Weekend
Ардақ Нұрғазы
Жақсы өлең жазуға талпынған жас ақындардың ішінде көзге ерекше түсетін бір жігіт бар. Ол Асылан Қуаныш. Өлең, ең алдымен ол сөз ұстауға деген талпыныс. Сөз ұстай алмаған адам ақын бола алмайды. Ал сөз ұстау деген не? Сөз ұстау деген сәтті ұйқастыру, форма жасау, сөзді қалыпқа салу емес.
Мектепте тақпақ жаттау машығынан ысылып шығу тіпті де емес. Сөз ұстау деген сөздің дәмін, иісін, бедерін, салмағын, екпінін, қылауын (өткірлігін) сезіну, сезінгенде тірі күйінде сезіну. Бір ауыз сөзбен айтқанда сөз ұстау деген ақындық түйсіктің көрінісі. Айталық, поэзиясы жоқ өлең болады. Ондай өлең сымақтар сөзді өлі күйде пайдаланады. Сөз жанның отынан, рухыңның жалынынан шықпаса және бастысы сол барыста өзге сөзбен тілдеспесе, ықпалдаспаса ол сөзді өлі сөз дей беріңіз. Бұл жерде өлең жазғанда жылтырақ сөзді үйіп-төгуге үйір немесе поэзияны ән мәтіні деңгейінде ғана білетіндердің түсінігі жетпейтін бір түйін бар. Әсілінде, сөздің бәрі бірдей, тек оны қолданған кезде ғана ол болмысын өзгерте бастайды.
Бұл тасада тұрып сөзге жан беру сияқты жағдай. Ф.Ницше жақсы айтқан. Ол «ақындар екі түрлі жағдайда өмір сүреді, бірі аш адам сияқты жазады, енді бірі тоғын бас алмай жүрген адам сияқты жазады» деген. Бұл сөздің астарында үлкен мән жатыр. Бұл ақындар лепіреді немесе шерленеді деген сөз емес. Жоғарыдағы екі түрлі жағдай арқылы Ф.Ницше сөздің тірілтетін екі түрлі күйін немесе қалыпсыз күйдегі болмысын меңзеген. Сөздің бұл қалыпсыздығы жеке сөзді ғана тірілтіп қалмайды жалпы сөйлемді (тармақты) тірлтеді. Бұл қалыпсыздықтың тегінде әбден өліп кеткен, ештеңеге еліп етпей қалған жаннан басқаша жанның серпілісі немесе сөз ұстаған ақында ғана болатын жандүние жатыр. Оның енді бір атауы жапнның оты, рухтың жалыны. Сондықтан да поэзиясы бар өлең жылтырақ бір-екі сөзімен емес, жалпы тұлғасымен өмір сүреді. Ондай өлеңнің қайталанбайтыны сыры да сол түйінмен байланысты.
Мұндағы поэзия әлемінің заттық дүниеден жоғары тұратын жанмен, рухпен қатысы бар. Осы арада қайшылық басталады. Сөздің өзі заттық және рухани түс алады. Біреу «от» десе тамақ пысыратын отты көз алдына келтіруі, енді біреу махаббатың отын елестетуі, енді біреу болса нәпсінің отын ойына келтіруі мүмкін. Бұл әсілі қалыпты жағдай. Осы үш жағдайда «от» деген бір сөз үш түрлі сапада, үш түрлі деңгейде, үш түрлі болмыста өмір сүреді. Ал ақын сөздің осы екі жақтылығынан бір текті өз әлемін жасайды. Біреулердің өмір бойы махаббатты ғана жазатыны, енді біреулердің айғайлаған ақиқатқа құштар болатыны бізге өте таныс нәрсе. Айталық кеңестік қоғамда әбден саяси-идеологиялық терминдердің жауынына шайлығып, санасына сол терминдерден туындаған ұғымдар сіңіп қалған ақындар әлгі «отты» көбінде саяси немесе әділет, ақиқат тіпті махаббат төңірегінде қолданса да оны сол бағытта, сапада, сарында пайдаланады. Одан басқаша ұғым іздеуге олар шорқақ келеді. Олар жалпы сөздің кез келгенінің өзін саяси-идеологиялық ұғым аясында түсінеді, сол ауанда сезінеді, ойлайды әрі солай қолданып, өлең жазады. Бұл сөздегі жалаң, жұқалтаңдықтың бір көрінісі. Өлеңнің тақырыбы таяздап бара жатыр деген сөз. Сөздегі тоқырау осылай басталады. Бұны да сөзі өлген, поэзиясы жоқ өлеңдер деуге болады. Бұларды неге айтып кеттік. Оның себебі бізде шынайы ақын болу үшін сөзге жаңаша түсінік, түйсің, сезім керек. Біздегі отыз жастан жоғары ақындардың бәрі өлеңде аға буынға еліктеп бастаған. Бұл еліктеу жалып беттік еліктеу түріне жатады. Соның ішінде ең қорқыныштысы қазақтың жалпы сөзін Кеңес ақындарынша түсіну, түйсіну, сезіну және қолдануы. Сондықтан олар қалай бұлқынса да кеңес ақындарының шекпенінен шыға алмайды. Соларды қайталай береді. Өз уақытының поэзиясына жете алмайды. Ал осы түйінді өзгерткен немесе өзгерту үстіндені ақындар деп Асылан Қуаныштың буынын айтуға болады.
