Саясат
«Кезінде адам құқықтары әлемді біріктіруші күшке айналып еді. Соған қалай жетеміз?»
Қазақстандағы АҚШ елшісі Уильям Мозер отандық басылымдардың біріне адам құқықтарын қорғаудағы әр азаматтың күрескерлік рөлінің мәні туралы ой толғап, мақала жариялапты. Аталған америкалық елшіліктің сұрауымен ресми уәкілдің Адам құқықтары күніне орай жариялаған көлемді пікірнамасын назарларыңызға ұсынамыз.
«Бүгінгі қым-қиғаш әлемде халықтардың бәрі бірдей келісетін, түрлі мәдениетті ажырамас бөлігі деп қабылдайтын тақырып қалмады деу – айтуға жеңіл болғанымен, жаңсақ пікір. Алайда 10 желтоқсан – Халықаралық адам құқықтары күні, бұл сонау жылдар бұрын адамзат құқық қадіріне қалай қол жеткізгенін есімізге салады. 1948 жылдың 10 желтоқсанында Біріккен Ұлттар Ұйымы бірауыздан барлық адамға бірдей берілген құқықтар жүйесі – Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясын (әрі қарай АҚЖБД – ред.) қабылдады. Мысалы, азапталмау және қадір-қасиетін қорлайтындай адамшылыққа жат, қатыгездік жолмен жәбірленбеу немесе жазаланбау құқығы. Немесе дін мен наным-сенім бостандығына ие болу құқығы. Сөз бостандығы, бейбіт жиналыстар және ассоциацияларды құру бостандығы құқығы. Кәсіподақ құру және өз мүдделерін қорғау үшін кәсіподаққа кіру құқығы. Қай елдің азаматы болмасын, әрбір адам АҚЖБД-ға жүгініп, бұл құқықтарды өзіне тумысынан берілген құқық ретінде талап ете алады.
АҚЖБД-ның атауындағы «жалпыға бірдей» деген сөз әдейі таңдалып алынған, себебі ол аталған құжаттың бүкіл әлемдегі құқықтық дәстүрлердің тоғысуынан туған консенсустың жемісі екенін көрсетеді. Біз Америка Құрама Штаттарының өкілі Элеонора Рузвельттің АҚЖБД-ның редакциялық комиссиясын басқара отырып,оған әрбір адамға «Жаратушы ажырамас құқықтар берді» деген пунктін қосқанын мақтан тұтамыз. Декларацияның редакторлары – түрлі ұлттық, этникалық және мәдени орта өкілдері мен сан алуан зияткерлік дәстүрлерді ұстанатын адамдар. Мысалы, франциялық еврей Рене Кассен – АҚЖБД-ға қосқан үлесі үшін кейіннен Нобель сыйлығына ие болған. Шарль Малик болса, 1930 жылдары нацистік режимнен қашқан ливандық маронит христиан болған. Қытай өкілі Чжан Пэнчунь комиссияға елеулі конфуцийлік ықпал қосты.
АҚЖБД өз азаматтары құқығының қамын ойламайтын үкіметтер өздерінің делқұлы мүдделеріне жету үшін әлемді зұлмат қақтығысқа батырудан тартынбайтынын көрсеткен екінші дүниежүзілік соғыстың қасіретінен туды. БҰҰ-ның негізін қалаушылар адам құқығын құрметтеу арқылы ғана әлемде бейбітшілік орнайтынын түсініп, әрбір ұлт қолданысқа енгізе алатын ортақ құрылым – адам жеке басының абыройы басым екенін мойындайтын құқықтық жүйесін жасап шығуға бел буды.
Өкінішке орай, қазіргі күні көпшілікке мәлім АҚЖБД-да бекітілген адам құқықтары мен негізгі бостандықтарды әлемнің барлық елінде сақтала бермейді. Бүгінде адам құқықтарын бұзып жатқан елдердің кейбірі АҚЖБД-ға алғашқы боп қол қойып, сол құқықтарды сақтаймыз деп міндеттеме алғандар қатарынан еді.
2017 жылдың сәуірінен бері Қытай үкіметі бір миллионнан астам ұйғыр мен басқа мұсылман азшылығын Шыңжан аймағындағы лагерлерге қамады. Лагерлердегі күштеп еңбекке жегу, азаптау және басқа да адамшылыққа жатпайтын ауыр әрекеттер туралы деректерді Қытай билігі жоққа шығарып, аталған мекемелерді оқыту орталықтары деуден танбай келеді. Лагерден тыс түркі тілдес халықтар үздіксіз қатаң бақылау жүйесінің кесірінен жеке таңдау және бостандық хақсынын айырылып, аспан асты абақтысында өмір сүруге мәжбүр.
