Weekend

Телефонға қарғыс немесе сезім диалогы

Түнгі қоңырау

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com


Аспан, Сен білесің бе? 
Мен де бір жүрек тауып алдым ғой. 
Көзі тұп-тұнық дәл сендей... 
Әлімжан Әлішер


Қалың ұйқыда жатқанда зарылдап қоя берген телефон үні жүрегімді шайлықтыра оятты. Түуу дыбыссыз режимге қоюды ұмытқанымды қарашы деп ойлап үлгердім. Ұйқым ашылып кетуден қорқып, кімнің қоңырау шалып жатқанына қарамай трубканы көтеріп жібердім.  

көзімді сығарайта ашқан күйі ұйқым ашылып кетуінен қауіптеніп кім екеніне қарамастан жауап бердім. 

- Ал-лоо, иә?... 

- Сәлем, Қар! Қалайсың? 

Таныс дауыс пен тек сол ғана атайтын атауды естігенде ұйқым шайдай ашылды. Құдай-ау, бұл расымен сол ма деп ойлап үлгергеніммен, дауысымнан түк сездірместен паңдана жауап бердім: 

- Шүкір жақсы, өзіңіз? 

- Жақсы. 

- Ұйықтап жатыр ма едің? 

- Негізі, иә... 

- Кешір, сенің 21-30 да ұйықтайтыныңды ұмытып кетіппін. Сөйлеспегенімізге көп болды ғой. 

- Ештеңе етпейді. Бірақ сіз қалай хабарласып тұрсыз? 

- Таң қалып тұрсың ба? Өмірде бәрі жоспармен болмайды екен. Мағира өз жолымен кетті, сүйгеніне. Оның жолы басқа екенін мен де түсіндім. 

- Қалайша? Бәрі оп-оңай-ақ па? 

- Солай болды... Есіңде ме, екеуіміздің ең алғаш қармен ойнаған сәтіміз. Сен мені ойламаған жерден шалқамнан құлатқаның есіме түссе әлі күлкім келеді. 

- Иәә... Екеуміз де не оқушы, не студент емес, қызметкер бола тұра жас балаша әбден ойнаған едік. Өрт те сол ойыннан шыққан жоқ па. Махаббат оты. Қолдарымнан ұстаған күйі жанарларымызды түйістіре ұзаақ қарап тұра беретінбіз. Мен әзілдей үнсіздікті бұзып "Неге сонша тесіле қарайсыз?" деп тиіскенге дейін тұратынбыз. 

- Сенің жас балаша ойнағаныңа қарап, білдей қызметкер екенімді де ұмытып, еріксіз саған ердім. Ойын арасында сені құшақтап алудың сәті түскенде қатты қуанатынмын. Сол кездегі алғаш сезінген иіс. Саған ғана тән иіс одан әрмен баурап әкетті...

- Сол алғашқы құшақтасу небәрі бірнеше секундқа ғана созылған шығар. Шынымды айтам, мен де сол сәтте ғажап сезімге ендім. Алып әрі жайлы құшаққа тығылған кішкене марғаудай. Әйтсе де, танысқаныма көп бола қоймаған адаммен құшақтасудың орынсыз екенін ойлап: "Жынды ма, құшақтап алғаны несі?" деп жұлқына босанып кеттім. 

- Сенің мөлдіреген көздеріңе қараған сайын көз ала алмай қалатынмын. Сен қашан "Неге тесіліп сонша қарайсыз?" деп көзіңді тайдырып әкетпесе екен деп іштей тілеп тұратынмын. Тоймай қарай бергім келетін. 

- Иәә, одан кейін де күнде жұмысқа кешігіп, қыдырып жүретін едік. Сізге ештеңе білдіріп айтпағаныммен сол кезде сезінген әр сәт жадымда жаңырулы, жүрегімде сақтаулы. Білесіз бе, тіпті сол кездерде алғаш күнделік жаза бастағанмын. Себебі ол сәттен айырылып қалғым келмесе керек. Бір күні оқытармын. Сосын... Біз түскен суреттер де... 

- Сен демалысқа шығардың алдындағы соңғы кездесуімізде, сені қимай қоштасқанмын. Сол күні жұмысқа да бармай бес сағат бойына бірге қыдырған едік. Қар үстінде өзімізше валсь билегеніміз. Сені жіберсем, мәңгі айрылып қалардай-ақ, қатты-қаттты құшырлана иіскей құшақтағаным... Ойымша сені зайыбым ретінде санап та үлгергенім... Сен қанша қарсылық білдірсең де іштей ойымыз бір екенін сезетінмін. Қар? 

Шырылдаған ащы дауыстан селт ете ояндым. Таңертеңгі уақытқа қойған будильнигім екен. Қашан ұйықтап қалғанмын, сөйлесіп жатқанда ұйықтап қалсам керек. Будильник шырылын өшіре сала бірдеңеден құр қалардай телефонды қоймастан инстаграмды ашып, бірден оның парақшасын қарадым. Көз алдымда оның той суреттері тұрды. Жұбайымен түскен. Мағира кетпепті. Осылайша бірінші рет оятқан телефоныма алғыс айтып, екінші рет оятқанына қарғыс айттым.