Bugin

Сананың радикалдануы – қауіпті құбылыс

Қоғамдағы басты мәселе

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Қазіргі таңда жат ағым өкілдерінің сенімі бойынша намаз оқымасаң кәпірсің, жеті күлше құдайы нан пісірсең күнәһарсың, теледидар қарасаңда, есті әуендерді тыңдасаң да, жақсы фильмдерді көрсеңде – харам іс қылған боласың.  Туған күн тойласаң да, наурыз мерекесін атап өтсең де, ата-баба әруағына құран оқып бағыштасаң да, алақан жайып бет сипасаң да Алланың ақ жолынан адасқан болып шыға келесің!

Тіпті сырқаттанып ауырған балаларды емдеуге және емдетуге болмайды, Құдай оларды қорғайды... Міне бүгінгі деструктивты діни ағым өкілдерінің сиқы осындай. Мұндай жалған сенім шектен шығушылықтың нақ өзі.

Бүгінде қоғам қысқа балақты, қауға сақалды, қара киімді адамдардан қорқа бастады. Олардың жанында жүрмек түгілі, жүзіне қараудың өзі үрейлі.

Қайран сенім! Бір сенімде болғанға не жетсін?! Қазақтың дәстүрін аттап, оны түбегейлі жоққа шығарып жүргендердің жағдайы қандай аянышты?!

Көбіміз кейде қазақтың бір сөзіне онша мән бере қоймайтын секілдіміз. Ол – «сенім» деген бір-ақ ауыз сөз. Былайша, құлаққа жай ғана естіле салатын әрі «мен мұндалап» айқайлап тұрмайтын сөз. Сенім - адамның жігерін арттырып, болашаққа құлшындыратын құбылыс (болашаққа сену, еңбекке сену, жақын адамдарға сену, Құдайға сену, т.б.). Сенім үміттен басталады. Сенім адамның алдына қойған мақсатының айқын болуы, дүниетанымының өмірмен байланыстылығы берік сенімнен туады. Бұл адамның нақты іс-әрекеті мен тәжірибесіне байланысты. Сенім адам баласына жақсылық та, жамандықта әкелетін, бақыт пен қайғы-қасірет те беретін, бізді я адамшылыққа, я қаныпезерлікке жетелейтін де сенім екендігін білуіміз керек. Ол – адам алғаш жаратылғаннан осы бүгінге дейін бар болмысымызды билеп алған ұғым. Оның дұрысы мен терісі, шындығы мен ақылға сиымсызы бар. Бұл арада күнбе-күнгі өз арамызда бола беретін, тіршіліктегі біріне-бірі сену, илану дегенде бар. Біз сөз етіп отырған мәселе адамдардың діни сеніміне және діни санасына байланысты болмақ.

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстан – 2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Біз елдің дәстүрлері мен мәдени нормаларына сәйкес келетін діни сана қалыптастыруымыз керек» деген болатын. Демек жастарымыз ой-санасын, рухын, ар-ожданын кірлететін кез келген теріс іс-әрекеттен сақтануы керек.

Алайда есте ұстайтын бір нәрсе, санада қалып кеткен жағымсыз жайттар кез келген жерде бұрқ ете қалуы ғажап емес. Мәселен, көз тыйым салынған бір нәрсеге түсіп кеткен кезде адамның жады оны міндетті түрде сақтап қояды дейді психологтар. Адам жадысында сақталған бұл ақпарат күндердің күнінде сыртқа шығары сөзсіз. Мұндай жағдай адамды жаман ойларға, теріс пікірлерге, тіпті теріс әрекеттерге итермелеп, қалыпты деген, дәстүрлі деген жолдан тайдыра бастайды. Адам ондай кезде шамасы жеткенше өз-өзін қатаң бақылауда ұстауы шарт. Оның үстіне дәстүрлі діннің өкілдері адамның ой-санасын жаман пікірлер жаулай бастағанда дереу ондай атмосферадан алыстауды өсиет етеді.Кейде адам өзінің көзқарасы радикалданып, сеніміне селкеу түсіріп жатқанын сезбейде қалуы мүмкін?!

Дін ғалымдары үнемі дәстүрлі діннің құндылықтарымен қатар, әлемді алаңдатып отырған радикализм сынды мәселенің және жалған діни ағымдардың қоғам үшін кері әсерін үнемі айтып келеді. Осы ретте діни сананың радикалдану қаупі азаматтың өзіне де, өзгелерге де зиянды екенін естен шығармауымыз қажет.

Діни санасы дұрыс қалыптасқан тұлға – отанды сүюді, өмір сүріп отырған ортаңды қастерлеуді, құрметтеуді біледі.

Бүгінде кейбір азаматтарымыз деструктивті көзқарастарын өзгелерге тықпалап, келіспеген жағдайда кінәлап, айыпты санайды. Бұл оның діни санасының дұрыс қалыптастпағанын білдіреді. Егер адамның діни санасы дұрыс қалыптасса – онда ол өзге адамдардың да діни сеніміне құрметпен қарайды және олардың еркіндігін бағалай да біледі.

Мамандар діни радикалдық көзқарастың пайда болуының басты екі себебі бар дейді;

- діни сананың толыққанды қалыптасып үлгермеуі,

- елімізге сырттан енген діни радикализмның насихаттары.

Санасы радикалданған кез келген азамат дәстүрлі ұлттық рухани құндылықтарды, қалыптасқан жергілікті діни тәжірибені жоққа шығарып, мойындамайтынын білікті сарапшылар тарапынан сан мәрте айтылуда. Олар қоғамдағы қалыпты өмірден баз кешіп, деструктивті  идеологияның қолшоқпарына айналуда. Олардың әрекеттері дәстүрлі дінді ұстанушы көпшілікке де кері әсерін тигізуде. Осыған орай, азаматтардың радикалдануына жетелейтін факторларды анықтап, олардың алдын алу бағытындағы жұмыстарды үнемі жүргізу қажеттілігі күн тәртібінен түскен емес.

Бастысы Тәуелсіз еліміздегі бірлікті сақтау және оны одан әрі нығайта отырып, радикалды, алдамшы діни сананың алдын алу ортақ міндетіміз болып қала бермек.  

Дінтанушы-сарапшы Тұрар Әбуов