Ф.Гёльдерлинше айтқанда поэзия деген таным, ол және ең алғашық және ең соңғы таным. Оны танымның «поэзия» кезеңі деп атауға болады. Екі аралықта таным көп жақтың әсеріне ұшырайды. Айталық оған жүйеге түскен дін, философия, тарих пен қоғам танудың түрлі кезеңінің теорияланған түсінігі сіңіп кіреді. Бұл барыс танымның бір жағынан кемелденіп, құлашын кеңге жаюы барысы болса, енді бір жағынан тазалығын төмендету барысы есептеледі. Поэзияға қатысты танымның тасасында басқа ешбір жаниесінде кездеспейтін есте сақтау мен өткенге қатысты түйсік, болмысқа қатысты жаннің оты жатыр. Оның көрінісі тіке түйсік. Таным үшін поэзиялық ерекшелік ең басты әрі түбірлі қасиет. Бұл түйінді Ф.Гелеь де өзінше пайымдаған. Ол «поэзия өнердің жетер жері. Өнер поэзия деңгейіне жеткенде ыдырау басталады. Одан ары екі жол бар. Бірі дінге, енді бірі ғылымға (нақтылыққа) иек артқан прозаға апарады» деген. Бұл сөзді төңгеріп түсінсек, поэзия өнердің шыңы, одан кетсе философияны қамтыған танымның өзге бөлегі басымдық ала бастайды, дегенді меңзейді. Бұл жерде көрнектіленіп тұрған нәрсе, танымның түп-төркінінде поэзия жатқаны және оның жанмен тіке қатыстылығы. Ал танымдағы өзге дүниенің барлығы дерлік жаннан гөрі тәнге көбірек қызмет ететіні. Бұл түйінді анықтаудағы себебіміз өлеңдегі поэзияның орынын білу. Позиясыз өлеңнің қалай өмір сүретініне көз жеткізу үшін болып отыр. Сондықтан сөз екі жақтылы болады. Ол жан мен тәннің ерекше қосындысы. Сөзде поэзия болса, онда жан да, рухта болады. Болмаса, ол сөз тәнге ғана қызмет етеді. Поэзиясыз философиядан, діннен, тарих пен қоғамтанудан шыққан сөзден туған өлең әне соған жатады. Бірақ, ол өзі туған салаға ғана қызмет етеді. Айталық, философия мен тарихты қайталайтын, дінни түсініктерді уағыздайтын, идеологиялық саяси тартыстарға құрылған өлеңдер жетерлік. Өмірде біз бұл парықты көбінде анық ажырата бермейміз. Соның салдарынан сөздегі поэзия жоғалып кетсе де, біз оны өлең деп қабылдай беретін деңгейже жеткенбіз. Абайдан басталған қазақтың осы заманғы жазба поэзиясы туған күннен бастап орыс әдебиетінің ықпалымен сіңген саяси философиялық дүниеге көзқарастың толық бақылауында болды. Бұл дүниеге көзқарас өлеңге болған қарапайым түсініктен тарып өлеңнің жалпы ішкі қалыптасу жолы мен формасына дейінгі білімге әсер етті. Айталық қазақ тілі граматикасының орыс тілі граматикасынан үлгі алып жасалуы, орыс тілі заңдылығын қайталайтын тіл заңдылығы негізінде қазақ тілінің болмысына кесім жасау өріс алғанын жақсы білеміз. Осы барыстың нақты іске асырылу жолында Абайдың өлең мәтіні жаңартылды немесе өзгеріске еніп, өңделді. Сол арқылы саяси сипаты басым кеңестік поэзияның қалыбы барлыққа келді. Қалыбы дайын болғаннан кейін кеңестік әдебиет сыны соны қорғауға бар күшін салды. Уақыт ұазара келе әлгі қалыптан өзге сөздің бәріне «өлең емес» деген қортынды шығарылып, шетке қағылды. Бұл міне, біздің бүгінге дейінгі басымыздағы жағдай. Айталық, кеңестік өлең өлшемі бойынша Асылан Қуаныштың «Оянған» деген өлеңін «өлең емес», деумызге болады. Себебі, онда қатып қалған форма мен ұйқасты қамтыған көп нәрсе жоқ. Соған қармастан онда, кеңестік өлең теориясының өңі тұрмақ, түсіне кірмейтін дүниелер бар. Өлеңді оқиық.
