Авторлық ертегі

Смартфонға түсіп кеткен Еркегүл жайлы ертегі

Авторлық ертегі

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Ерте, ерте, ертеде емес, бір ғажайып өлкеде емес, осы ғасырда, осы ауылда Еркегүл есімді сүп-сүйкімді қыз болыпты. Қазіргі барлық қыз сияқты оның да қолынан смартфоны түспейді екен. 

Ернін тұштитып Snapchat-пен күніне жүз суретке түсіп, әлеуметтік желіге салмаса, көңілі көншімейтін болыпты. Лүпіл пен пікір аз жиналған күні тіпті ас батпай қалатын көрінеді. Сабағын да интернет арқылы оқығандықтан, ата-анасы оны, көбінесе, сабақ оқып отыр екен деп алданып қалатын. Осылайша күн артынан күн, ай артынан ай өтіп жатады. Ал Еркегүл мен смартфон егіз ұғымға айналып кетті. 

ХХІ ғасырдың осындай жайма шуақ бір күнінде Еркегүл аяқ астынан жоғалып кетіпті. Бастапқыда ата-анасы мен бауырлары оны күндегі әдетінше смартфонға үңіліп отырған шығар деп ойлап мән бермеген. Кешкі асқа анасы мессенджерге хабарлама жіберіп те, «Еркегү-ү-үл!» деп алты рет айқайлап та шақырып еді, тым-тырыс. Сол кезде ғана дастархан басында қолдарына қасық ұстап, тамақты енді ауыздарына ала берген отбасы мүшелері бір-біріне таңырқай қарады. Олар бір-біріне қарап екі минуттай отырды ғой деймін, кенет бәрі ақылдасқандай дүр етіп орындарынан тұрып Еркегүлдің бөлмесіне жүгіріп барды. Есікті әкесі ашты, оның артынан анасы қарады, есіктен басын ғана кіргізіп тете сіңілісі де, мойнын созып жетідегі інісі де, бәрінен құр қалатынын білгендей үш жасар кішкентай сіңілісі де жапа тармағай қарап тұрды. Еркегүлдің дауысы естіледі, өзі жоқ.

- Құтқарыңдар! Апа! Әке! Құтқарыңдар!

Дауыс қайдан шығып тұр? Шкафтан ба? Жоқ. Төсектің астынан ба? Жо-о-оқ! Сабақ оқитын үстелдің үстінен бе? Иә! Бұл бір қызық болды ғой. Бәрі жүгіріп барды. Расымен де Еркегүлдің дауысы үстелдің үстінен шығып жатыр екен. Үстел болғанда, үстелде тұрған смартфонның ішінен шығып жатыр.

- Не қарап тұрсыздар?! Тезірек мені мына жерден шығарып алыңыздаршы! Әке! Апа!

Бәрі бір сәтке аңтарылып тосылып қалды. Тыныштықты жетідегі інісі бұзды:

- Оо, жақсы болды ғой! Енді смартфоныңды мен аламын!

- Иә, саған! Бұл менің смартфоным! Қолыңды тигізуші болма!

- Хе-хе! Өзің смартфонның ішінде болсаң енді мұның саған не керегі бар?

- Қой балам, әпкеңмен олай сөйлеспе. Көрмеймісің, ол қиын жағдайда қалды. Бәріміз көмектесуіміз керек, - деп әкесі оны тоқтатты. – Қызым, ол жерге қалай кіріп кетіп жүрсің?

- Әке, білмеймін. Бір ойын ойнап отырғанмын. Бір қарасам, өзім сол ойынның ішінде жүр екенмін.

- Імм, бұл бір қызық жағдай болды. Ерке, сен сол жерде тыныш отыра тұр. Біз тамақ ішіп отырып, сені қалай шығару керегін ақылдасып келеміз. Жарай ма? – деді анасы сабырмен. Анасы бұрыннан сабырлы жан еді-ау. Бұл жағдайды тек ақылмен шешуге болатынын бірден ұқты. Ал ол үшін қарның тоқ болу керек. Әрі салынған тамақ суып қалатын болды.

- Мен ше? – деп жыламсырады Еркегүл.

- Тәтемді де асүйге алып барайық та, - деді тете сіңілісі. Жай кезде болмашы нәрсе үшін бір-бірімен таласып, сөзге келіп қала бергенімен, оның да әкпесіне жаны ашып кетті.

- Мейлі, сен алып жүре ғой...

Сонымен бәрі асүйге барып, дастархан басына қайта жиналды. Аналары әзірлеген дәмді асты бәрі сүйсініп жеп отырды. Әрине, арасында Еркегүлді қалай шығарамыз деп те ойлап қояды. Бірақ әуелі қарын тойғызған абзал. Сол кезде не ақыл келеді, не ұйқы келеді.

- Сіздер мені ұмытып кеткеннен саусыздар ма? – деп айқай салды бір кезде шыдамы таусылған, әрі қарны ашқан Еркегүл. – Әлде қарындарыңыз тойып, ұйқыларыңыз келіп кетті ме?

