Саясат

Ләззат Кендебайқызы: Қастер мен Мұрагерді Қытайға қайтару заңға қайшы

Қазақстанның заңы бұзылды

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Танымал адвокат Ләззат Кендебайқызы Facebook-тегі парақшасында Қытай мен Қазақстанның шекарасын кесіп өткен Қастер мен Мұрагер есімді жігіттердің Қытайға қайтарылуы жайлы пікір білдірді. Қорғаушының айтуынша, қос азаматты Қытайға қайтаруға Қазақстанның құқығы жоқ, өйткені екі азамат та алдымен Қазақстанның шекарасын бұзып отыр. Сондықтан олар жазасын Қазақстанда өтеуі тиіс.

- Құрметті бауырлар, ұшақтан түскенім осы. Қарасам, Қастер пен Мұрагерді қайтаратын болыпты деп, желіде мені тегтеп жазылған комменттер мен посттар толып жүр. Уайымдап жатқандарыңызды түсінем. Оған себеп-ҰҚК-нің шекара ісі жөніндегі орынбасары А.Ділмановтың сұқбаты. Барлықтарыңызға жеке жауап беруге уақытым аз, реніш болмасын. Осы постпен мән-жайды сұрап жатқан ағайынның бәріне бір-ақ жауап берейін: А.Ділманов мырза шекара бұзып өткен екі жігітті екі ел арасындағы бекітілген Келісімнің шарттары бойынша кері қайтарамыз деді. Ол Келісім 2006 жылы 14 желтоқсанда ҚР Үкіметімен бекітілген, - дейді Кендебайқызы.

Аталмыш Келісімнің 32-ші бабында Қытайдың немесе Қазақстанның шекарасын шатасып, не аңдамай бұзып өткен екі ел адамдары 7 (жеті күн) ішінде қайтарылады делінген. Сотқа жетпей, жеті күн ішінде. Ал біздің жағдайда екі жігіт шекараны қазан айында бұзып өткен. Қазір желтоқсан айы. Яғни, 7 күн емес, екі айдан асып кетті.

- Одан өзге, екі жігіттің үстінен ҚК-тің 392-ші бабына сай, қылмыстық іс қозғалды. Ол іс толық аяқталмай, сот шешім шығармай, Қастер мен Мұрагерді ешкім ешқайда қозғай алмайды. Олар алдымен біздің мемлекеттік шекараны заңсыз бұзып өткені үшін жазаларын біздің елде өтеу керек. Алты айдан бір жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе шектеу жазасы қолданылуы мүмкін. 392-ші бап бойынша жазаны толық өтемей, депортациялау болмайды. Естеріңізде болса, Сайрагүлде де тура осындай жағдай болды. Сот алты айға бас бостандығын шектеген болатын. Ол мерзім өтпей жатып, Қазақстан босқындық беруден бас тартқан соң, Швеция саяси баспана беріп, сонда көшіп кеткенін білесіздер. Сондықтан, саясатпен айтылған әр сөзге уайымдай бермей, сабыр сақтаңыздар дегім келеді. Мен жасалып жатқан жұмыстарды, жоспардың бәрін мұнда ашық жаза алмаймын, өкінішке қарай. Достан дұшпан көп уақыт өйткені..Бірақ бәрін көріп отырмыз, қол қусырып отырмағанымызды айтқым келеді. Кеше ғана осы жағдайға байланысты Ресей Қытайға кері депортациялаған екі татар жігіті туралы пост жазғанмын. Сол постта өз позициямды да көрсеттім, бізде қандай шешім шығарса да, таң қалмаймын, біздің ендігі үмітіміз - БҰҰ мен халықаралық соттар деп жазғанмын. Осы бағытта жұмыстар атқарылып жатыр, - дейді адвокат.