Əуезімен əлдилеп жыршы-жалған,
Қиялыма оранып Нұр шыланған
Жатыр едім...
кенеттен көзімді ашсам,
Қыйылып қана қарап тұрсың алдан.
Сарқып ішіп мен түсер нала-көлді,
Есігін айқара ашып АҚ ƏЛЕМНІҢ,
Келдің де кірпігіңді қалам қылып,
Көңіліме əрнені сала бердің.
Сен келдің,
Махаббатқа бола алмас уақыт та өлшем,
Қапа болып қағар-ау бақыт кемсең...
Құтқармасын мені ешкім,
көзіндегі
Каспийге батып кетсем...
Сен келдің,
Қауызына шық тұнып Гүл өңіңнің,
Хас перісі секілді Үр өмірдің.
Бір қара бұлт бара ма тайғанақтап,
Маңдайына қарашы жүрегімнің!
О, Тәуелсіздік!..
Бұл өлеңнен біз нені көреміз? Бұл өлеңнен еркіндікті, бойында біздің бұған дейінгі әдебиеттімізде идеологиялық құлдық қалыптастырған қамыт жоқ, таза, азат сананы көреміз. Мұндай мәтін жазу үшін жүрегіңнің түгі болуы керек. Санасында құлдыққа дайындығы бар – қораға кіруге бейімделіп келген ақынсымақтар мұндай өлең жазудан қорқып ат-тонын ала қашады. Себебі, олар былай жазса алдында не күтіп тұрғанын жақсы біледі. Оларды әдебиетте қалыптасып алған жалғандыққа құрылған үлкен жүйеннің жалпы беттік терістеуі, жоққа шығаруы тіпті әдеби ортадана аластауы тұр. Бұл жерде рол ойнап тұрған өнер, әдебиет, поэзия емес, мүдде – әдебиеттегі саяси мүдде. Кеңестік әдебиет басынан бақайшығына дейін міне осындай саясатпен өмір сүреді. Оның өнер, әдебиет туралы түсінігі толық саясатқа құрылған. Ол өнерді, әдебиетті алдымен саясаттық санамен өлшеді. Себебі, әдебиетті саясатқа жұмыс істету керек болды. Тәуелсіздіктен кейін саясаттың әдебиетке ашық араласуы жоғалған сияқты болғанымен, идеологияның кеңестік әдебиеттің бүгінгі мұрагерлерінің санасында орнаған ықпалы еш өзгеріске ұшырамай сол күйінде қалған. Бүгінге дейін біз саналы және бейсаналы түрде сонымен күресіп келеміз. Сол барыста бірнеше буын жастар уақыттың, тарихитың өздеріне берген – тәуелсіз сананың қадіріне жетпей, баяғы сол ескі жүйенің көлеңкесінде қалып шығармашылықтағы мүмкіндіктерін тектен-текке өткізіп, сарып етіп алды. Егер осыдан он-он бес жыл бұрын әдебиетке келген буын өлең туралы дәл осы Асылан Қуаныштың деңгейіндегі азат санаға жеткенде, олар бүгінде жан-жақтылы ысылып, қалыптасып, өзіне тән сөз мәнерін тауып, ендігі жерде үлкен еңбектер жазуға саналы түрде аяқ бастар еді.
