Weekend
Нұртөре Жүсіп
Қабілет-қарым жағынан қазақ ешкімнен де кем емес. Ақылы, парасат-пайымы, зердесі толық жетілген ұлт. Кенже қалмаған,кембал болмаған, тарихи сұрыптаудың небір сын-сынағынан, тозағы мен азабынан аман-есен өткен елміз. Кейбір ірілі-ұсақты мініміз болса, ол жүре жұқтырған залал-зарардан. Абай жиырма бесінші сөзінде: "орысша оқу керек,хикмет те, мал да,өнер де, ғылым да-бәрі орыста тұр. Зарарынан қашық болуға, пайдасына ортақ болуға тілін,оқуын, ғылымын білмек керек".
Осы тұрғыдан ой өрбітсек, қазақтың жалпы табиғатына қасиет-қалыбы мен қабілет-қарымында соншалық түңілетіндей, соншалық күңіренетіндей мін жоқ. Қазақ құдайдан жаратылғанда қор болып жаратылмаған, қайта зор болып жаратылған. Осы күні қазақ деген кержалқау деген пікір өрістеп жүр. Бірен-саран жалқау әр ұлтта бар. Оған бола бүкіл бір халықты жалқау деуге болмайды. Бұл - күпірлік. Тумасынан жалқау болса осыншама ұлан-байтақ жерге қазақ қалай ие болып отыр? Ел басына күн туғанда, кең-байтақ жерді қорғағанда "Менің мазам болмай тұр, сен баршы" деп бір-бірін итеріп салған жоқ қой. Шалқайып не талтайып жатып алса құлан жортпас құба белге-ұлан-ғайыр жерге ие болар ма еді? Ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен Алтайдан-Алатауға, Алатаудан-Атырауға дейінгі, тіпті одан да әрі аймаққа қолы жетіп,мың-мыңдап мал өргізіп, Арқаның алты ай қысы мен оңтүстіктің аптап ыстығына шыдас беріп, аттан түспеген, халық деп қызмет істеген қазақты жалқау деуге ауыз бара ма? Айтқан кісінің аузына жара шықсын, қазақ жалқау емес!
Тұрмысы жұтаң, тірлігі жұпыны шығар бүгін. Бірақ біздің қазақ елдің қоры емес. Именшектемеу керек. Дар алдында емес, Ар алдында ғана именген бұл қазақ. Сондықтан,еңсені тіктеп, әр қазақ өзіне бір міндет жүктеп жүргені дұрыс. Өз жерімізде жүрсек те, кейде иба сақтап, үніміз естілмей қала беретіні бар. Ал кейін келсе де кесір мінез, кесапат қылықты кейбіреулер өз үйінде жүргендей қатты-қатты сөйлейді."Жылы-жылы сөйлесең, жылан інінен шығады" деген мәтелді жұрттың бәрі біледі. Ал енді осының "Қатты-қатты сөйлесең кәпір діннен шығады" деген алдыңғы сөзін кім білер екен. Кеңестік идеология ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық қағиданың ғаламат үлгісі- мақал-мәтелдерге де "цензура" жүргізген. Соның салдарынан кейде бүгежіктеп, кейде күмілжіп, айтар сөзімізді айта алмай, міңгірлеп жатамыз."Солай болуға тиіс" деген солақай саясаттың сұқ саусағы талайлардың көзіне әлі тіреліп тұр-ау!... Екі қазақтың басы қосылса "әй біз ел болмаймыз" деп шыға келеді. Неге бұлай? Қазақ біреуден қорлық көрсе, я өз мініне лайық сөз естісе, қабілеті жетпей жатса онысын өз бойынан іздемейтіні, дереу басқадан көретіні бар. Себеп пен сылтау толып жатыр. Өзі істей алмаса, әне, анау істетіп жатыр дейді. Бірін бірі жау көріп, қас тұтып, қарыс қадамын ескерісіп отырған соң оңсын ба? Мұның бәрі туа бітті емес, жүре жұққан кеселдер. Ұлттың дерті. Әсіре рушылдық, жадағай жүзшүлдіктің көп күшігі жиі шәуілдейтіні сондықтан. Осыдан 80 жыл бұрын Алаш көсемдері былай деп жазыпты:
- Біз бұрын еркін жүрген елі бар, иеленген жері бар, ел бастаған көсемі бар, сөз бастаған шешені бар, намыс қуған ері бар, жауласқанға күші бар, қазақ-қырғыз деген киелі жұрт екенбіз.Келе-келе арасына араздық кірген. Ата-бабамыз бірін-бірі мұқату, бірінен бірі кек алу, үстем болу үшін тегі басқа, тілі жат, жүзі жылы, ойы дат елге барып қолтығына кіріпті...
