Weekend
АҚШ-та пошта қызметі қалай қайта мейнстримге айналды?
Расында, осыған дейін интернет дәуірі келіп, пошта қызметі құрдымға кетті деп ойлаушы едім. Бірақ Америкада ол тіптен дамып келеді екен. АҚШ-қа алғаш келгеннен бастап, өз атыма тұратын мекенжайыма мыңдаған хат келді десем өтірік болмас.
Қай жерде аты жөніңіз бен мекенжайыңызды жазып қалдырсаңыз, сол компаниядан сізге міндетті түрде қандай да бір ұсыныс келіп тұрады. Ол бренд киім дүкені не медициналық сақтандыру болсын, коммуналды қызмет төлемі не банк қызметі болсын, хаттар жаудырылады. Одан бөлек, түрлі жарнамалық хаттар жаңбырдай жауады. Поштаңызды тексеруді бір аптаға ұмытсаңыз, бітті.
Хаттардың қайта мейнстримге айналуын мен былай түсіндім. Мысалы, адамдарға ұсынысты не түрлі маңызды ақпаратты электронды пошта арқылы жіберсе, ол оны тексеруді ұмытып, не мыңдаған хаттар арасында спамға айналып, көрінбей қалу ықтималы бар. Ал адамдар хатты ашып, оқығанда арнайы уақыты мен көңілін бөледі. Сосын ол оны ұмытпай төлейді не ұсынысты қабылдайды. Мұны зерттеген арнайы университет ғалымдары бар. Әсіресе, бұл банк қызметі үшін өті тиімді болыпты әрі табысты әдіске айналыпты.
Қазақстанда минусқа кеткен Қазпошта қызметін Бағдат Мусин тірілтті ғой. Ол осы батыстағы трендтер мен шешімдерді зерттей келе, төңкеріс жасағаны анық. Қазір Қазпоштаға кірсеңіз, хат не посылкадан бөлек, түрлі қаржы төлемдері мен аударымдарын жасай аласыз. Бір сөзбен айтқанда, Қазпошта қаржы институтына айналды. Мысалы, қазір оларда коммулды қызмет пен айыппұлдарды төлеу, депозит ашып, мобильді қызметтің теңгерімін төлеу сынды ҚАРАПАЙЫМ адамның жұмысын жеңілдететін барлық сервистер бар. Тіпті, несие картасын ашып бере алады. Қазір Қазпоштаға бір жетпей жатқаны электронды сатылатын тауарларды жеткізу болып отыр. Оған шамалы ерте дер едім. Себебі қазақстандықтар e-commerce жүйесіне толық сенім артқан жоқ. Сосын бізде АҚШ-тағыдай Амазон сияқты универсалды гигант жоқ.
Америкалықтар футуристік фильмдердегідей үйден шықпай, барлығын онлайн тапсырыс беруге үйренген. Біз де қылт ете қалса, Амазоннан іздеуге үйрендік. Себебі Амазонда кез келген тауардың кәдімгі дүкендегі бағадан арзан әрі таңдау мүмкіндігі көбірек. Бұл сервистің арқасында пошта қызметі орасан зор пайда көріп отыр. Себебі олар хаттардан бөлек, онлайн сатып алынған тауарларды жеткізіп береді. Ал қарапайым халықтың Амазонға сенетіні сонша қомақты қаржыға өте маңызды дүниелерді сатып ала береді. Ал соңғы бірнеше жылдан бері Джефф Безос (Амазон басшысы) Amazon Fresh деген қызмет түрін бастады. Сол үшін де ол The Whole Foods дейтін супермаркеттер желісін сатып алған болатын. Бұл АҚШ нарығындағы Walmart, Kroger, Meijer сынды алып супермаркеттері желісін тізе бүктірмек.
Десе де, сөз басына оралайық. Мысалы, сіз Amazon Fresh арқылы өзіңізге қажет азық-түліктің барлық түсіне қалаған мөлшерді онлайн тапсырыс бере аласыз. Ал оны Амазон екі сағатта үйіңізге жеткізеді. Сіз уақыт үнемдедіңіз, ауыр жүк көтерген жоқсыз (Бірақ таза ауаға шығып, денені сергітіп қайтудан қалдыңыз. Бұл әзірге америкалықтарды алаңдатып тұрғаны шамалы). Мұның арқасында бірталай ретэйл компаниялар банкрот болып жатыр. Мысалы, соңғы екі жылда TouЯRus, Payless, Sears, Forever 21, Mattfirm сынды көп миллионды бизнестер құлады. Бұл енді басқа әңгіме. Оған бөлек пост арнаймын.