Саясат

Алматылық жастар бір миллион теңгелік грантқа қалай ие болды - жоба жетекшісі жауап берді

Алматы қаласы бойынша ZhasProject жобасының жетекшісі Барлық Нұрсерікпен сұқбат

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Елімізде жыл сайын қоғамдық өмірге атсалысып, елдің бүгіні мен ертеңі үшін аянбай еңбек етіп жүрген азаматтар қатары артып келеді. Барлығы бір мақсатты, бір мүддені көздейді. Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 2019 жыл – жастар жылы деп жарияланды. 

Осы жылы жастарға берілген мүмкіндіктер де бірқатар. Әсірсе, алып шаһар Алматы қаласында белсенділік танытып, түрлі жобаның басын қайырып, барын салып жүргендері жақсы нәтижеге табан тіреп жүр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жеке бастама мен еркін кәсіпкерлік – экономиканы дамытудың  және еліміздің әл-ауқатын арттырудың негізгі факторы екенін атап өткен болатын. Иә, жыл сайын шағын және орта кәсіптің саны айтарлықтай өсіп келеді. «Бара-бара мың болар, тама-тама көл болар» дегендей кәсіпкерліктегі жыл сайынғы өсім, табысты нәтиженің көрсеткіші.

Бүгінде елімізде жастардың кәсіппен айналасуына мүмкіндік беретін  ZhasProject жобасы жұмыс істейді. Бұл жоба әр өңірдегі жастарға кәсібін  бастап, дөңгелетіп кетуіне үлкен мүмкіндік береді. Мысалы, осы жоба бойынша Алматы қаласында 226 жас 67 әлеуметтік жоба жасады. Осы орайда барлығының анық-қанығын білу үшін, ZhasProject жобасының Алматы қаласы бойынша жетекшісі Барлық Нұрсеріктен сұқбат алып, Алматыдағы жастар саясаты бойынша біраз әңгіме өрбіттік.

Buginnen basta: Өзіңіз туралы және жұмысыңыз жайлы айтып өтсеңіз.

Барлық Нұрсерік: Университет қабырғасынан басталған белсенді өмір, бүгінде өз нәтижесін беріп жатыр. Қазіргі таңда Zhasproject жастар корпусын дамыту жобасында жұмыс істеймін. Жоба Қазақтанның 6 өңірінде жүргізіліп жатыр. Соның ішінде Алматы қаласы бойынша осы жобаның жетекшісімін.  Zhasproject жастар корпусы – дүниежүзілік  қайта құру және даму банкі мен ҚР Білім және ғылым министрлігінің бірлескен жобасы.

Buginnen basta: ZhasProject жобасының негізгі мақсаты қандай? Бұл жобаға қабылдану үшін жастар қандай талаптарға сай болуы керек?

Барлық Нұрсерік: Жобаның мақсаты – жастарды қоғамдық өмірге тартып, қоғамдық пайдалы қызмет дағдыларына оқыту арқылы жастарды тәрбиелеу, бағыт беру. Жастардың өз кәсібін ашуға көмектесу және әлеуметтік салаға өз үлесін қосу. Бұл жобаға қатысу үшін әрбір жастың жобаны іске асыру өңірінде тұрақты мекенжайы болуы міндет. Ал оқушылардан басқа жас мөлшері  14 жастан 29 жасқа дейінгі жастар қатысып, бағын сынай алады.

Buginnen basta: Жастар бұл жобадан не алады? Қандай пайда бере алады?

Барлық Нұрсерік: Жастар бұл жобадан үлкен мүмкіндіктерге қол жеткізеді. Ойда жүрген ісін қолға алып, біздің тараптан қолдау табады. Оны қазіргі таңда белсенді жастар практика жүзінде көрсетіп жүр.

Алматы қаласында Zhasproject жобасы 2019 жылы іске асырылды. Сонымен қатар Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау, Ақмола облыстары мен Нұр-Сұлтан қаласында да өз жұмысын бастады. Жобаға 14 және 29 жас аралығындағы жастар қатысып, белсенділік танытты. Үш кезеңнен тұратын іріктеуден өткен қатысушылардың әлеуметтік жобасына 1 000 000 миллион теңге көлемінде қаржы бөлінді.

Жоба іске асырылған алты аймақта 3508 қатысушылар және 1063 әлеуметтік жобалар жасалынды. Оның ішінде Алматы қаласында 226 жас 67 әлеуметтік жоба жасады. 2019 жылы әлеуметтік жобаларды жасауға бөлінген қаржының көлемі Алматы қаласында 170 122 188 миллион теңгені құрады.

