Woman
Мәселе
Қазіргі кезде қоғамда жиі талқыға түскен хиджаб мәселесін орын алған факторларды ескере отырып тарихи-мәдени контексте қарастыруды межеледік. Кез келген мәдениетте адам қоғамдық ортада қалыпты өмір сүруі үшін белгілі нормалармен тыйымдар пайдаланады. Адамның сол қоғамда жынысына, жас ерекшеліктеріне, статусына қарай қалыптасқан маркерлер арқылы реттеліп отырады.
Мал шаруашылығымен айналысқан ата жұрт малын азықпен, жайылыммен қамтамасыз ету мақсатында көшпелі өмір салтты ұстанды. Қазақ мәдениетінде бір елді мекенде малы мен жайылымы, ортақ шаруашылығы бар бірыңғай рулас, аталас, туыстар өмір сүрді. Діни ұстанымға сәйкес әйелдерге әуірет жерін жабуды талап етудің түпкі мақсаты бөтен ер адамдардың сұқ көзінен сақтау болса демек, бір елді мекенде, көрші ауыл-аймақта қыз алысып беріспейтін бір ыңғай ағайын туыстар өмір сүріп жатқан қоғамда қыз балаға жыныстық объект ретінде қараудың өзі моральдық тұрғыдан өрескел. Қыз бала қазақ қоғамында ерекше статусқа ие болды.
Сондықтан қазақ тілінде сақталған ерекшелікке сәйкес кез келген қыз балаға ер адамдар «қарындас» деген туыстығын аңғартатын атау арқылы қатнас құрады. Рулық – туыстық қатнас тұрғысынан келсе әйелдің статустық – маркерлері қатаң сақталған. Басқа рудың ер адамы арасындағы қарым – қатнас қалыптасқан тәртіпке бағынады, мысалы «құда бала мен құдаша» қатынасы іспеттес жағдайда ғана әйел адам жыныстық объект ретінде қарау дәстүр бойынша рұқсат етіледі.
Қазақ қоғамының иерархиялық әлеуметтік құрылымына сай әйелдің алатын орны мен рөлі қалыптасқан. Әйелдің қоғамдағы орнын шаш үлгісі, киім үлгісі, оның түсі арқылы аңғарып, айыруға болады. Демек, шашы майда өрімдегі қыз бала түркі мәдениетінде әлі жыныстық тұрғыда жетіле қоймаған жеткіншек екенін аңғартады және бұл жерде пайдаланып отырған қазақ тіліндегі «қыз бала» терминіне назар аударсақ оның әлі «бала» екеніне ерекше мән беріп алдын ала оған деген қарым - қатынасты да айқындайды. Әйелдердің статусын киім үлгісі, түсі арқылы анықтайтын құбылыстың бірі кимешек. Ал әйел балалы болғаннан кейін киетін кимешекті, баланы емізгенде омырауын, сұқ көзден, суықтан қорғаған. Одан бөлек ата – ене, қайнаға қайын, басқа бөтен адамдар көріп ыңғайсыздық тудырмас үшін таптырмас шешім және гигиена тұрғысынан да тиімді рационалды себеп. Демек кез келген дәстүрдің қалыптасуына қандайда бір қажеттіліктерден туындап отырады. Бүгінгі таңда қалыптасқан мектеп жасындағы 6-11 жастағы қыз балаға «хиджаб» кию үрдісі басқа мәдениетте қалыптасқан маркерлерді аңғартады. 6-11 жас аралығындағы қыз балаға сексуалды объект ретінде қарау мәдениетімізге жат құбылыс.
Әрине қазіргі жаһандану, урбанизация, миграция үрдістерінің әсерінен біз өмір сүріп отырған қоғамда рулық-туыстық біртұтастық жоқ, ол уақыт талабына сай қалыптасқан заңды құбылыс, дегенменде бүгінгі күнге дейін жеті атаға дейін қыз алыспау сынды табу – қазақ қоғамындағы қалыптасқан тежеуіш фактор ретінде қарастыруға болады.
