Weekend

Қазақ қалай жұмыссыз болады?

Нұртөре Жүсіптің пікірі негізінде

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Қазақстанның табиғи байлығы қисапсыз зор деп жатамыз. Бірақ еліміздің көптеген аймақтарында халықтың тұрмыс дәрежесі сол байлыққа сай емес. Табиғаттың бермесін тартып ала алмайтындығымыз анық. Әсіресе, жер астындағы қазба байлық игерілмеген болса, онда ол байлық емес. 

Біздегі шикізат шылауы ретінде бұрынғы одақтық кәсіпорындар желісіне бағындырылған ірі өндіріс орындары енді ғана бауырын көтеріп жатыр. Онда да шетелдік инвесторлардың арқасында. Іргелі өндіріс орындары қазір ептеп болса да, өнім өндіріп, қара байыр болса да қарекет қылып жатқандар жеткілікті. Қазақтың көбісі бұл күнде пайда табудың жолы деп сауда-саттыққа көшкен. Жұмыссыз қазақтың көбі базардың маңайында.

Қазақ неге жұмыссыз? Алақандай аралда отырған жапон жұрты, мынау Сингапур, Малайзия сияқты елдердің адамдары қара жердің төсін қайыстай иіп, құнары кеткен, нәрі азайған алқаптардың өзінен айтарлықтай өнім алып, қаншама мәселені шешіп отыр. Ал біздің қазақ жерге келгенде ебедейсіз, епсіз. Республикадағы басқа ұлт өкілдерінің көбісі осы жердің өзінен-ақ талай игілік көріп отыр. Мысалы, диқаншылыққа ежелден жағдайы қазақтікінен көш ілгері. Қазақстанның оңтүстік аймақтарында бау-бақша егіп, диқан кәсібін меңгерген әулеттер жоқ дей алмаймыз. Жекешелендіру кезінде өзге жұртпен бірге жерге таласып, өз "үлестерін" алған қазақтар да баршылық. Бірақ солардың тірлігін басқа ағайындармен салыстырып қарасаңыз көңіл көншімейді. Жерді бірдей алған қазақ пен өзбектің егістік алқаптарына көз салсаңыз керағар көріністі көресіз. Қазақтың жерінде қазылған қазыққа маталған сиырды немесе жылқыны көресіз. Ал өзбектің алған жері пейіштің төріндей жайнап тұрады. Бұл қалай?

Жаздыгүні Ыстықкөлге жолымыздың түскені бар. Сонда Ыстықкөл мен Алматының арасын жалғайтын жол құрылысын көру үшін тау бөктерлеп жоғары өрледік. Сол кезде өзбекстандық бір әріптесіміз былай деп қалжыңдап еді: "Қырғыздар о, біздің қандай тауымыз қандай, көліміз қандай деп тамсанады, қазақтар ой-хой шіркін дала қандай деп аузының суы құриды. Ал біз өзбектер далада, тауда да ісіміз жоқ, жерге қараймыз. Шіркін, мынадай қап-қара топырақ бізде болар ма еді деп..."

Осы бір әзіл сөздің астарында әр халықтың өзіне тән қасиет қалыбы жатқанын аңғармау мүмкін емес. Шынында да, ұлан-байтақ жеріміз бар елміз. Бірақ неге кедейміз? Қазақ осынша жері бола тұрып неге кедей? 

Жарықтық Шекспир айтқан екен: "Адамдардың өмірінде шарықтау сәті бар, ол егер дұрыс пайдалана білсе, табысқа жеткізеді. Егер оны қолдан шығарып алса, онда одан кейінгі жол қайраңға малтығып қайрақ шегумен ұласады. Қазақстан Республикасының Президенті Қазақстан халқына жолдау арнады. Осы жолдауда барлық қазақстандықтардың өсіп-өркендеуі, қауіпсіздігі және әл-ауқатының артуы туралы келелі әңгімелер айтылған. Осыны ойша тұжырымдасақ мынадай ең басты екі түйінге тоқтаймыз:

Біріншіден: қазақ үшін Азаттық ұғымы адамға ауа қалай қажет болса, сондай қажет шара.

Екінші: енді ел болу, өз алдыңа дербес экономика құрып, жаңаша даму, жетілу қазақтың қолында. Осы айнымас екі қағиданы терең түсінбейінше, біздің ілгері дамуымыз қиынға соғады. 

Жер-біздің басты байлығымыз, осы жерді дұрыстап игермейінше біз байлыққа, дәулетке қол жеткізе алмаймыз. Ойланып қараңызшы жер-құдайдың қазаққа берген несібесі емес пе?! Президент жолдауында "Біз бүгін қай жерде тұрмыз?" дейтін тарау бар. Соған эпиграф ретінде Даннинктің мынадай сөзі алынған екен: 

Ұланғайыр мүмкіндіктер баршаға беріледі, бірақ көп жандар олармен ұшырасқанын сезбейді де.

Ал біз өз мүмкіндігімізді шынымен сезініп көрдік пе?