- Қызым-ау, о не дегенің? Сені ұмытқан жоқпыз. Қазір әрқайсымыз ақылымызды ортаға саламыз, - деді анасы сабырмен.

- Тезірек болсаңыздаршы... - деп жыламсырай бастады Еркегүл. Смартфонды қанша серік етсе де ешкім оның ішінде отыруды қаламас еді.

- Меніңше, смартфонды шағу керек!

- Болмайды! Ол қымбат тұрады!

- Онда... арнайы маманға апару керек.

- Смартфонға түсіп кеткен адамды шығаратын мамандық әлі пайда болған жоқ.

- Тәтем сол жерде қала берсе неғылады? Бәрібір смартфоны қолынан түспейді ғой...

- Тәйт, әкпең туралы олай деме...

Осылайша әркім өз ойларын ортаға сала берді. Бірақ ешкім шешімін таба алмады.

- Таптым! Таптым! Қолынан тартып шығарайық! – деді жетідегі інісі жерден жеті қоян тапқандай қуанып.

- Оо, мұның табылған ақыл. Ерке қызым, қолыңды бері шығаруға тырысып көрші, — деді әкесі. Еркегүл әрі талпынды, бері талпынды қолын шығара алмады.

- Онда аяғынан тартып шығарайық.

Еркегүл аяғын да шығара алмады.

- Тәтемнің шашынан тайтайық! – деді бір кезде үш жасар сіңілісі. Еркегүл бұрымын (айтпақшы, Еркегүл шашы ұзын, бұрымды қыз болатын) айналдырып-айналдырып бері қарай лақтырып жіберіп еді, ғажап, бұрымы смартфоннан сыртқа шығып кетті! Әкесі бұрымды ұстап әрі тартты, бері тартты, шығара алмады. Анасы көмекке келіп екеуі қыздарының бұрымынан ұстап әрі тартты, бері тартты, шығара алмады. Көмекке үлкен сіңілісі келді. Ол әкпесін жақсы көретін, бар күшін салып ата-анасына көмектессе де шамалары келмеді. Жеті жасар жүгірмекті көмекке шақырды бәрі. Ол аяқ астынан қырсығып қалды.

- Менің екі тілегімді орындасаң ғана көмектесем!

- Айтшы, орындаймын, - деп жалына бастады Еркегүл.

- Бірінші, күнде менің төсегімді салып, жинап беретін боласың. Екінші, сөмкемді күнде мектепке көтеріп барасың.

- Жоқ! Сөмкеңді көтере алмаймын! – деп бұлқан-талқан болды Еркегүл. Смартфонның экранынан жұдырығын түйіп, сес көрсетіп қойды. – Өзімнің де сөмкем зілдей.

- Жарайды, онда өзің біл... – деп інісі бұрылып кетпек болып еді, әкесінің қастары түйіле бастады, анасы тамағын қырнап қалды. – Жарайды, жарайды көмектесем...тек сөмкемді күнде көтермесең де, төсегімді күнде жинайсың...

Інісі де ата-анасы мен әпкесіне көмектесіп, Еркегүлдің бұрымынан әрі тартты, бері тартты. Шығара алмады. Қап! Барлығы әлі тамағын тауыспаған үш жасар сүйкімді қызға қарады.

- Мен де тайтамын ба?

Бәрі басын изеді.

- Жаяйды.

Ол асықпай орнынан тұрып, қолы мен аузын сүлгіге сүртіп, орындығынан асықпай түсіп, жолай үлкен айнаға қарап, өзіне-өзі сүйсініп, көйлегін түзеп, бір айналып алып бәрінің жанына келді. Келуін келгенімен, көмекке асыға қоймады.

- Апа, мен шайшап қалдым. Кішкене демалып алайын.

- Қызым сосын демаласың.

- Мен әлі кішкентаймын ғой, - деп бұртиып қалды.

- Жарайды, демалып ала ғой.

Қуанышқа орай, кішкентай қыздың демалысы бір минутқа ғана созылды. Жүгіріп келіп әкпесінің бұрымының өзіне тиген ұшынан ұстап, бәрі жабылып «Әуп!» деп тартып қалып еді, Еркегүл «Хоп!» деп атып шықты. Алақай! Бәрі қуанып Еркегүлді құшақтап бетінен сүйіп жатты. Осылайша ол бір қиындықтан құтылды. Бірақ бұл оған үлкен сабақ болды. Сол күннен бастап Еркегүл смартфонды керек кезінде ғана ұстап, суретке де көп түсе бермей, уақытының көбін ата-анасы мен бауырларының ортасында өткізетін болыпты. Күнде інісінің төсегін салып, жинап бергені болмаса бәрі ойдағыдай болып жатты.

***

Балалар, байқаңдар! Смартфонға көп үңіле бермеңдер. Бір күні ішіне түсіп кетіп жүрерсіңдер. Бәріңде Еркегүл сияқты ұзын бұрым жоқ шығар...Онан да бауырларыңмен, достарыңмен ойнап, кітаппен достасып, шынайы өмір сүріңдер.