Weekend
Жеңіс Айтжанов: «Иллюзияның тылсым күштерге мүлдем байланысы жоқ»
Көрермен сіздің, жалпы иллюзионистердің өнерін қаншалықты бағалайды? Қазақстандық көрермендер бұл өнерді түсінеді ме?
Басында көрерменге өкпелейтін едім. Оларды мүлдем түсінбейтінмін. Шетелге барып, осы саладағы шетелдік әртістермен пікір алмасқаннан кейін бәрі өзгерді. Біреуге біз көрсетіп жүрген өнер ұнайды, ал біреуге мүлдем ұнамайды. Менің мақсатым - адамдардың көзқарасын өзгерту емес. Өнерімді ұнататындарға, бағалайтындарға ғана көрсетемін, ал бұл өнерді ұнатпайтындардан аулақ жүруге тырысамын. Он жылдың ішінде енді көзім жетті. Олар жаза да, айта да береді екен. Бұл өнердің құпиясын енді түсініп жатқан секілдімін.
Менің ойымша, біздің елдің азаматтары да бұл өнерді түсінуі керек. Бұл ешқандай да алдау, арбау, алаяқтық емес. Бұл - өнер. Бұл өнердің тылсым күштерге мүлдем байланысы жоқ. Бұл театр секілді. Бұл өнерден қазақ халқы қорықпауы керек. Бұл - қол мен ой ептілігінің арқасында жасалатын өнердің бір түрі ғана. Бұны өте көне өнерлердің бірі десек те болады.
Гиннес рекордтар кітабына екі рет енген екенсіз. Сол туралы толығырақ айта кетсеңіз. Жалпы бүгінгі күнде немен айналысып жүрсіз?
Қазіргі таңда Гиннес рекордтар кітабына тағы да ену мақсатында дайындалып жүрмін. Жалпы бұл кітапқа екі рет ендім. Осы жылдың соңына дейін жасаған рекордымды жаңартқым келеді. Алдыңғы рекордта төрт тиынды бес саусақтың арасына салып, бір минутта ашып, жауып он төрт рет жасағанмын. Бұл “Butter fly coin roll” деп аталады. Келесі рекордта соны он алтыға жеткіземін деп жоспарлаудамын. Ол процесс жарты жылдан кейін болады. Бүгінгі күнде Гиннес рекордтар кітабының ұйымдастырушылары беретін арнайы анкетаны толтырып, оны Англияға жібердім. Келесі жарты жылда олар менің жасайтын келесі қадамдарымды түсіндіретін болады.
“Сиқыр” атты авторлық кітап жазып жатыр екенсіз. Кітап туралы айта кетсеңіз. Кітап не жайында болмақ?
“Сиқыр” кітабын аяқтадым. Бірақ кітап әлі күнге дейін жарыққа шықпады. Үлкен кітап емес, брошюра сияқты 30-50 беттік қана кітап жаздым. Кітапта жалпы иллюзия мен фокус өнері туралы, бұл өнердің Қазақстандағы жағдайы, осы өнер арқылы танымал болған қазақтар бар болса солар туралы, кейбір фокустардың жасалу тәсілдері мен ережелері туралы айтылады. Бұл кітапта еліміздің салт-дәстүріне байланысты 4 фокус бар. Кітап әзірге электронды түрде дайын тұр. Туындыны шығаруда қалған соңғы қадам - фото-видео түсіру, сурет салу (зарисовка) немесе анимация түрінде ұсыну. Кітаптағы фокустар 1-ден 4-ке дейін жұлдызшамен белгіленген. Сәйкесінше ең күрделісі – 4-деңгей.
Әлеуметтік желілерде қаншалықты белсендісіз? Илюзионист ретінде сіздің атыңызға ашылған сайт та бар екен. Сіздерге сайт керек пе өзі?
Мен қазақ тілінде сайты бар жалғыз иллюзиониспін. Себебі өнер адамдарының көбісі жеке сайттарында, жалпы сайттарда орыс тілінде ғана ақпарат береді. Менің жеке сайтым визитка ретінде ғана қолданылады. Сайт үш тілді. 2015 жылы ашылып, сол кезде ғана ақпарат салынған. Одан кейін әлеуметтік желілерді ғана қолданатын болдым. Қазіргі кезде инстаграм, ютюб желілерінде бармын. Пост жазу арқылы ақпараттармен бөлісіп, жаңалықтарды оқырмандарыма жеткізіп отырамын.
