңдағы ең бастысы - тарихқа деген қатаң да сонымен бірге ар-намысты көзқарас, ұлттық мақтаныштың да және ұлттық сана сезімнің де табы бар екендігінде…» деп үлкен таңданысы мен ризалығын білдірген екен. 


«Жұлдыз» журналы және Олжас Сүлейменов егіз іспеттес болған сияқты. Себебі қаламгердің біршама мақалалары мен өзі жайлы жазылған ойлар осында жарияланған. Әсіресе, «Жұлдыз» журналында (1992 жылғы №5 , №6 нөмірлерінде) Олжас ағаның елді шулатқан кітабы аударма түрде берілсе, енді бірінде мақала түрінде талданып беріледі. Мысалы, журналдың 1992 жылғы №5 нөмірінде Н.Ақатай «Аз и Я»-ны түгелдей қазақшаға аударып береді.


Құнды пікірлер


Мен бұл жерде «Аз и Я» кітабы жайлы қоғам қайраткерлерінің пікірлерін ұсынғым келеді. 

Мекемтас Мырзахметов (фил. ғыл док. профессор): «Аз и Я» қоғамдық санаға қозғау салған кітап болды. Одан кейін біздің танымымыз өзгерді, басқаша ойларға көштік…» , «Татар, қарақалпақ, өзбек ғалымдары кітапты менен сұрап алып отырды. Олар да іздеп оқыды». 


Гүлжамал Қортабаева (түркітанушы): «Бір кездері шығыс халықтарының рухын көтерген «Аз и Я» кітабы ойымызды растайды».


Мұхтар Шаханов (ақын): «Олжекең алды кең, ешқашан «жұмыртқадан жүн қырықпаған жомарт жүрек иесі».


Н.Назарбаев: «Маған еуразияшылдық идеяларын зерттеуге және дамытуға көп ретте О. Сүлейменовтің творчествасы қозғау салғанын жасырмаймын».


Гаухар тасты қанша лайға, суға салсаң да өз құнын жоғалтпайды. «Аз и Я» кітабы да сол секілді суға салса да, отқа жақса да өз мәртебесін сақтап қалды. Бұл кітаптың ендігі тағдыры болашақ ұрпақтың қолында…