Қандай пайда бере алады дегенге көшсек, жобаның тағы бір басты мақсаты –  жобаны ұтып алған адам, сол аймақта немесе өңірде 6 ай тегін қызмет көрсетуі керек. Мысалы, сол өңірдегі әлеуметі төмен көпбалалы немесе жағдайы төмен отбасылрға, балалар үйіне,  қарттар үйіне көмек көрсетіп отыруы қажет. Тәжірбие жүзінде жоба іске асқан аймақтың жағдайы кішкене болсын жақсарағынын көрсетеді. Осы жағдайда әрбір жоба қатысушысына, егер жоғары білімі болса – 60 000 теңге, орта білімі болса – 40 000 теңге шәкіртақы төленіп отырады.

Buginnen basta: Жастар саясатында неше жыл жүрсіз? Артықшылықтары мен кемшіліктерін атап өтсеңіз. 

Барлық Нұрсерік: Жастар саясатында жүргеніме 4 жыл болды. Студенттік кезден қоғамдық өмірдің басы-қасында жүріп, біраз тәжірибе жинадым. Менің негізі ұстанымым – теорияға қарағанда практикаға ерекше көңіл бөлемін. 4 жыл мен үшін қызығы мен шыжығына толы қоғамдық бағыттағы айтарлықтай уақыт. Осы аралықта өте көп жұмыстар атқарылды және сол жұмыстар жастар ісінің ілгерлеуіне алып келді деп айта аламын.

Айта берсек, жастар саясатының артықшылықтары көп. Менің ортамда бұл айта-айта жауыр болған сөз. Әркім белгілі түрде өзінің мақсатымен келеді және қалаған нәтижесін алады. Шындығына келетін болсақ, бұл сала қоғамдық өмірде, кәсіпте немесе саясатта тұлға болып қалыптасуға өте үлкен мүмкіндік береді. Ал кемшіліктері – көп жастар коридорда, яғни шетте қалып кетіп жатыр. Білім нәріне сусындайтын ең қызық уақытта студенттер қоғамдық салада белсенділік танытамыз деп оқуы мен жұмысына үлгермей ортада қалып кетіп жатыр. Оны өз көзіммен көрдім. Сондықтан бұл салада өте абай болған дұрыс. Әрине, әркімнің өз жолы, өз таңдауы бар. Десек те, қандай салаға бет бұрсақ та кез келген адамда «Бұл жұмыс шынымен маған қажет пе?» деген сұрақ мазалауы керек деп ойлаймын.

Buginnen basta: Алматы жастарының қазіргі беталысы қандай? Соңғы бес жылда жастар саясатында қандай өзгерістер орын алды? 

Барлық Нұрсерік: Алып шаһар Алматы еліміздің ірі мегаполисінің бірі болғандықтан, жастардың басын қосатын ыстық орта. Сондықтан бұл қаланың жастары әрқашан алда және таланты мен дарыны ұштасқан білімді азаматтардың мекені. Алматы көзінде оты, жүрегінде сенімі бар 800 мыңға жуық жастар қалашығы. Осыдан-ақ олардың беталысының қандай екенін байқауға болады. Соңғы бес жылда жастар саясатында өте үлкен өзгерістер орын алды. ҚР ақпарат және қоғамдық даму министрлігінде «Жастар және отбасы істері» комитеті ашылғанын баршамызға мәлім. Бұл тек бастамасы, қазіргі таңда билік органдарында кәсіп саласында немесе қоғамдық қозғалыстарда жастар өте көп. Елбасымыз 2019 жылды – «Жастар жылы» деп жариялады. Ал сол жастар жылының Алматы қаласынан бастау алуы бекер емес.   

Buginnen basta: Жастар жылы аясында ZhasProject жобасы қандай іс-шаралар өткізді? Нәтижесі қандай? 

Барлық Нұрсерік: 2019 жылы республика бойынша 14-29 жас аралығындағы 3058 адам жобаға қатысып, 6 өңірден 1063 проект  1  000 000 теңге көлемінде грант ұтып алды. Соның ішінде Алматы қаласы бойынша  226 жас 67 әлеуметтік жоба жасады. Бұл жастар жылындағы ең ауқымды  жобалардың бірі. Нәтижесі де жаман емес. Себебі Алматы қаласында 226 жас кәсіпкерге серпін беріліп, 67 жаңа жұмыс орны ашылды. Осы 67 жоба 6 ай бойы өз өңіріндегі әлеуметі төмен жандарға тегін қол ұшын созды.

Buginnen basta: Жастар өздеріне артылған жауапкершілікті сезіне ме? Президент тапсырмасы жастар арасында қаншалықты насихатталып жатыр? Бағдарлама жастардың ойының, әрекетінің өзгеруіне септігін тигізіп жатыр ма? 

