Weekend
Алғаш рет волонтер болудағы өз тәжірибем
Студенттік кез өміріміздің ең қызықты шағы. Қалтаңда тиының болмаса да, бойыңда күш-қайратың тасып тұратын уақыт. Осы бойдағы жалынды дұрыс арнаға бұрсаң, бағытыңнан адаспайтының хақ.
Осы кезден көп абыройлы адамдармен танысып, олардың ақыл-кеңесін есту, ерте кезден мамандығың бойынша тәжірибе жинау деген үлкен мүмкіндік секілді. Сондай мүмкіндік сыйлайтын "Бастау-2019" кинофестивальі еріктілер (волонтер) тобын жинап жатырғанын естіп, менде жазылдым. Жазылғандағы негізгі мақсатым- ағылшын тілінен білімімді жетілдіру, яғни шетелдік қонақтармен сөйлесу арқылы еркін қарым-қатынас жасауға шынығу болды. Жанымдағы өзге еріктілерден ешкімді танымадым, бастапқы 2 күнде қиындықтар мен жауапкершіліктен қорқып,бас тартқым да келді. Бірақ, барлығы 180 градусқа өзгерді.
Келген қонақтармен еркін сөйлесе бастадық, волонтерлар бір-бірімен достасып, кішкентайымыздан бірге өскендей араласып кеттік. Күн сайын таңертеңнен қонақтарды кино көрсетілімдерге, түскі асқа, қаланың көрікті жерлеріне, кешкі асқа апардық. Испаниядан келген қонақ- Роберто Куэто мен Непалдық қонақ-Ашма Покхарелге қазақтың қазысынан ауыз тигіздім.
Ал армениялық Арсен Аракелян қазақтың құртының дәмін көріп, тарихынан хабар алды. Бір аптаның ішінде бір-бірімізге бауыр басып қалғанымыз сонша, қоштасар сәтте көзімізге жас алып, эмоцияға еркіндік бердік. Қазақтың қонақжайлылығына тамсанған шетелдіктерді әуежайға шығарып саларда суретке түсіп, телефон номерлерін жазып та алдық. Олар өз кезегінде алғашқы дебютымызға қолдау көрсетуге уәде беріп, әрқайсысы өз туған жерлеріне шақырды. Менің ойымша, нағыз фестиваль осылай болуы қажет, шекарасыз, жастары үлкен болсада, жан дүниелері әлі қартаймаған жандармен өткізген уақытыма ризамын. Болашаққа күш-қуат пен ақыл- кеңес жинадым.