Түркі әлемі

Шымкент маңында қандай туристтік орындар бар?

Шымкент қаласы туралы сөз еткенде, оның айнала-төңірегі туралы айтпауға болмайды

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Шымкент – адамзаттың алтын бесігі атанған, Нұқ пайғамбардың кемесі қалған, қасиетті де киелі Қазығұрт тауының баурайындағы қала. Шаһардың тарихи-географиялық орналасуы да, бүкіл тыныс-тіршілігі де Қазығұрт тауымен және оның сілемдерімен байланысты екені түсінікті.

Көптеген ғалымдардың, жазушылардың еңбектерінде айтылғандай, Қазғұрттың төсінде, бауыр-баурайында және айнала-төңірегінде небір тарихи оқиғалар өткен. Кир патшаның, Александр Македонскийдің Азия аумақтарына жорықтары кезіндегі түрлі-түрлі шешуші шайқастар Қазығұрт айналасына тікелей қатысты. Істеми қаған Византия елшісі Земархты Қазығұрт тауының баурайында қабылдаған.

Шыңғыс хан мен Әмір Темірдің, Шайбани әулетінің, Қазақ хандығының тарихи тағдыры Қазғұртпен, оның айналасындағы қорғандармен, қалашықтармен, ажарлы ауыл-аймақтармен, өзен-көлдерен, сай-салалармен, қарауылтөбе жоталармен, керуенсарайлы кенттермен тікелей байланысты.

Осылардың ортасынан ойып тұрып орын алатын мекендердің бірі – Шымкент қаласы.

Шымкенттің ежелгі, көне тарихы да, бергі замандарда да, әсіресе, тәуелсіздікке қол жеткен жылдарда да жанашырлықпен, шынайы жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары да қаланың тағдыр-талайы Қазығұртпен – Қазық Жұртпен тікелей байланысты екенін көрсетеді. Шымқаланың, Гүлқаланың, Жасылкенттің Қазығұрт баурайында өсіп-өркендеп келе жатқан шаһар екендігі мақтаныш сезімін тудырары сөзсіз.

Көрнекі қайраткер әрі қаламгер, ғалым Сауытбек Абдрахмановтың мына бір пікірінде айқын да анық айтылған: «Топан суға, адамзаттың сол апаттан кейінгі тағдырына қатысты мифтің әлемдегі санаулы халықта бар екендігі, санаулы ғана халықтың бірі біздің қазақ екендігі, сол ғажайып аңыздың арқауы Оңтүстік жеріндегі Қазығұрт екендігі – айрықша айтар мақтанышымыз. Мұның бәрінде де біз әлі ашып үлгермеген терең-терең сырлар жатыр деп білеміз».

Қазығұрт тауы, Ордабасы тауы, Сайрам жері, Төлеби ауданының ерекшеліктері Шымқаланың тарихы, кешегісі мен бүгінгісі, туризмге байланысты мақсаттар тұрғысынан да қызықтырары аян. Өйткені қала Оңтүстік Қазақстан облысының әкімшілік орталығы болғандықтан, өңірдің түкпір-түкпіріне апаратын барлық туристтік бағыттар міндетті түрде осы жерден басталады.

Шымкент маңайындағы тарихи жағынан аса маңызды аймақ-атыраптардың бірі – Ордабасы тауы. Ордабасы көне қорымы біздің дәуірімізге дейінгі бесінші жыл санауымыздың бірінші ғасырынан қалған архитектуралық, тарихи ескерткіш. Бұрынғы қиыршық тас карьерінен оңтүстік-батысқа қарай үш шақырым қашықтықта, Бадам өзенінің жағасындағы төбешік тәрізді биіктің шетінде жатыр. Бес үймесі бар, оның біреуі едеуір ауқымды. Бұл қорым сақтар дәуірінен қалған.

Ордабасы тауының биігіндегі Тутөбе маңайында да сақтар, түркілер дәуірлерінен қалған қорымдар өте көп.

Тутөбенің биіктігі – теңіз деңгейінен санағанда 530 метр. Оның шығыс етегінде үш президент сөйлеген мінбер тұр. Оңтүстік жағына төрт тайқазан орнатылған. Ең үлкені хан қазаны – Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі тайқазанның көшірмесі. Өзге үшеуі қазақтың үш жүзінің қазандары саналады.

Қорық аумағының кіреберісінде мұражай, кеңсе, ауруақтарға арналып қаланған ескерткіш бар.