Одан қалды жоғарыдағы мәтінде ақынның «өлең формасы» дегенге ашық ойда екені байқалады. Сөз сөйлем, сөз саптау, ой құрауда ішкі үйлесімнің әлі толық өз орынын таппауына қарамастан жас ақынның түйсігіне өзіндік форма іздегені анық аңғарылып тұр. Бұл өлеңде қатып қалған форма жоқ, есесіне ойдың жүйесі бар. Осы жүйеге жету үшін ақын сөздің ықпалдастығына барынша мән беруге тырысқан, содан тиянақ тапқан. Бұл поэзиятануда үлкен жетістік. Әсілінде өлеңнің мәселеслін көрінетін дүниелер – форма, ұйқас, т.б. дегендер шешпейді, оны шешетін көрінбейтін дүниелер – ақынның сөз құраудағы эстетикалық түйсігінен туындайтын үйлесім немесе жанның поэзияға сіңген үні. Оның формасы алуан түрлі, айталық сырттай да, іштей де болуы мүмкін. Octavio Paz-тың «Өлең деген уақыттың түп көрінісі, ерінің қыбыр етіп үйлесімдікке ұмтылса болды өлең сөзі ритім тауып қанатын қаға бастайды. Біздің ритім деп жүгеніміз ұйқас (verses), оның бірденбір міндеті уақыттың жан тынысын әйгілеу» дегені бар. Осы тұрғыдан келгенде ақын болу үшін сөз ұстай алуың керек, сөз ұстай алу үшін оны жан-жақтылы, бастысы тірі күйде – өз жаныңның сәулесіндей шығарып, түйсіне алуың керек. Ол үшін сөзді таза күйінде сезінетін болуың басты шарт. Егер, сөзді түп-төркіні, оның иісі бұрқыраған әуелгі күйінде емес, ұғымдарға шатылған, әбден жаттанды болған тіпті идеологиялық бағыттағы мәдениеттік түс алған негізде игеретін болсаң, онда сөз саған еркін бермейді. Ондай сөз өзіне тиісті ықпалдастыққа барады. Ол ұғымдық немесе идеологиялық шеңбер ішіндегі мәтін болып шығады. Ақын ретінде сен сөздің құлына айналасың. Өлеңің тар шеңберде, саясаттанған қоғам үшін немесе идеология үшін атшабар болады да шыға келеді. Кеңестік қоғамның поэзиясы туралы айтқанда оның жетістігі ретінде көп ақындардың тәп-тәуір шығармаларын мысалға келтіріп жатады. Бірақ, бір нәрсені ескеруміз керек. Кеңестік қоғамның поэзиясында санаулы ғана тақырыптар ашық ұсталды, ал дін мен нағыз шындықтың, философияның кеңістгі мұлдем жабық болды. Бұл нені білдіреді? Бұл кеңестік қазақ поэзиясы тар шеңбердің ішінде, нағыз поэзия игеруге тиісті кеңістіктерді меңгеруге мүмкіндігі болмағанын аңғартады. Әлгі екі сала қамтылмаған жерде сөз поэзиялық деңгейге емес, тіпті қарапайым адамның болмысын ашу деңгейіне де көтеріле алмайды. Ондай өлеңдерді қарабайыр өлең деуге немесе әлі толық парасат-пайымға жетпеген сананың туындысы деп қарауға болар еді. Ал ондай тар шеңберден құтылу үшін бастысы еркіндік керек. Нағыз тәуелсіздіктің жемісі еркін сана, өлең тануда Асылан Қуаныштың деңгейіндегі түсінік керек. Бұл өлеңде поэзияға жетудің бірінші баспалдағы. Онсыз ақын бола алмайсың. Ал Асылан Қуаныштың деңгейіне жете алсаң сен үшін аспан ашық, қанша қалықтаймын, ұшам десең, өзің білесің. Талантың мен мүмкіндігіңді еркінше пайдалана аласың. Өз уақытында өзіңе тиісті орынға жеттің, деген сөз. Бастысы түптің түбінде өзіңді поэзияның нағыз үлкен тақырыбына салып сынап көруге толық мүмкіндігің бар. Бұл мүмкіндік бұрын-соңды бұған дейінгі қазақ ақынынң басына келмеген бақ! Шығармашылық адам үшін мұнан артық сый болмаса керек.
Ардақ Нұрғазы, ақын.