Weekend
Өз перзентімізге қалай кітап оқытамыз?
Теледидар алдынан тоғытқан зәруліктен қалай арылтамыз? Телефонға үңілдірген «аурудан» қалай емдейміз? Баламен қалай әңгімелесеміз?
Кітап оқу – 0,25 пайыз да зиянын тигізбес пайдалы әрекет екенін білеміз. Кез келген әрекет белгілі бір мақсат-мүддені көздейді. Баланың ой-санасын дамытып, сөздік қорын байытып, ақылды да зейінді етіп өсіргіңіз келсе, ең бірінші кітап оқыту керек. Сіз де біз де білеміз. Бірақ, біле тұрып әрекет жасамаймыз. Кітап оқыту арқылы балаңыз вундеркинд болып кетуі де ғажап емес.
1. Ең алдымен, мынаны қаперге алыңыз: үйіңізде өзге адамдар кітапқа мүлде жоламаса, балаңыздың да оған үйрене қоюы қиын. Сондықтан, өзіңіз оқырман болсаңыз, тіптен жақсы. Баланың сөз түсінер 3-4 жасынан бастап ертегі оқып беріңіз. Және бала көңілі алаңдамас үшін теледидар, телефон, компьютерді өшіріп қойыңыз. Айналадағы ойыншықтарды жинап, көзіне көрсетпегеніңіз абзал.
2. Ертегі оқығанда бір сарынмен оқымаңыз. Бала қызығушылығын ояту үшін бірде баяу, бірде тез, бірде көтеріп, бірде түсіріп оқыған дұрыс. Бала сол арқылы ертегідегі образдарды сезіне бастайды да мән-мағынасын тереңінен түсінеді. Және еш жалықтырмайды.
3. Түрлі-түсті суретке толы ертегі кітапты пайдаланған тиімді. Қандай сурет екенін сұрап, «жарайсың, менің балам ақылды, бәрін біледі» деп мақтау айтып, көңілін өсіріп отырыңыз. Және суретті ертегі қоршаған ортаға құмарлығын ашады.
4. Барынша баланы сөйлетіп, білмегенін сөздерін жақсылап түсіндіріп беріңіз. Бала санасы тың дүниені тез әрі сіңімді қабылдайды. Сол арқылы сөздік қоры молая түспек.
5. Белгілі бір уақыт аралығында тұрақты қайталаңыз. Яғни, түскі ұйқының және түнгі ұйқының алдында ертегі оқып беруді әдетке айналдырыңыз. Сол арқылы баланың ойлау жүйесі тұрақты түрде дами бермек.
6. Мына нәрсені басты назарға алыңыз. Мәжбүрлеп тыңдатуға тырыспаңыз. Баланың жасына сай, суретті кітаппен қызықтыра отырып, тыңдатыңыз. Соған сәйкес, түрлі-түсті қаламмен боялатын кітапшалармен жұмыс жасаған пайдалы.
Тыңдап, түсініп үйренген бала кітап оқуға сол ертегі тыңдаудың күшімен еніп кетпек.