Кез келген мәдениеттің өзіндік келбетінің қалыптасуына негізгі үш фактор әсер етеді. Олар: географиялық - климаттық жағдай, шаруашылық түрі (отырықшылық, көшпелі), діни ұстанымы. Киім кию ерекшеліктерінің қалыптасуына географиялық - климаттық фактордың әсерін алар болсақ: пайдаланатын материалдары, түсі, үлгісіне әсер етеді. Айталық Арап түбегінде құмды жел, аптап ыстық ауадан қорғану мақсатында арнайы үлгі қажет етілсе, Қазақстанның шұғыл континентальды климатында дененің жабық болуы суық ауа райымен желден қорғану мақсаты діни ұстанымнан өмірлік қажеттілік принципі басым. Жалпы Еуразиялық континентінің табиғи жағдайында дененің қандайда бөлігі ашық күйінде қалтыру тасты, тікенді, желді далада адамның өмірі мен денсаулығына қауіпті. Дегенменде туыстық қатынастарға негізделген қоғамда, бауырмалдық, қонақжайлық, ақжарқын, мейірбан мінез құлық жақын. Қадай да бір қоғам мүшелерінің бетін бүркеу, қоғамнан қауіп іздеу, безіну, бөтендену қазаққа жат құбылыс.
Бүгінгі таңда түрлі әлеуметтік желілерде аталған мәселеге байланысты қоғамдағы әйелдің алатын орнын анықтауда мазмұны жағынан күмәнді материалдар кездестіруге болады. Мысалы, әлеуметтік желілердің бірінде қазіргі заманғы мұсылман әйелінің образы былай көрсетіледі: толықтай басынан аяғына дейін қара киімдегі әйелді – бүтін алма жемісімен, мұсылмандық шарттарын сақтана отырып заманауи үлгіде киінген әйелді – тістелген алмаға, ал кеңселік үлгіде киінген әйелді – алманың кемігіне теңеп көрсетеді. Бұл ар-ожданының моральдық болмысының еркіндігіне, мемлекеттегі азаматтарының арасындағы қарым-қатынас тек құқықтық негізде шешуді қамтамасыз етуді көздеген зайырлы қоғам принципіне кереғар келіп тұрғаны анық. Одан бөлек, жесірін, жетімін жатқа қимаған дәстүрде қалыптасқан үрдіс әйел баласының қандай жағдайда да қоғам теріс теппейтінінің кепілі. Ал өзін статустық тұрғыда алманың кемігі – қоқыс санататын әйелдің дүниеге ұрпақ әкелуде, оны тәрбиелеудегі келелі роліне күмән келтіреді. Қоғамдағы орын алып отырған бұндай психологиялық қысым, әйел ер адамдармен қарым-қатынаста өзін олқы сезіну, толыққанды қоғам мүшесі ретінде сезіне алмау үрдісін қалыптастырады.
Ал, ғасырлар бойы қалыптасқан тарихқа, дәстүрге жүгінер болсақ әйелдің қоғамдағы алатын орнын айқындайтын құбылыстарды аңғаруға болады. Мысалы, «қыз қуу» дәстүрлі ойынының ережесін алар болсақ әйелдің қоғамның толыққанды тең мүшесі ретінде қабылданатынынан бағдар береді. Жиналған барша халықтың көзінше қыз бала жігітті жеңген жағдайда қамшымен сабап алуға құқылы болған. Бұл зайырлы, демократиялық принциптерді ұстана отырып өмір кешкен қоғамның көрінісі. Демек ата бабамыз ұстанған – әр қағам мүшесіне толыққанды тұлға ретінде қабылдау принципі қазіргі барлық өркениетті қоғамның асқақ арманы болып отыр.
Бүгінгі таңда бірегейлігімізді, елдігімізді сақтау жолында өткен тарихты, бүгінгі шындықты, ертеңгі болашақты біртұтас кешенді қарастыру адастырмайтын жол. Дін рухани, моральдық діңгек ретінде ар-ождан, имандылық мәселелеріне аса мән береді. Яғни дін құбылыс ретінде жікке бөлуші, талқандаушы да бола алмайды. Ал мемлекет өз тарапынан азаматтарының ар-ождан еркіндігіне кепілдік береді. Мәдениетіміздің өзіндік келбетін ескере отырып дін мен дәстүрді ұштастырып, қазақ әйелінің бойынан табылатын мейірімділік, инабаттылық, ашық мінезді көркем түрде алып жүру өз қолымызда. Ислам дінінің адам қауымының өмірін жеңілдетуге негізделген дін екенін де естен шығармаған абзал.
Әлімқұлова С.Б.
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ оқытушысы, гуманитардық ғылымдар магистрі,
қалалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі