Авторлық ертегі

Дос іздеген Сөз (ертегі)

Авторлық ертегі

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Жалғыздықтан жалыққан Сөз өзіне дос іздеп жолға шықты. Аз жүрде ме, көп жүрді ме, бір кезде шыңдарын аппақ қар басқан алып тауға келіп жетті. Таудың асқақ қалпын ұнатқан Сөз жолдастыққа, достыққа осы лайық-ау деп ойлады.

—   Тау! – деп айқайлады.

—   Тааау! Тааау! – деп жаңғырық жауап берді.

—   Тау, менімен дос боласың ба?

—   ...боласың бааа...боласың баа... - деп тағы да жаңғырық жауап қатты. Асқақ болса да жаңғырықтан басқа жауабы жоқ таудан көңілі қалған Сөз сапарын жалғастырды. Көктегі нұрын төккен күнді көріп, қуанып кетті

—   Күн сұлу, күн сұлу, менімен дос болғың келмей ме?

Күн күлімдеп жауап берем дегенше, бетін бұлт басып қалды. Қанша сұлу болса да жүзін бұлт жасыратын күннің өзіне ұзақ уақыт жолдас бола алмайтынын түсінген Сөз сапарын жалғастырды. Түн түндігін түргенде он төртіне толған ай аруды көрді.

—   Паһ шіркін, көркің неткен көркем еді! Ай ару маған жолдастыққа сен лайық сияқтысың! – деп қуанып кетті Сөз. Ай да қуанып сәулесін Сөзге түсірді. Түнімен

аймен сырласқан Сөз таң атып, күн шыққанда оны таппай қалды. Сонымен олардың достығы аяқталды. Осылайша тұрақты дос таппай тағы да жолға шыққан Сөз адамзат мекеніне келді. Сөздері анық, өздері ширақ жандарды көрген ол қуанып кетті. Алғаш кездескен адамға достық пейілін білдіргені сол еді, ол да сөзге келместен Сөзге ілесіп жүре берді. Жол бойы әлгі адам өзінің жеткен жетістіктерін, байлығын, баласының көптігін айтып мақтанумен болды. Өзін-өзі мақтаған сөзге елітіп кеткені сонша енді тіпті істемеген істерін де шындай қылып айта бастады. Шүкірсіз айтылған көп мақтау оны тыңдап келе жатқан Сөзге әсер етіп, ол кенет ісіне бастады. Ісіне-ісіне күптей болған Сөз жарылып кетпей тұрғанда Мақтаншақпен қош айтысты. Енді қайда барарын білмей дал болып тұр еді, тағы бір адамды көріп қуанып кетті. Ол да зерігіп, өзін тыңдар жан іздеп жүрген жолаушы сияқты, Сөзді бірден сапарлас етіп ертіп алды. Жол бойы жаңа досы басқа адамдарды жамандаумен болды. Сөзіне құлақ түрсең, жер бетінде өзінен басқа адал, ақылды жан қалмаған секілді. Оның сөздері Сөздің тілін ұзарта берді. Ұзарғаны сонша аузына симай, тізесіне жетіп салақтаған тілін көтере алмаған Сөз онымен де қош айтысты. Өсекші жолдасы оны қалғанына қынжылған да жоқ, өзі секілді тағы бір жолаушыға ілесіп, сапарын жалғастыра берді. Ісініп, әрі тілі салақтап қалған Сөз сапарын әрі жалғастырды. Алдынан жол жүріп бара жатқан тағы бір жолаушыны кезіктіріп, оған серік болды. Қабағы бір ашылмай, қап-қара болып түтігіп кеткен жолаушы аузын ашса болғаны, жаман сөз жағымсыз иіс сияқты барлық жерді алып кетеді екен. Біраз жолды жаңа досымен еңсерген Сөздің жаман сөздерден түрі өзгеріп, құбыжыққа айналды. Әрі денесі де ауырлап кеткендей. Ілбіп әрең келеді. Ақыры сөзі жаман жолдасынан жарты жолда қалып қалды.

