Авторлық ертегі

Екі дос (Ертегі)

Авторлық ертегі

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Баяғы өткен заманда Ерболат пен Есмырза атты екі дос болыпты. Олардың достықтарына бүкіл ел қызығып, балаларына үлгі ететін. Екеуі бір-бірінсіз іс бітірмейтін және бір-бірінсіз ас ішпейтін еді. Ерболаттың кәсібі егіншілік болса, досы Есмырза саудамен айналысатын. 

Күндер жылжып өтіп жатты. Алтындай нұрланып берекелі күз мезгілі келіп жетті, Ерболаттың егіні жайқалып пісіп, ора бастайды. Орып болған соң өздеріне азыққа, тұқымдыққа біраз бөлігін алып, қалғанын базарға сатпақ болды. Ол досы Есмырзадан көмек сұрады, досы сөзге келмей көмектеспек болып, оған мынадай ұсыныс айтты:

- Сенің бидайың таза, жоғары сұрыпты екен, бұны бірден өзім сенен сатып алып, ақшасын кейін берейін, - дейді. 

Бұған басында Ерболат көнбей, базарға өзі апарып сатпақ болады. Саудамен айналысып жүрген досы мұндай мүмкіндікті жібергісі келмей егінші досын ары айналдырады, бері айналдырады. Сонымен Ерболат базарға өзі апарып сатпақ болып, өгіз арбасына бидай салынған қаптарды тиеп, ертесіне жолға шығады. Ал досы Есмырза басқа егіншілердің бидайын арзан бағаға алып, ол да жолға шығады. Түс ауа Ерболаттың арбасы сынып жолда қалады, досы Есмырзадан көмек сұрайды. Сол кезде Есмырза:

- Егер бидайыңды маған сатқаныңда мұнша әуре болмас едің, енді не болдың – деп әжуалайды. 

Бұған еш мән берместен Ерболат арбасын жөндей бастайды, Есмырза қасынан шықпай әлі де болса бидайын сатып алмақ болады. Ол бұл жолы ауылдан да төмен баға ұсынып, өгіз арбасымен бірге сатып алатынын айтады. Бұған да Ерболат жауап берместен үнсіз арбасын жөндей береді. Ал Есмырза болса көз алдына түсетін пайданы елестетіп, егінші досын тағы да айналдыра бастайды. 

Ерболат маңдай терін қолорамалмен сүртіп: 

- Маған арбаны көтерісіп жіберші – дейді.

Бірақ Есмырза қолын сілтеп кетіп қалады. Досының соншалықты пайдақұмар, дүниеқоңыз, ешқандай мейірімі жоқ екенін сол кезде Ерболат бір-ақ түсінеді. 

Есмырза досына қолұшын берместен ат-арбасына мініп алып базарға қарай ағыза жөнелді. Базар екі күншілік жер болатын, жолда бекетке ертерек жетпек болып аттарына қамшы салады. Бірақ жолда қарақшылар кездесіп, Есмырзаның ат-арбасын алып, бүкіл заттарын тонап кетеді, өзін жалаңаяқ қалдырып кете барады. Бұл кезде Ерболат арбасын жөндеп, жолға шығады, оның да ойы бекетке барып бірақ аялдау еді. Түн қараңғылана түседі, бір кезде жолда бірнәрсе қараңдап көзге шалынады, бұл не нәрсе қараса, ары-бері безектеп жылып жүрген досы Есмырзаны көреді.

Есмырза қарақшылар кездесіп, бұны сөзге келтірмей тонап кеткенін айтады. Ерболат досына жаны ашып, үстіндегі шапанын шешіп, оған су береді. 

Сосын былай айтады:

- Ең бастысы басың аман, бауырың бүтін досым, осыған да шүкіршілік ет, қалған дүние-мүлік табылар – дейді. 

Бірақ досы Есмырза ат-арбасының қанша тұратынын, базардан ертең қанша пұл табатынын айтып, жылап жерге отыра кетеді. Бұған жұбату айтып, жанына еш жалау таппайды. Ерболат досына базарға егінін сатып, түскен пайданы теңдей қылып бөліп беретінін айтады, бұған қатты қуанған Есмырза арбадан түсе қалып, арбаны итере бастайды.

Бұлар жолда бекетке түнеп, ертесі таң атар-атпастан қайта жолға шығады, Есмырза арба үстінде жатқан қапшықтарды санап, оларды қанша пұл болатынын ,өзіне қанша бөлінетіне дейін есептеп, көңілі көтеріліп келе жатты.