Барлық Нұрсерік: Біз проектіні 6 ай бойы қадағалап отырдық. Яғни, жоба қатысушылары ай сайын айлық есеп тапсырып отыру керек. Одан бөлек есептік және программалықпен қатар ақтық есеп тапсыру керек. Сонымен қатар біз жобаны іске асырып жатқан орында болып, бақылап отырдық. Әрине, бес саусақ бірдей емес, бірақ көпшілігінде жобаға деген жауапкершілік және қолдау сезілді.  Жобаны іске асыру үшін әр жобаға тәлімегер (ментор) бекітілген. Жобаны алған жастар бұрын кәсіп ашып көрмегендіктен, білмеген дүниелері мен сұрақтары болса, сол тәлімгерден сұрай алады. Бұл жобадан кейін жастардың ойы мен әрекеті, алға қойған мақсаттары өзгеріс тапқан.

Buginnen basta: Осы жылы ұйымдастырған көлемді іс-шараларды атап өтсеңіз? Жобаның қай бағытына басымдық бердіңіздер? 

Барлық Нұрсерік: Алматы қаласында 25 білім саласы бойынша, 15 әртүрлі, 11 мәдениет, 7 салауатты өмір салты, 5 отбасылық құндылықтар, 4 экология және аббатандыру, 3 волонтерлік бастама, 1 туризм саласы бойынша жобалар іске асты. 

Buginnen basta: Қазіргі жастардың белсенділігі қандай? Қоғамға қаншалықты пайдасын тигізіп жатыр? 

Барлық Нұрсерік: Менің ойымша, Z буыны басқа буынға қарағанда өте белсенді. Көп гаджеттерді де пайдаланбай өскендіктен бе, жасасам, істесем деп тұрады. Біздің алдымыздағы, бізден кейінгі буынның белсенділігі төмен екені байқалады. Әрине, бәрінің өз себебі бар. Сол себепті, қоғамға өте үлкен пайда әкеліп жатыр деп ойлаймын. Ал оны қазіргі дамыған заманнан аңғаруға болады.  

Buginnen basta: Алматыда қанша жас кәсіппен айналысады?

Барлық Нұрсерік: Кәсіппен айналысу деген – кемінде 3 жыл сол саланың ыстығы мен суығына күйген адам. Дегенмен кәсібін бүгін бастап, ертеңгі күні аяқсыз қалдырып, тастап кетіп жатқан  жастардың қатары көп. Сондықтан, Алматыда неше жас кәсіппен айналсып жүргенін айту қиын. Біреулері заңды түрде өздерін тіркеп алып, айнлалыспай жүрсе, енді бірі өздерін тіркемей жұмысын бастап кеткен. Сондықтан бұл сұрақты құзыретті органдарға қойған дұрыс.

Buginnen basta: Жас кәсіпкерлерді қолдау мақсатында қандай ұсыныстарыңыз бар? 

Барлық Нұрсерік: Жастар еліміздің болашағы. Егер статистикаға сүйенсек, еліміздің 26 пайызын жастар құрайды. Бұл 14-29 жас аралығында   4,4 млн  жастың бар екендігін көрсетеді. Бұл өте үлкен мүмкіндік. Дамыған елдердің экономикасының 60 пайызын шағын және орта бизнес құрайды. Егер біз дамыған 30 елдің қатарына кіреміз десек осы саланы тезірек жетілдіруміз керек.

Ал енді жас кәсіпкерлерді қолдау мақсатына келсек, менің ойымша мектеп, колледж, университет қабырғасынан оқушылар мен студенттерді кәсіпке баулуды бастаған жөн. Теориялық тұрғыда көп көңіл бере бермей, практика жүзіне көшу керек. Елімізде кәсіпкерлер көп. Бірақ, сол кәсіпкерлерді тәлімгер, яғни ментор ретінде пайдалана білу керек. Әрине, қазіргі уақытта жас кәсіпкерлерге берілген мүмкіндік көп. Оның бір кепілі ҚР президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасымен  2020 жылдан бастап жас кәсіпкерлерді салықтан босату туралы заңға қол қойғаны. Тек олар сол мүмкіндікті дұрыс пайдаланып, таза еңбек етіп, маңдай терін төксе жетіп жатыр.

Buginnen basta: Алматы жастарының ертеңінен қандай үміт күтесіз?

Барлық Нұрсерік: Алматы қаласы жастарының біреуі менмін. Сондықтан ертең өзімнен қандай үміт күтсем, замандастарымнан да сондай үміт күтемін.

Buginnen bastа: Барлық мырза, тағылымды сұқбатыңызға көп рақмет!