Біз қазақ-қырғыз жеріміздің, малымыздың билігін қолымызға алатын болдық деп мәз-мейрам қуандық.Бас қостық,сөйлестік.Әділдік, теңдік,қарындастық,бірлік жолына түспек болдық. Жамандықты жойып, жауызды тиып, еркіндік алып қалар заман екенін жұртымызға ұғындырмақ болдық. Атамыздың адасып жүрген алалық жолына аяқ басудан сақтанбақшы болдық, баталастық, тарқастық, елге бардық.
Не қылдық? Бостандықты жүгенсіздікке айналдырдық. Қарындасқа жаудай тидік,өтірік шағым, өсекті ысқырттық,бірімізді-біріміз мұқаттық. Бірлікті алалыққа айырбастадық, партияластық, мал шаштық, көрінгенге жем болдық, теңдікті зорлыққа айырбастадық, кедейді қорладық, ақысын жедік, алымды асыра салдық, быжылдатып отырып, олай-былай шапқан шығынымызды төлеттірдік, әділдікті ұмыттық, кім сөзімді сөйлеп, сойылымды соқпақшы болса, кімнің дүниелігң көп болса, соның жолына құрбан қылдық. Бұл бір сәрі, мұнан да сорақы жұмыстарға кірістік. Қара басымыздың қамы үшін қаны бір, күні бір өзіміздей қазақты жеу, мұқату, кек алу үшін неше түрлі пәлені, ойдағы жоқ жаланы жапсырып, жалғыз тиындық жазығы жоқ өзіміздей қазақ баласын аттырдық,талаттырдық. Кек алынды, сусын қанды.
Не бітірдік? Бітіргеніміз мынау: Алаш ұранды қазақтың тілеу қылған жолына көлденең келіп, кесірімізді тигіздік. Бүгін маған, ертең саған сенбестей болдық. Ұлттың игілігі үшін етілмек істі күйеледік".
Сексен жыл бұрын емес, дәл бүгін айтылып отырған сөз сықылды. Әулие сөз. Алаш баласының арасына кірген алалық әлі күнге дейін азуын ақситып, тісін шықыр-шықыр қайрайды. Біз ешкімнен кем емеспіз. Бірақ өзімізді өзіміз тұсап, көрінгенге көзтүрткі болып жүргеніміз жасырын емес.
Ұлт еңсесін тіктеп, жоғарыдағы кеселінен арылуы, айығуы үшін тазару қажет. Адыраспанмен аластаған үйге жын-шайтан жоламайды. Біз кімбіз, біз қандаймыз деген сұрақты өзімізге жиі қойып, ұлт мақтанышы болатын арыстарымызды өнеге тұтып, ұрпақ бойына ұлттық мақтаныш ұрығын себу қажет. Келешек жастардың кеудесін көбіне-көп мақтаныш сезімі кернеуі керек. Сіз түңілсеңіз, біз түңілсек, олар түңілсе не болады? Көкірек көзі бітеліп, саналарға түнек орнайды.Келер келешекке Қазақстан мүлдем жаңа ел болуы тиіс. Бұл үшін ұлт бойындағы кінәрат-кемшілікті санамалап, өзімізді өзіміз аяусыз теперіштей беру қажетсіз. Қазақтың құдай берген жақсы қасиеттерін көбірек үлгі ету керек. Жұрттың ойы жаңармай, қоғам жетілмейді!
"Несіне ісіп-кебеміз, құр мақтан қайда апарады,осы күнгі қазақта үлгі етер тұлғалар бар ма?" деген пікірдің өре тұра келуі бек мүмкін.
Бір-ақ дәлел келтірейік: ұзын саны 23 миллион өзбектен әлі бірде-бір космонавт шыққан жоқ. Ал ат төбеліндей қазақтан Тоқтар мен Талғат сияқты бүгінгі күннің батырлары шықты. Алтын құрсақты аналар аман болса, алты құрлықты аузына қаратқан Алаш азаматтары әлі шыға береді.
Біз ешкімнен кем емеспіз!