Weekend

«Басы артық» балалар

Ғабит Мүсіреп

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Қазақстан өзінің болашағын басқаға сыйлай бастады. Сыйлағаны сол - елдің ертеңін, яғни, бүлдіршіндерді шетелге аттандырып жатыр. Елімізде бүгінде 92 мың бала жетім немесе жартылай жетім ретінде балалар үйінде тәрбиеленеді екен. Олардың әрқайсысына жыл сайын қазынадан бөлінетін қаржыны ауырсындық па, әйтеуір "басы артық" балалардың шет елге аттандырылуы әлі де жалғастырылуда. Бір ғана Америка Құрама Штаттарында 900-ден астам қазақстандық бүлдіршін жіберілген екен. 

Торыққан тоғыз жүз тағдыр. Үлде мен бүлдеге оранғанмен, бала өсе келе төл жұртын тереңірек танып-білуге ұмтылады. Шетке кеткен қазақтың бүлдіршіні едендегі төсеніш үстінде аунап-қунағанды ұнататынын естігенде, адам түпкі тегіне тартпай тұрмайтындығын пайымдадық. Ал біз оларды туған тамырынан үзіп, басқалардың бау-бақшасына апарып отырғызғымыз келеді...

Бір қызығы, АҚШ-та өгей баланы өз қамқорлығына алған отбасы салық төлеуден босатылатынға ұқсайды. Қазақтың бүлдіршіндері сөйтіп, біреудің өмірін жеңілдетуге, тұрмысын жақсартуға септігін тигізеді. Балалар үйінен сәби асырап алған отбасыларға жеңілдік беру жағын біздің Үкіметіміз де қарастырса ғой. Бұл Мемлекет басшысы көтерген еліміздің демографиялық жағынан өсуіне үлкен ықпал ететін тетік болар еді. Ал бүгінде мемлекетімізге қазына қаржысын шығындағаннан гөрі бүлдіршіндерді шетке жіберу әлдеқайда тиімді болып отырғандай. Осындайда құлдыққа сатылған Бейбарыс бабамыз еске түседі.Мәңгілік Мысырдың әміршісі өзге жұртта сұлтан болғанша, өз жұртында ұлтан болуды өмірінің ақырына дейін аңсап өткен тұлға. Бағзыдан жеткен аңыз осылай сыр шертеді. Ал аңыздың түпкі тамыры-ақиқат. Ендеше, ертеңгі күннің Бейбарыстан туған жерінен безіндіріп жібергендегі үлкен күнәні кім өз мойнына жүктемек? 

Балаларды қорғау және шетелдік баланы асырап алуға қатысты ынтымақтастық туралы Конвенцияға Қазақстан 1993 жылы 29 мамырда қосылған. Алайда конвенцияға қол қойған кезде кез келген мемлекет, ең алдымен, баланың толықтай дамуы үшін оның отбасында, махаббат пен мейірімге толы ортада өсуі керектігін мойындайды. Бұл,біріншіден. Екіншіден, әрбір мемлекет бала тікелей өзінің отбасында тәрбиеленуі үшін соған тиесілі шараларды қамтамасыз етуді басым міндеттердің бірі деп санауы тиіс. Үшіншіден, конвенцияға сәйкес, балалардың жағдайын жасауға мүмкіндігі жоқ болғанда ғана мемлекет оларды шетелдердің асырауына беруіне болады.

Рас, тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінде мемлекеттің әлеуметтік салаға назар аударуға мүмкіндігі болған жоқ. Еліміз етек-жеңін жинаған ендігі кезеңде өзі мойындаған конвенцияны, балаларға жағдай жасау жөніндегі басым міндетті орындауы тиіс емес пе? Тойынған заманда төл ұрпағын қаңғыртып жіберген қазақ сынды халық дүниеде сирек кездесетініне сенімім кәміл. Осы олқылықтың орнын толтыратын уақыт әлдеқашан жетті. Олай болса, тәуелсіздіктің елең-алаңы тұсында Қазақстан қосылған конвенцияларды қайта қарайтын уақыт келді. Оның ішінде балаларды шетелдіктерге асырап алуға рұқсат беретін конвенция да бар.Бұл келісімді қайта қарауға халық мүддесін қорғаймыз дегенді жиі айтатын Парламент депутаттарының тәуекелі жете қояр ма екен?..