Weekend
Би билеу үшін де мінез керек
Он екі мүшенің тамыр соғысы әсем саздың үніне еліткен ырғақты қимыл-қозғалыс. Сыртқы іс-әрекет пен ішкі болмыстың үйлесімділігі. Күрделі би қойылымдары. Түрлі костюмдер киіп, сахнада физикалық мүмкіндігіңді көрсете білу. Әрбір қозғалыстың өзі есептен тұратындығын ұмытпау.
Мұның барлығы – би өнерінің шыңына ізденістің баспалдағымен жеткен қызылордалық Гүлбану Елубайқызы Мырзабаеваның 30 жылдық еңбек өтілінде көз алдынан өтіп жүрген қалыпты құбылыстар. Десе де, мамандығына шын берілген биші үшін әрбір қимыл өзіндік ерекшелікке, шығармашылық жолындағы дара болмысқа толы.
Бүгінде ол тек биші ғана емес, шәкірттерінің шығармашылық шындалуына, шабыттарының шарықтауына атсалысып жүрген ұстаз. Маңдайдан суық тер ағып, табаннан салқын өтсе де, көрермен көзайымына айналу үшін адал еңбек ететін, шәкірттерін өнердің шыңына жетелейтін білікті маманды сыр-сұхбатқа шақырдық.
- Гүлбану Елубайқызы, аузы бардың бәрі әнші болған заманда икемі бардың бәрі биші ме?
- Әрине, майысып билегеннің бәрі биші емес. Ютубтағы видеоларды қарап отырсаңыз, тойда билегеннің бәрі биші болып шыға келеді. Той-томалақта жүрген бишілердің қатарынан көз сүрінеді десек те болады. Дегенмен, тойға шығып билесе болды,«биші»деп өнер адамы ретінде қабылдау, меніңше, үлкен қателік. Бишілерді тойға шығаратындардың көбісі «ақша табудың оңай жолы» деп, шағын би ұжымдарын ашып алған. Бірақ олардың өнерін көргенде нағыз би деп айтудың өзі қиын. Сондықтан да олардың ғұмыры қысқа. Ал шын өнері бар биші су түбіндегі маржан тастай түбі бір жарыққа шығады. Ел алдында кәсіби биші ретінде шеберлігін танытады.
- Кәсіби биші деп қалдыңыз, мың бұралған би шебері сіздің көзқарасыңызбен қандай болуы керек?
- Биші болу үшін ең алдымен би өнеріне деген шексіз махаббат, құштарлық, тынымсыз еңбек керек. Ал қалғаны ізденістің, өз-өзіңді дамытудың нәтижесінде келеді. Әрбір адам сахнаға шыға бермейді. Көп алдында өнер көрсету батылдық пен тәуекелшілдікті талап етеді. Сондықтан да бишіге мінез керек. Мінезді биші халық алдында өнерін паш етуден жалықпайды, көпшіліктің назарынан қорықпайды. Сынды дұрыс қабылдайды.
- 18 жылдық тарихы барқызылордалық «Томирис» би ансамбліне жетекшілік етесіз. Осынша уақыттан бері би ұжымына өнерлі жастарды қабылдауда қандай талап қоясыз?
- Би ұжымына дене бітімі, сырт келбеті үйлескен қыздарды аламыз. Кейде келбеті келіскен қыздар көп болғанымен, мінез жетіспейді. Мұндағы мінез беттен алып, шарпу емес. Бидің болмысын түсініп, мазмұнын елге жеткізетін, үйрену жолында қиындықтан қашпай, алға ұмтылатын қыздар керек. Сонда ғана бидің көрерменге беретін ойын ұғып, өздері түсінген дүниені көпке жеткізе алады. Бір кездері ұжымымда осы сипаттамаға сай келетін қыздар болды. Өзіңіз білесіз, би өнерін үйрену қатаңдықты талап етеді. Ал нағыз биші боламын дейтін жандар жауапкершілік жүгін көтеріп, қиындыққа шыдайды, мұғалімнің ұрысына қарамастан бидің әр қимыл-қозғалысын жоғары дәрежеде үйренуге ұмтылады.
- Халықаралық деңгейдегі байқауларда бақ сынап, ел мерейін үстем етіп жүрген ұжым қалай құрылған еді? Қандай жетістіктерімен мақтанасыз?