Сәске түс болмай бұлар базарға келді, Есмырза екі қолын сыбанып саудаға кірісіп кетеді. Олар әкелген астықтарын сатып, енді түстеніп алып, ауылға қажетті азық-түлік, киім-кешек алмақшы болады. Базардан бір шайханадан ас ішіп, көңілдері орындарына түсіп, алаңсыз отырады. Осы кезде Есмырза базар ішінен бір танысын көріп қалып, соның артынан тұра жүгіреді. Ерболат енді тұрып шайханамен есеп айрысайын десе, қалтасында көк тиын жоқ, ақшасы Есмырзада екенін сол кезде бір-ақ есіне түседі. 

Сонымен кешке дейін досын күтеді, досы келмейді. Шайхана қожайыны ішкен тамағыңның ақысын бер, болмаса қазыға апаратынын айтады. 

Ерболат не істерін білмей: 

- Менде ешнәрсе жоқ, немді қалайсың? – дейді. 

Сол кезде шайханашы:

- Өгіз арбаңды тастап кет, өзің өгізбен ауылыңа жетерсің – дейді. 

Бұған амалсыз келіскен Ерболат арбасын тастап, өзі кері ауылға қарай жол тартады. Кешеден бері досының қылығына іші әбден күйінген Ерболат күннің қалай батқанын байқамай түнде қонған бекетке келеді. Бекетке кірсе, адамдардың көп болғанынан қонатын орын таппай, сол бекеттің үстіне шатырына кіріп жатады.  

Бір кезде қарқылдап күлген дауыстардан шошып оянады, олар өзара мәз-мейрам болып, бекетке кіріп, тамақ іше бастайды. Бекетші ата бұларды ерекше күтіп, алдарында құрдай жүгіріп кетеді. Бұлар не болса да тегін адамдар емес деп, Ерболат оларды бақылай бастайды. Бір қарақшы кешеден бері бір адамның екі рет өздеріне қалай жем болғанын, ондай олжаның бұрын кездеспегенін айтып, екінші қарақшы ол адамның қол-аяғын байлап, үңгірге тастап кеткендерін, ертең оған жаза қолданатынын айтып, өзара мақтанып айтып отырады. 

Ерболат өзінің досы туралы айтып жатқанын бірден біліп, қарақшылар ұйықтап қалған кезде сыбдырын білдірмей түсіп, қарақшылардың аттарын біртіндеп шешіп, босатып жібереді. Ол үңгірге кірсе арқан қатты қысқан Есмырза есінен танып жатыр екен, бетіне су шашып есін жиғызып, қол-аяғын босатады. Досын көрген Есмырза еңіреп жылай береді. Ерболат жан-жағына қараса, үңгірде қарақшылардың тонаған заттар мен алтынға толы екен, есін жиған Есмырза алтындарды алмақшы болады. Бірақ Ерболат алдырмай, тек өзінің ат-арбасы мен бидайын ғана алдырып, жолға шығады. 

Досының алдында үлкен айыбы мен кешірілместей кінәсі бар екенін айтып, Есмырза досынан иіліп кешірім сұрайды. Сол кезде Ерболат былай айтады: 

- Бидайымды саған сатқым келмегені, сенен пайда көру емес еді, арамызда ақша жүрсе, достығымызға сызат түсер деп ойладым. Себебі аталарымыз «Досқа ауырлығыңды салма, достан қарыз алма» деген. Маған қанша жаманшылық жасасаң да, саған еш жаманшылық тілемедім. досым. Сауда жолына түсіп қатты өзгергеніңді мен бұрын байқамаппым, осы сапарда көріп, түсіндім, адалымен сауда жасамасаң, сауда жолы өте ауыр, өзіңді адамдықтан тайдырады. Ең дұрысы жер жыртып, егін салайық, «Егін ырыс таңдамайды, еңбек таңдайды» деген Дихан бабам, адалымен еңбек етсек өз арман-мақсатымызға жетеміз, - дейді. 

Досының жүйелі сөзіне келіскен, Есмырза досымен айқара құшақтасып, оған алғысын айтады.

Бұдан кейін Ерболат пен Есмырза айрылмастай дос болып, бақытты ғұмыр кешіп, өз арман-мақсаттарына жеткен екен.

Еркебұлан Дуйсенбеков