Жоспарланған іс-сапарлар туралы айта кетсеңіз. Алдағы жоспарыңыз қандай?
Қыста Санкт-Петербургте бесінші рет болайын деп жатқан халықаралық иллюзионистер форумы болады. Форумға 17 мемлекеттің өнер адамдары қатысады. Қазіргі таңда сол форумға презентация категориясы бойынша тіркелдім. Ол жерде жаңа фокустың презентациясын жасайтын боламын. Жалпы форум бірнеше категориялар бойынша ұйымдастырылған.
Өзіңізді иллюзионист ретінде қаншалықты бағалайсыз?
Мен өзімді балет немесе опера театрының әртістерімен салыстырамын. Мысалы олар сахнаға шығуға ұзақ уақыт дайындалады, өнерді жан дүниесімен сезінеді. Күнделікті қайталап отырып, өзін жаттықтырып үйренеді. Сосын премьера кезінде көрерменіне өтімді дүние бере алады. Оның сапасы да жақсы болады. Маңыздысы көрермен оны түсінеді. Мен де солар секілдімін.
Гари Гудинидің “Менің басты көмекшім – көрерменнің өзі және қиялы” деген сөзі бар. Сіздің де осы иллюзия әлеміне келгеніңізге біршама уақыт болды. Гудини секілді өзіңіз авторы болып есептелетін, өзіңіз ғана қолданатын сөздер жиынтығы, жалпы өзіндік фишкаңыз бар ма?
Менің ерекше сахналық қойылымым бар. Соның арқасында бірнеше рет жүлде алған болатынмын. Ол жердегі философиялық ой – “Ғажап деген не?” деген сұраққа жауап іздеу әрі жауап беру. Өзім тиынмен өнер көрсеткенді, жалпы тиынмен жұмыс жасағанды жақсы көремін. Біздің өміріміз бір-біріне қарама-қарсы екі бағыттан тұрады емес пе?! Жақсы мен жаман, оң мен теріс, ер мен әйел деген секілді. Соның ортасы не? Ол – ғажап. Әртіс – жаратушы. Сол нөмір, сол кішігірім ғана қойылым – менің ең биік жетістігім секілді.
Кез келген нәрсені ойлап табу үшін өнер адамына шабыт керек секілді. Иллюзионист Жеңіс Айтжановты не шабыттандырады?
Иә, бір нәрсені ойлап табу үшін шабыт керек. Мен басқа өнерлерге, жаңа технологияларға қараймын, жаңа нәрсе құрастырғым келеді. Артур Кларк атты фантаст-жазушы “Кез келген дамыған технология нағыз ғажапқа ұқсайды”, - дейді. Осы нақыл сөз мені шабыттандырушы кредо сияқты.
Ерекше, елімізде әлі дами қоймаған өнерді таңдадыңыз. Сәйкесінше сіздерді, жалпы еліміздегі иллюзия саласын қолдаушылар керек. Сіздерді кімдер және олар не үшін қолдауы керек?
Бұл өнерді үкімет, мәдениет министрлігі қолдауы керек. Өйткені біз жаңа, кейін пайда болып, жаһанданып жатқан өнерді дамытудамыз. Соңғы сегіз жылда елімізде иллюзионистер ұйымы тіркелді. Оның алдында тек цирк, той-томалақ секілді кішігірім өнер көрсетулер болатын. Қазіргі таңда концерт, шоу, фестиваль секілді ауқымды шараларды жүзеге асырудамыз. Болашақта еліміздің атын Батыс пен Шығысқа таныту ойымызда бар.
Біздерде журналиске тән дауыс екпіні, кез келген нәрсеге деген қызығушылық күнделікті болатын құбылыс. Ал сіз иллюзионистсіз, осы иллюзионист трюктарын күнделікті өмірде қаншалықты жиі пайдаланасыз?
