Саясат
Алматыдағы "Demeu" білім беру орталығының негізін қалаушы Әсет Қалдыбаймен сұқбат
Қазіргі таңда көпбалалы және жағдайы төмен отбасыларға мемлекет тарапынан түрлі жеңілдіктер жасалып, арнайы жәрдемақылар тағайындалып жатыр. Бұл жағдайда жастар ұйымдары, арнайы орталықтар қол қусырып, әрекетсіз отырған жоқ. Керісінше қайырымдылық жасаумен жарысып жүргендердің қарасы көп. Осындай орталықтың бірі «Demeu» білім беру орталығы. Атына заты сай орталық әлеуметтік жағдайы төмен және көпбалалы отбасынан шыққан оқушылар мен студенттердің қосымша тегін білім алуына мүмкіндік беріп, демеп жүр. Осыдан үш ай бұрын ашылған орталықтың қазіргі таңда нәтижесі жақсы. «Demeu» білім беру орталығы ZhasProject жобасының қолдауымен өз жұмысын бастаған болатын. Осы орайда «Demeu» білім беру орталығының негізін қалаушы, Алматы қаласының қоғам белсендісі Әсет Қалдыбаймен шағын сұқбат жүргізген болатынбыз. Ол орталықтың атқарып жатқан жұмысы туралы толық тарқатып айтып берді.
Әсет Қалдыбайдың айтуынша, орталықты ашу студенттік кезеңнен ойында жүрген. Университет қабырғасынан белсенділік танытып жүрген азамат оқуын бітірсе де қоғамдық жұмыстарда шетте қалған емес. Бірінші курсында әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетіндегі «Сұңқар» студенттер мен магистранттар кәсіподағының мүшелігіне өтіп, студенттік шағын қызықты әрі пайдалы дүниеге арнаған. Алғашқы күннен бастап ол ұйымның мақсаты мен бағытының жүрегіне жақын болғанын айтады. «Demeu» білім беру орталығының құрылуына да осы ұйымнан жинақтаған тәжірибесі негіз болған. Аталмыш кәсіподақ ерікті, дербес, тәуелсіз, бекітілген және жеке мүшелігі бар үкіметтік емес қоғамдық бірлестіктің бірі. Мақсаты әлеуметтік жағдайы төмен, көпбалалы отбасынынан шыққан студенттерге материалдық көмек көрсету. Сонымен қатар барша студент 4 жыл бойы тек білім жағынан ғана ой-өрісін дамытып қоймай, қоғамдық өмірге белсене араласа алады. «Demeu» білім беру орталығының бағыты да «Сұңқар» студенттер мен магистранттар кәсіподағының мақсатын көздейді. Бұл орталық материалдық жағдайы төмен және көпбалалы отбасылардан шыққан оқушылар мен студенттердің білімін жетілдіруіне мүмкіндік беріп жүр.
«Демеу білім беру орталығы Алматы қаласы Бостандықа ауданында орналысқан. Біздің орталықта студенттер үшін механика, математика, математикалық анализ пәндерінен қосымша сабақтар өтеді. Қазір тек ҚазҰУ студенттері үшін өтіп жатыр. Болашақта АУЭС студенттерін де қосу ойда бар. Бұл жобаны бастау үшін 40 күн уақыт жұмсадық», - дейді орталықтың негізін қалаушы.
Оның айтуынша, орталық ZhasProject жобасының тікелей қолдауымен ашылған.
«2017-2020 жылдар аралығына жоспарланған ZhasProject жобасы кәсібімнің ашылуына септігін тигізді. Жастар жылы аясында жоба жас кәсіпкерлерге керемет мүмкіндік сыйлады. Жастар корпусын дамыту жобасы– жастарға арналған бірегей бағдарлама. Оның айналасында жастарға өз кәсібін және көшбасшылық дағдыларын арттыруға, сонымен қатар жергілікті халыққа пайда әкелетін өз әлеуметтік жобасын іске асыруға мүмкіндік ұсынылады. Жобаның шеңберінде 14-тен 29 жасқа дейінгі жастарға әлеуметтік жобаларын іске асыру үшін 1 миллион теңгеге дейін гранттар беріледі. Сонымен бірге өмірлік маңызы бар дағдыларға оқыту жүргізіледі. Осылайша, мен де 1 миллион теңгелік грантты ұтып алып, өз жұмысымды бастап кеттім.»
«Demeu» білім беру орталығының директорының айтуынша, бірнеше ай ішінде жоба жақсы нәтижеге жетіп отыр.
«Орталығымыздың қазіргі беталасы жаман емес. Үш ай ішінде жақсы көрсеткішке жеттік. Студенттердің барлығы алғысын білдіріп жатады. Аралық бақылауларын ойдағыдай тапсырып, жақсы нәтиже көрсетіп жүр. Енді «Demeu» білім беру орталығының студенттеріне жақында алғашқы емтихан болады. Барлығы емтихандарына қызу дайындалып жатыр. Бұл орталықтың ашылуына себеп бірінші нәрсе: ҚазҰУ-ға көп студенттер түсіп жатады. Әркімнің білімі әртүрлі. Бірінде мектеп базасы ғана, оны қосымша дамытайын десе мұғалімдердің уақыты болмайды. ҚазҰУ дың ішінде қосымша сабақтар өту үшін орын жоқ. Біз де студенттік кезімізде қосымша сабақтар өтетін жер таба алмаған болатынбыз. Соны көріп, оқу бітіргеннен кейін осы жобадан бастадым. Орталықта қазір 70-ке жуық студент білім алады. Олардың барлығы топпен оқиды. Біздің мұғалімдеріміз өте білікті, білімді мамандар. НИШ және физика-математика факультетінің түлектері.»
Оның айтуынша, орталықта білім алу үшін айтарлықтай талаптар жоқ. Тек уақытында келіп, айтылған тапсырмаларды орындап тұрса болды.
Алматы жастар қаласы болғандықтан, осындай жобалардың болғаны қуантады. Болашаққа сеніммен қарайтын, өзімен қатар көпшілікке пайдасын тигізіп жүрер азаматтар көп болса дейміз.