Саясат
«Қытайшылдардың суретін жыртамыз»
8 желтоқсан АҚШ-тың Нью Йорк қаласындағы БҰҰ ғимараты алдында өздерін «Еркін қазақтар» («Free kazakhs») саяси қозғалысы деп атайтын бір топ наразылар басқа ұйымдармен бәрге Адам құқықтары күніне орай «Қытай экспансиясына қарсы» митинг өткізді.
АҚШ-та жүрген белгілі видеограф Қанат Бисекеев жариялаған жазбаға қарағанда, қарсылық акцияға ұйғыр, қазақ, монғол, тибет халқының өкілдері мен гонконгтықтар қатысқан. Танымал режиссер телеграм парағындағы жазбасында Шыңжаңдағы түркі тілдес азшылық ұлттарға жасалып жатқан қысымдарды айтқан. Оның сөзінше, «қайта тәрбиелеу» орталықтарындағы тұтқындардың тағдыры «әлеуметтік несие» жүйесі бойынша жиған балына қатысты.
Бисекеев «демонстрация туралы хабарды естіген кезінде өзі куә болғандай ауқымды боларын білмегенін» әрі «бейбіт марштан әлдеқандай еркіндік пен демократияның рухын сезгенін» таңданыспен жазған.
Нью Йорк орталығындағы «Қытай экспансиясына қарсы» наразылыққа қатысушы «Еркін қазақтар» бейресми саяси қозғалысының мүшелері. Фото: Қанат Бисекеевтің instagram желісіндегі парағынан
Сондай-ақ ол шерушілердің қасында тәртіп сақшыларының қауіпсіздікті сақтау мақсатында еріп жүргенін жеткізеді.
«Шеру ұйымдастырушы, 27 жастағы ұйғыр этносты Салиханың сөзінше, оның жүзден астам туысы «қайта тәрбиелеу» лагерінде қамауда отырған көрінеді. Оған кешегідей жиынға қатысу – жақындарына жасалып жатқан қиянатқа қарсы күрестің бірі», – дейді жазбаның соңғы бөлімінде.
Қанат Бисекеевтің телеграм парағындағы жазба. Фото: телеграм желісінен скриншот қиынды
YouTube желісінде жарияланған шерудің толық эфирінде ұйымдастырушылар Адам құқықтары күніне орай өткен маршта Қытай провинцияларына жататын және оған көрші орналасқан елдерден (Шығыс Түркістан, Вьетнам, Қазақстан, Оңтүстік Моңғолия және Гонконг) 6 ұйым өкілдері қатысқанын айтады.
«Шығыс Түркістанға бостандық», «Шығыс Түркістан Шыңжаң емес» деген лозунг жазылған баннер ұстап бара жатқан ұйғыр азаматтары. Фото: Қанат Бисекеевтің телеграм парағынан
Хостингке жүктелген бейнежазбадан жүздеген адам жиналған жиында сөз алған қазақ азаматы экс-президент Назарбаевтың билігін сынап, оның фотопортретін жыртып тастағанын көруге болады. Сонымен қоса өзге де спикерлер ҚХР төрағасы Си Цзиньпин мен Қытай лидерлерінің суреттерін көпшілік көзінше жыртып тастайды.
«ҰҚК-нің Қытайдағы қысымнан қашып келген этникалық қазақтар – Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлын кері қайтару» туралы мәлімдемесіне қатысты демонстранттар оларды депортацияламауды талап етіп, екеуінің портретін ұстап шыққан. «Қытайға жіберсе, оларды тек өлім күтіп тұр. Біз бұған жол бермейміз» дейді наразылардың бірі эфирде. Әлеуметтік желілерде тараған видеода модератор-белсенді Қастер мен Мұрагер Қытайға қайтарылған жағдайда АҚШ қазақтары Нью Йорктағы БҰҰ штаб пәтерінің және ондағы Қазақстан елшілігінің ғимаратының алдында үздіксіз митинг өткізетінін жеткізді.
Интернеттегі ашық дереккөздер бойынша, Америкадағы «Еркін қазақтар» ұйымы биыл бірнеше рет «Қазақстандағы авторитаризм мен сайлауға қарсы» наразылықтар өткізген.
Ереуілшілер Мұрагер мен Қастерді Қытайға қайтармауды талап етті. Фото: ашық дереккөз
Қазанның 4-і Қазақстанның сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді «Шыңжаңдағы лагерьлерде қазір қазақтар жоқ» десе, 4 желтоқсан президент Тоқаев Германияға жұмыс сапары қарсаңында Deutsche Welle телеарнасына берген сұқбатында халықаралық ұйымдар ұсынып жатқан көптеген ақпарат шындыққа жанаспайтынын айтып, «Шыңжаңдағы қайта тәрбиелеу орталығында бірді-екілі ғана қазақ отырған болар» деген. Алайда тек Қазақстанның өзінде қоғамдық құқық қорғаушы ұйымдардың өзіне мыңнан аса арыз-өтінімдер келіп түскен.
Ал 5 желтоқсан ҰҚК төрағасының орынбасары, Шекара қызметінің директоры Дархан Ділманов «сот ісі аяқталғаннан кейін шекараны заңсыз кесіп өткен екі этникалық қазақ Қытайға қайтарылатынын» айтқан еді.
14 қазанда Алматыдағы адам құқығын қорғау бюросында өткен баспасөз мәслихатында Қастер Мұсаханұлы Шыңжаңдағы «саяси лагерьде қамауда болғанын», Мұрагер Әлімұлы Қытайда «қысым көргенін» мәлімдеген. Осыдан кейін ҰҚК екеуін «шекараны заңсыз кесіп өтті» деген айыппен ұстап, ертеңінде Шығыс Қазақстан облысына алып кеткенін естеріңізге саламыз. ҰҚК-нің әдеттен тыс ресми мәлімдемесіне қарсы қоғам белсенділері мен әртүрлі ұйымдар өз пікірлерін білдірген.