Бір кездері пайдаланғанмын. Алайда иллюзияның арқасында алаяқтық жасап көрмеппін. Достарыммен қалжың ретінде жасаған шығармыз. Соның өзінде соңғы жағында құпиясын ашып дегендей. Шын өмірде жаман ниетпен фокус жасап көрмеппін. Бір эксперимент кезінде “Козиноға фокусниктарды кіргізе ме осы?” деген сұраққа жауап алу үшін істеген болатынбыз. Козинода біраз ұттым. Ол кезде қол ептілігінің арқасында емес, логиканың арқасында болды. Университетте, ГАИ-ге ұсталып қалғанда фокусты әзіл ретінде қолданғаным да бар. Жалпы алаяқтық жасауға өз басым қарсымын.
Сіздің ойыңызша, иллюзионист адам қандай салаларды жалпылама және жетік меңгеруі қажет?
Иллюзионисте қол ептілігі, шешендік өнер, дикция, актерлық шеберлік, шамалы психология (қалай назар аударту керек), фокуске деген сенімі болу керек (сонда ғана ол көрерменге жетеді және көрермен оған сенеді).
Иллюзионистер Пен мен Теллер діндегі алаяқтықтарды ашып, оны әшкерелеуді басты мақсаттары санады. Соған сәйкес қиын трюктарды жасаған Гуддинидің де мақсаты бар делік. Қазақстандық Жеңіс Айтжановтың иллюзионист ретіндегі мақсаты қандай?
Менің мақсатым - Қазақстанның мәдениет деңгейін көтеру, адамдарды ақылды болуға шақыру, оларды рухани жағынан дамыту. Адам рухани дамыса, оның сана-сезімі, ақылы бәрі дамиды емес пе?! Қазақ ақылды болса, еліміз, жалпы барлық сала дамиды. Қартайған кезімде мәдениет министірлігінде белгілі қызметкер болғым да келеді.
Көбінесе трюктарды немен жасайсыз?
Телефон, карта, тиын, ақшамен, жалпы кез келген нәрсемен трюктарды жасай беремін.
Байқап қарасам иллюзия ішінен әртүрлі жанрларға бөлінеді екен. Соларға тоқтала кетсеңіз. Сіз қай жанрда өнер көрсетесіз? Жалпы елімізде иллюзияның қай жанры жақсырақ дамыған?
Олар: микромагия (Тиын, карта, жалпы қолға сыятын заттармен өнер көрсету), сахналық (Онда үлкен жәшіктермен, музыканың сүйемелдеуімен өнер көрсетіледі), манипулация (Ол тек қана қол ептілігімен жасалады. Мысалы қолдан шарик немесе карта шығару, есіктермен жасалатын әртүрлі трюктар деген секілді), ментализм (Ол психологиямен тікелей байланысты. Онда эксперимент, болжам жасалады, гипнозға жақын дүние). Мен бұлардың барлық түрімен де айналысамын.
Қазақстандық иллюзионистің арманы бар ма?
Үлкен арманым - оптикалық иллюзия бойынша Көк Төбені жоқ қылып, қайтадан қалпына келтіру. Мысалыға Дэвид Копперфильд “Бостандық” монументін жоқ қылып жіберді. Одан алдын Бәйтеректі жоқ қылып, қайта қалпына келтіремін деп ойлағанмын. Бірақ оның саяси қате болатынын түсіндім. Копперфильдтің оптикалық иллюзияны жасағандағы идеясы – “Бостандық” идеясын ұсыну болды.
Фокус немесе трюктар істеп жатып, олардың іске аспай қалған кезі болды ма?
Фокус болмай қалса, ойнатамыз. Оны көрерменге білдірмеу керек. Көрерменді өзіңізге сендіру керек. Ол көбінесе жаңа фокусты сахнада алғаш рет жасағанда болады.
Иллюзионистер жасаған фокустарды зерттеп, оның құпиясын ашатын адамдардың бар екені белгілі. Олар сіздерге қаншалықты зиянын тигізеді?
Жоқ, олар аша берсін. Біреулер жай ғана құпиясын ашады. Ал енді біреулері құпиясын ашумен қатар, оны үйретеді. Ол процесті жақсы қабылдауға болады. Оған аса назар аудармаймын. Керісінше олардың мен жасаған фокустың құпиясын ашуы еңбектенуіме, әрі қарай ізденуіме септігін тигізеді. Мен ізденемін, бір трюкты істеудің жаңа тәсілін ойлап табамын дегендей.
Әңгімеңізге рақмет!