- 2001 жылы Қызылорда облыстық филармониясының сол кездегі директоры, облысқа белгілі өнер жанашыры Сәрсенкүл Ибрашеваның бастамасымен шығармашылық ұжымның іргесі қаланған еді. Аяғын тәй-тәй басқан кездерден бастап ансамбль құрамы түрлі деңгейдегі конкурстарға қатысып, фестивальдерде өнерімізді көпке паш етті. Тіпті, шет елдерде ұйымдастырылған би жарыстарына шақырту алып, қазақ би өнерінің көркемдік дәрежесін, мүмкіндігін әлем елдеріне таныстырды. Әрине, мұның барлығын үлкен жетістік деп ауыз толтырып айтуға болады. Соның ішінде, Қызылорда облыстық «Сыр сұлуы»бишілер байқауында, «Сырдария – Жырдария» өнер фестивалінде, 2002 жылы халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестиваліне қатысып лауреат атандық. Бұл – би ұжымы үшін алғашқы әрі ең ыстық марапаттардың қатарында.
2011 жылы Түркияның Анталия қаласында өткен халықаралық ІІ«Харман – фольклор»фестивалінде лауреат атансақ, 2016 жылы«Томирис» би ансамблі «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымының шақыртуымен түбі бір түркі жұртының Наурыз мерекесіне қатысып, еліміздің намысын қорғап, отанымызға олжалы оралдық. Айта берсем, жетістік көп. Әрбір марапат пен бағындырған белестер еңбегіміздің жемісі. Өйткені сахна төрінде халыққа ұсынылған өнер туындысының қай-қайсыcы да маңдай тер, шалқар шабыттың арқасында дүниеге келген. Сондықтан да мен үшін барлық марапаттың орны бөлек.
- Жақында Біріккен Араб Әмірлігінде өткен мәдени фестивальде«Томирис»би ансамблі өнер көрсеткенін білеміз. Шетел азаматтарының қазақ би өнеріне деген қөзқарасы мен қошеметі қандай екен?
- Ауқымды додаға 36 елден бишілер келді. Солардың арасында «Томирис» би ансамблінің де өнер көрсетуі біз үшін үлкен мәртебе. Бір ай бойы Біріккен Араб Әмірлігінің сахна төрінде өзімізге тән ұлттық құндылықтарды би өнері арқылы көрсете білдік. Қазақ халқының асыл мұрасы ретінде бағаланған дәстүрлі өнерді дәріптеуде шеберлікпен шыңдалған туындыларды топтастырдық. Сенесіз бе, шетел азаматтарының өнерді түсінуі, бағалауы және құрмет көрсетуі таңқалдырды. Көптің қошеметіне бөленген бишілер де өзінің ризашылығын білдіріп, әрі қарай қазақ өнерінің құдіретін жеткізуге талпынды.
Өнерде шекара, шектеу жоқ. Өнер ұлтқа да бөлінбейді. Нағыз талантты тануға келгенде өзге құрлықтың көзіқарақты сыншылар отандастарымыздың қабілетін жоғары бағалағаны абыройымызды үстем етті.
- Гүлбану ханым, ансамбль жетекшісі әрі бас балетмейстер ретінде айтыңызшы, белгілі бір бидің қойылымын қою үшін музыкаға қаншалықты мән бересіз?
- Көп жылдар бойы қазақ би қойылымдарын қойып келемін. Жаңа би қойылымы шығармашылық шабыттың шырқау биігіне жетпей дүниеге келмейді. Кез келген туынды өнерсүйер қауымның ықыласына бөлене бермейтіні тағы бар. Сол үшін әуен мен би қимылдарының бірін-бірі толықтыруына мән беремін. Өз тәжірибеме сүйенер болсам, би қоярда музыкалық талғамыма сенемін. Талғам жоғары болса, әуезді әуенге қойылар би де жаман болмайды. Даңғырлаған музыканың бәріне би шығарғым келмейді. Әуелі әуенді, күйді асықпай тыңдап, айтар ойын, жеткізер мазмұнын түсінген кезде ғана биді дайындауға кірісемін.
Екіншіден, бар күшімді биге саламын. Жаңа туындыны жарыққа шығарарда ұялы телефоныма бір музыканы қойып, күнде тыңдаймын. Сол арқылы әріптестерім жаңа би түрін шығарайын деп жүргенімді бірден біле қояды. Үшіншіден, бидің бағытына сәйкес образ ойластырып, жарасымды киім үлгісін дайындаймыз. Мұнда хореографтың ісі ғана емес, бишілер мен суретшінің де еңбегі маңызды.
- Биде мінез бола ма?