Иран режимінің сайланбаған Жоғарғы басшысы аймақтағы хаосты қолдау арқылы аймақтағы халықтың өмір жағдайын жақсартудан жоғары қойып отыр. Жалақысын талап еткені үшін жазықты атанған жүк көлігін жүргізушілер мен мектеп мұғалімдері қазір зор қысымға ұшырауда. Кейбір баяндамаларға қарағанда, олар түрмеге қамалып, азапталып жатқан көрінеді. Режимнің жылдар бойғы әйелдер қауымын кемсіту саясатынан бас тартатын сыңайы байқалмайды, қоғамда хиджаб кимегендіктен әйелдер 23 жылға дейін сотталуда.
Ресейлік адам құқықтарын қорғау ұйымы «Мемориалдың» ақпаратына сәйкес, федерация аумағында 315 саяси тұтқын бар, оның 195-і былтыр ұсталған, ал 200-і дін немесе наным-сенім бостандығын қолданғаны үшін айыпталған. Үкімет күн санап сөз және интернет бостандығын шектеуге тырысуда, ал азаматтық қоғам мен тәуелсіз БАҚ-қа үнемі қысым көрсетіп, жалған жала жауып, қоқан-лоқы мен қысым көрсетіп келеді. Шешен республикасында да азаптау, адамдардың еріксіз жоғалуы, «қанға қан» түсінігінде есеп айырысудың көбеюі тәрізді жазасыз қалған қылмыстар жиі айтылады.
1948 жылы АҚЖБД қабылданғаннан бері адам бостандығы жолындағы біз куә болған жетістіктерге қарағанда, аталған елдердегі кертартпалық қайран қалдырады. Мысалы, 1970 жылы Оңтүстік Африкадағы апартеидке қарсы күрес пен 1980-1990 жылдары орнаған бейбітшілік пен татулық кезеңі. Польша жұмыскерлерінің үкіметтен ешбір қуғындаусыз ашық пікір білдіруді талап еткен ынтымақтастық қозғалысын айтуға болады. Тумысынан берілген табиғи хақын қорғауда ештеңеден тайсалмаған күрескерлер туралы мысалдар жеткілікті.
Оған Гватемаладағы бір топ әйелдің сексуалдық құлдыққа тап болуын сотта ашық мәлімдеуін еске алуға болады. Сондай-ақ Пәкістанда мектепке барғанына бола Талибан оғына іліге жаздап, соғыс ошағынан қашып шыққан Малала Юсафзай алған жарасы мен тоқтаусыз қуғынға қарамастан, теңдіктің табанды үлгісіне айналды.
АҚЖБД-ның авторлар кеңесі жалпыға бірдей құқықтардың мақсаты ортақ екенін түсінді. Олар әрқандай елдің бір-бірінің алдында міндеттері бар екенін түсінді, ол – әркімге берілген адами абырой мен оның құқықтарын қорғау міндеті. Бұл міндет үкіметтердің ғана мойнында емес. Адам құқықтарын оны қорғауда әрқайсымыздың алар орнымыз барын ұмытпаған абзал.
Біз оған қалай жете аламыз? Құқықтық білімімізді тереңдетіп, АҚЖБД кепіл болған базалық хақымыз бен бүгінгі таңдағы адам құқықтарын бұзу жағдайынан хабардар болумен ғана. Құқық бұзушылыққа бірлесе қарсы тұрып, жауапкершілікке шақыру, сондай-ақ адам құқығын жаншып жатқан елдерді жіті назарда ұстап, ортақ келісімге бағынуын талап ету арқылы. Біз билікті басқа елдегі адам құқықтары бұзылғаны жөнінде ашық айтуға шақыра аламыз. Әрбір елден АҚЖБД қағидаларын ұстануды талап етуіміз керек.
Мен сіздерге АҚШ пен оның халқы әрқашан адам құқықтарын құрметтеу қағидасына берік екенін сеніммен айта аламын. Біз адам құқықтарын қорғауда алдыңғы қатардамыз, әрбір америкалықтың күнделікті өмірінде құқығы қалай қорғалса, әлемнің әр азаматы өз құқығын дәл солай қолдана алуы үшін күресіп келеміз.
Әрі-беріден соң, 1948 жылы ұлттар қауымдастығы мәлімдегендей, бұл бостандықтар – әр адамға ортақ, тумысынан берілген құқық».