           Күп болып ісініп, тілі салақтап, құбыжыққа айналған Сөз адамдардың кесірінен осындай күйге түскені үшін қатты қапаланды, енді дос таба алмайтын болдым-ау деп уайымға батты. Беті ауған жаққа қарай жүре берді, жүре берді...Әбден шаршаған Сөз бір кезде сая болар үлкен ағаштың түбіне келіп, біраз тынығып алмақ болып отыра бергені сол еді:

—   Әй, көзіңе қарасаңшы. Сен тұрмақ Сүлеймен патшаның өзі бізді құрметтеп, таптамай өткен, — деген жіңішке дауысты естіді. Қампиған қарнынан әрең еңкейіп қараса, кішкентай құмырсқа шіреніп тұр екен.

—   Түу, не деген ұсқынсыз едің! Кімсің өзің? – деп сұрады құмырсқа.

—   Мен Сөз едім.

Жолға шыққам дос таппаққа.

Тау, күн, айдан тұрақ көрмей,

Жолығып едім адамзатқа.

Бірі мақтап тек өзін,

Денем ісіп, тілінді.

Жамандап елді біреуі,

Салақтатты тілімді.

Жаман сөзбен бір адам,

Құбыжық етті түрімді.

Дұшпаныма бермесін,

Мына менің күнімді. – деп сырын ақтарды Сөз.

—   Қап, обал болған екен. Жә, мұңайма. Саған көмектесетін жандарды білемін. Соларға бар, бұл дертіңді солар жазады.

—   О, дана құмырсқа. Сүлейменнің сенімен сөйлескені бекер емес екен ғой. Мына қайғымнан құтқарсаң, өмір бой ризалығымды айтып өтермін. — деп қатты қуанды үзіле бастаған үміті қайта жалғанған Сөз.

—   Сен ана тауды бетке алып жүре бер. Жеті күншілік жолдан кейін тауға жетерсің. Сол жерде бір қауым ел бар. Олар өздері мылқау, саңырау, қолы мен аяғы жоқ қауым. Міне, солар саған көмектеседі...ал жолың болсын!

Құмырсқаға алғысын жаудырып, «олар мүгедек болса маған қалай көмектеспек» деген ойын өзіне серік етіп жеті күншілік сапарға шықты. Ауырлап кеткен денесі мен салақтаған тілін сүйретіп жеті күндік жерді Сөз бір айда әрең артта қалдырды. Межелеген жерге келгенде расымен бір қауым елді көрді. Бірақ олардың арасынан ешқандай аяқ-қолсыз, саңырау-мылқау мүгедек жанды көре алмады. Керісінше, бәрінің аяқ-қолы балғадай, азаматтары от болып жанған, арулар гүлдей жайнаған сондай бір көз сүйсінтетін ел екен. Олар Құбыжық-Сөзді жатсынбай қарсы алып, не үшін, қайдан келген сұрамастан өздерімен бірге тұруға рұхсат етті. Мұнда келгелі Сөздің естігені тек жақсы сөз бен адамдардың сәлемі болды. Біраз уақыт өте Сөз бойындағы өзгерісті аңғарды: тілі қысқарып, ісігі басылып, түрі бұрынғы сұлу қалпына келе бастады. Бір күні ол осы елдің ақсақалына өзі барып, болған оқиғаның бәрін баяндап берді. Жолда кездескен құмырсқа туралы да ұмытпай, оның не үшін бұл елдің адамдарын мылқау, саңырау, аяқ-қолсыз деп айтқан себебін сұрады.

—   Ее, даналықты көрген құмырсқа екеш құмырсқа да істің жөнін білген ғой. Бізді саңырау дегені – жаман сөз естімейміз, мылқау дегені — жаман сөз айтпаймыз, аяқ-қолсыз дегені — жамандыққа барып, қиянат істемейміз. Жақсы сөйлейміз немесе үндемейміз. Адам түзелсе, Сөз де түзеледі. — деп ақсақал Сөздің ойындағы маза бермеген сұраққа жауап берді. Осылайша Сөз бұрынғы сұлу қалпына қайта келіп, көптен іздеген достарын да тауыпты.