- Әрине. Мысалы, репертуарымызда «Аққу қыз, Гәкку саз» деген би қойылымдары бар. Мұнда қыздар өнерімен қоса әдемілігін, қызға тән қылығын, аққудай әсемдігін көрсетеді. Қазақ қызына тән ұяңдығы биден көрініс табады. Ал «Сақ арулары» биі рухты көтереді, өжет, батыр қыздардың образын бейнелейді. Осы ретте, жігіттерді де айтып кеткім келеді. Үш жылдың көлемінде ансамбль құрамына жігіттер қосылды. Қазір алты биші жігіттер бар. Алғашқыда ұлдарды би құрамына алмаймын деп ойлайтынмын. Десе де, уақыт өте келе жігіттердің би өнерінде біршама рөл ойнайтынын байқадым. Сіз айтып отырған мінез мәселесіне келгенде де, қойылым қойғанда жігіттер жетіспейді екен. Сондықтан ұл-қыздарды біріктіре отырып, жаңа туындыларды дайындаудамыз.
- Біздің қоғам би өнерін қаншалықты бағалайды?
- Сұрағыңыз орынды. Бұл біздің ең әлсіз тұсымыз. Қоғам биді бағаламайды деп айтудан аулақпын. Қазір барлық әнде би қойылымы бар. Бірақ, бишілердің жағдайы мәз емес. Мәселен, сахнада бишілердің қауіпсіздігі жолға қойылмаған. Концерттік шараларда сахнаның жинақылығына мән берілгенімен, бишілерге өнер көрсету үшін ыңғайлы жағдай жоқ. Ал сахнада биші сырғанап, сүрініп қалатындығы, осы орайда қауіпсіздігі ұйымдастырушылардың назарына да ілікпейді. Негізі билеу барысында арнайы еден төселуі керек. Ол өңірімізде бар. Бірақ, қолданбаймыз. Бұл жағдайдың орындалуына не кедергі екенін білмеймін. Мүмкін, сахнаның әдемілігін ойлайтындықтан, бишілердің қажеттілігіне аса назар аудармайтындығынан болар. Осыдан-ақ би өнерінің өкілдеріне деген құрметтің төмен екендігін аңғара беріңіз.
Тіпті, сахнаға әнші шығатын болса, орындаушының атын атап, халыққа таныстырып, қошеметпен шақырады. Орындаушының әнін бимен көркемдеп тұратын бишілер мен жетекшісін көбінесе арнайы хабарламайды. Осыған қарағанда, кейде бишілер әншілердің шашбауын көтеретіндей көрінеді. Мысалы, шет елдерде бидің бағалануы басқаша. Бізде, бәрі керісінше. Өкпелейтін тұсымыз да осы.
Әр бидің астарында қаншама еңбек жатыр?! Мәселе, атымды шығаруда емес, би өнеріне деген сыйластық, құрмет жеткілікті болса екен деймін. Тағы айта кететін жайт, бишілерге берілетін атақ-даңқ, еңбегіне қарай дәреже алу қиын. Оларға арналған марапаттар да жоқ. Қаншама еңбек етіп жүрген биші қыздарым бар. Олардың еңбегі елеусіз. Сол себепті де елдің қошеметінен бөлек, марапат алып бергім-ақ келеді. Бірақ мүмкіндік жоқ, бұл ретте бишілер тағы назардан тыс қалады.
- Тойға шығатын бишілердің көбейгенін өзіңіз айтып өттіңіз. Әуесқой бишілердің еңбегі көзге түсіп тұрған заманда, кәсіби мамандардың тасада қалу қаупі бар ма?
- Өтірік емес, бізден сабақ алып, оқу орнын бітірген қыздар би ұжымын ашып, тойда өнер көрсетіп жүр. Соны көрген кезде жетекшісін шақырып алатын кездерім болған. Ондағы бар мақсатым – кәсіби көзқараспен қарағандағы көзге көрінген кемшіліктерді ескерту. Әр бидің өзіне тән шығуы, киім және шаш үлгісі, қимыл-қозғалысы болады. Костюмдерінің де бір-бірімен үйлесімі бірінші орында болуы қажет. Өйткені қыздар көп алдында өнер көрсеткеннен соң, осы талаптарды сақтауы шарт.
Ал мен айтқан қағидалар тойда билеушілердің назарынан тыс қалады. Осыдан кейін бидің мазмұны өзгереді, болмысы бұзылады. Бидің де этикасы мен эстетикасын ескерген жөн. Көзіқарақты көрермен осыдан-ақ кәсіби биші мен әуесқой бишілердің деңгейін ажырата алады.
Кезінде бізді «сахнада би сөзсіз музыкамен өрнектелуі тиіс» деп оқытқан еді. Қазір басқаша. Керек десеңіз, тойдың әніне де би шығарып жүр. Кешегі «Қамажай» әнін де әр түрлі нұсқаға салып, талғамсыз киім үлгісімен бишілерді халыққа ұсынып отыр. Осының салдарынан киелі өнердің қадірі кетеді, бидің би екенін ұғынып, оның салмағын саралайтын көрермендердің қалыптасуы қиынға соғатыны рас.
- Мазмұнды әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Жұлдызай ҚАЛИЕВА