Аялдамада ажалды күтіпті... - на bugin.kz
Bugin.kz - на bugin.kz Bugin.kz

Тосын қайғылы оқиға

Бабаларымыздың бес күндік өмірді жалған деп атағанын бәріміз білеміз. Расында, солай. Өмірде түрлі оқиғалар кездеседі. Кейбір адамдар ішсем, жесем дейді, ал кейбірі білсем, көрсем деп дүниеге келеді екен. Ақиқаты сол, түптің түбінде бәрінің баратын жері бір. Кебенек киген оралғанмен, кебін киген оралмайды. Қиыны, сол ақ кебіннің өзі әркімге әртүрлі жағдайда жабылады. Үйге кіру мен көрге кірудің арасы алшақ емес болуы мүмкін. Көпірден өтудің арты өмірден өтуге әкеліп соқтыра ма, кім білсін!? Автобус күтіп тұрсыз ба, ажал күтіп тұрсыз ба, ол да белгісіз!? Байқаймыз, мұндай тосын қайғылы оқиғаларға таңғалмайтын болып барамыз. 

21 қараша күні сағат 09:15 шамасында Қызыл­орда қаласында, Н.Назарбаев даңғылы бойында «Тойота Камри» маркалы автокөлігі «Merce­des-Benz» көлігін сол қапталынан соғып, аял­дамада тұрған адамдарды басып кеткен болатын. Оқиға орнында 3 адам тіл тартпай кетсе, ауыр жарақат салдарынан бір бала ауруханада көз жұмды. Қазір бір адам жансақтау бөлімінде жатыр.

Жантүршігерлік жол апатынан қаза тапқан 4 адамның 3-еуі – оқушы. Қаладағы №12 IT-лицейде білім алған балғындардың екеуі бір үйдің балалары болып шықты. «Аға­лы-қарындасты бауырлар бір-бірінен бір елі ажырамайтын еді. Ағасы қарындасына әрдайым қамқорлық танытып жүретін» дейді ұстаздары. Ағайындылардың мәңгілік мекеніне де бірге кеткені жанды ауыртады. Қайғылы жағдайдан соң аталған мектеп ұжымы өмірден ерте озған оқушыларды бір минут үнсіздікпен еске алып, қаралы жиын өтті. Жиында сөз алғандар марқұм болған балалардың отбасыларына қайғырып көңіл айтты. Балапандардың бейнесі мен болмысын сөз еткенде көпшілік көз жасына ерік  беріп  жатты.

- Балалардың  барлығы үлгілі оқушы еді. Нұрислам мен Нұрдәулет екеуі бірге жарыстарға қатысатын. Әрі екеуі көрші тұратын. Тәртіпті, белсенді оқу­шылар еді, - дейді 5 «Б» сыныбының жетекшісі Динара  Піржанова.

Қабырғаны қайыс­тырған қайғылы оқиға­дан қаза тапқан жандардың отбасына облыстық әкімдік тарапынан көмек көрсетіледі. Бұл туралы Елордада ҚР Президенті жанындағы орталық коммуни­кациялар қызметінде өткен брифин­гте облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов  мәлімдеді.

- Бұл оқиға туралы облыс­тық әкімдіктің тиісті  басқармалары  мен Қызылорда қаласының әкіміне қатаң тапсырма берілді. Олар менің атымнан жол апатынан көз жұмған адамдардың отбасыларына барып көңіл айтт­ы. Бүгінгі таңда аталған оқиғаның мән-жайы зерттеліп жатыр. Қаза тапқан 3 бала мен 1 адамның отбасына об­лыстық, қалалық әкімдік тарапынан көмек көрсе­тіледі, - деді аймақ басшысы.

Қайғылы оқиғадан соң әлеуметтік желілерде аялдамаларды салғанда шетелдік жүйеге сүйену керектігі туралы жазбалар көбейе түсті. Яғни, белсенділер аялдамалардың алдында қорғаныш бөгеттерінің орналасқаны дұрыс деген пікірді айтады. Ел арасынан «ай­дың күні аманында қара жамылып қалған отбасыларға ел болып қаржылай көмек берсек» деп бастама көтергендер де табылды. Иә, ешкім жапан далада отырған жоқ. Ешкім де, ештеңе де баланың орнын толтыра алмайды. Оны қалың көпшілік жақсы біледі. Олардыкі жұртшылықтан жинал­ған азғантай қаражат қайғыдан қан жұтқан отбас­ының кішкене бол­са­ да қажеттілігіне  жара­са­ деген ниет ғана.   Өмір өз дегенін жасайды. Көз­дегенің орындала бермейтіні содан. Шыны керек­, сол уақытта аял­дамада тұр­ғандардың барлығы автобусты не адамды күтіп тұрды ғой, ажалды  емес...

Рыскелді   ЖАХМАН

 

0 Пікір Кіру