Weekend

Қазақы әңгімелер

Герольд Бэльгердің естеліктерінен

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Мен қазақ зиялыларының көпшілігін білемін. Көпті көрген, көп оқыған, көп білетін ақсақалдардың әңгімесі өте қызық. Сол кісілерден естігенімді дәптерге жазып жүремін. Бұл жолы өз заманында үлкен қызметтер атқарған Әбдрахым Жаймурзин мен әдебиетші Есенкелді Жақыповтан естігендерімді оқырмандар назарына ұсынып отырмын. 

Кім-кімге керек қазір?

Қазіргі уақыттың бәйшікештері осы күнде «біреудің қаңсығы біреуге таңсықтың» кебін кигендей. Жұрттың бәрін әлдеқашан ығыр қылуға шақ қалып, сөнуге айналған «жұздыздарды» ауық-ауық Алматыға шақыруға бейіл. Пугачева, Киркоров, Леонтьев, Петросян, Аллегровалар келсе жарайды делік, бірақ кейде аты-жөні беймәлім әлдекімдерді соншама әздектеудің жөні қанша?! Және де оларға ө-т-е қомақты ақша төлейді. Өздерінің өнерге үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Сондықтан да «шоу-бизнес» дегенді ойлап тапқан. Шынында да шоу. Жұрттың басын қатыру үшін. Және бизнес екені де рас. Олар үшін. Халық қаптап келеді. Ине шаншар бос орын жоқ. Соған қарамай, «кеудемсоқ» жұлдыздар кейде шынайы құрмет пен ыстық ықыласқа қырын қарап, анайы қылықтар жасайды. Ал енді бірде филормонияда Ғазиза Ахметқызы Жұбанованы еске алу кеші өтсін. Жиналғандар залдың төрттен біріне де толмайды. Қандай тұлға! Қандай композитор! Отан алдындағы еңбегі неткен орасан! Сондай адамға құрметтің түрі мынау... анығырақ айтсақ, еске алу үрдісінде. Бұған жаны жасып, еңсесі түскендей болған Халық артисі, хормейстер, профессор, қазақ музыкасы мен Ғазиза Жұбанова шығармашылығының білгірі Анатолий Васильевич Молодов үлкен күйзеліспен былайша толғанды: «Апырау, қазір кім – кімге керек өзі? Әлдебір кезедйсоқ, түкке тұрмайтын қуыс кеуде өркөкіректер ең жақсы мейрамханалар мен залдарды иеленіп, бірнеше күндеп мәре-сәре болады. Екпіндерінен аспан жерге түсердей. Ал мында болса... Осындайда қазір, айталық, Мұхтар Әуезов пен Күләш Байсейітова, Қаныш Сәтбаевтардың көзі тірі болса қалай болар еді деген алыпқашпа ой келеді. Бүгінгі қоғам оларды қажетсінер ме еді? Әй, қайдам, ауыр, тым ауыр...» Ғабит Мүсіреповпен қайтыс боларынан аз уақыт бұрын телефонмен сөйлескен едім. Оның сонда сөз арасында: «Е-е, Бэлгер, мына заманда кімге керекпін мен енді», - дегені есіме түседі.

Тегін қария емес (Әбдрахым Жаймурзиннің әңгімесі)

Жамбылға қонақ көп келетін. Келген қонақтарын жөндеп қабылдасын деп өкімет Жәкеңе 200 қой бөліп берген. Күзде, қозы піскенде Жәкеңнің үйіне қонақтар келгіштей бастайды. Ет жеп, әңгіме-дүкен құрады. 

- Ау, Жәке, көпті көрген адамсыз ғой, - дейді біреуі. – Баяғы хан, батырларды болса да білмейміз. Ал, сіз сол қазақтардың ішінде ең мықтысы, бірегейі деп кімді атар едіңіз? 

Жәкең біраз ойланып: - Құнанбайдан артығы болмас, - депті. 

- Қалайша?! – деп таң қалыпты жазушылар. 

– Абайды қайда қоясыз?

- Е, Құнанбай сияқты әкеден Абай туады да, - депті Жамбыл. 

Кейінірек жаңағы топ сауалды Мұхаңа (Әуезовке) да қояды. Мұхаң іркілмей: - Абай! – деп жауап береді. - Жоқ, Мұха, олай емес екен. Жәкең басқаша жауап берді. - Пәлі! Не депті сонда? - Құнанбай депті. Мұхаң үндемей ойланып қалыпты. Сонсоң: - Иә, тегін қария емес екен... – депті.

17.09.2002